Ауыл азаматын еске алды

Төлеби ауданы, Алғабас ауылындағы жалпы орта мектепке былтыр, қайраткер тұлға Сәдуақас Темірбековтің есімі берілген болатын. Айта кетейік, Сәдуақас Темірбеков – көзі тірісінде өзінің туып-өскен өлкесінің өсіп-өркендеуіне шапағатын тигізіп, ондағы білімге  құштар жастардың жоғары оқу орындарына түсуіне көмектескен азамат. Ауыл тұрғындары оның осы бір жақсылығын әлі күнге ауыздарынан тастамай, өзгелерге үлгі етіп айтып отырады. 

Биыл Сәдуақас Темірбековтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай аталмыш білім ұясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі ретінде бастауыш сынып оқушылары арасында өткен кешті айтуға болады. Онда оқушылар ауыл тұрғындары мақтан тұтқан азаматтың өнегелі өмірімен және оның жоғары оқу орнының студенттеріне арналған оқу құралдарымен танысты. Содан кейін көпшілік назарына «Мен оқыған бір ертегі» жобасы аясында өздері оқыған «Жақсылық пен жамандық» ертегісінің желісі бойынша дайындаған қойылым мен концерттік бағдарламаны ұсынды. 

Пәкизат ЕСАЛИЕВА, 
С.Темірбеков атындағы жалпы орта мектептің 
бастауыш сынып мұғалімі.
Пікір қалдырыңыз