Бөлшек салық мөлшерлемесі 2 пайызға төмендетілді

Облыс кәсіпкерлері бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуді сұрады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында осы мәселе бойынша кездесу өтіп, аталмыш ұсыныс мәслихатқа жолданды.

Көп ұзамай облыс аумағындағы қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының ықпалымен кәсіпкерлердің мәселесі қанағаттандырылды. Енді Түркістан облысындағы кәсіпкерлер арнайы салық режимін 2 пайыз жеңілдікпен төлей алады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасай отырып, бюджетке түсімдерді арттыруды тапсырған болатын. Әрине, кез келген өңір кәсіпкерлерінің көтерген мәселесін жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, оңтайлы шешу жолдарын қарастыру басты мақсатымыз. Салықтық жеңілдік жасау кәсіпкерлердің өз ісін одан ары дамытуы үшін тиімді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Облыс орталығындағы «Rizo burger» жылдам тамақтану орталығының иесі Дастан Мәмішев 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, салық мөлшерлемесін төмендету кәсіпкерлер ғана емес, тұтынушылар үшін де тиімді. Соның арқасында тағамдардың бағасын тиісті деңгейде ұстап отыруға болады. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз