Соқыр үміттің жетегіндегі БРАЗИЛИЯ...
Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бұл елдің астанасы тақыр жерге салынған әлемдегі ең үлкен астана болып саналады. Бас-аяғы 4 жылдың ішінде 60 000-нан астам адам Бразилиа деп аталатын алып астананың құрылысын аяқтайды. Әлемдегі ең үлкен электростансалар да осы елде салынған. Ит тұмсығы батпайтын тропикалық ормандардың арасынан ұзындығы 4000 шақырымды құрайтын автожол салуды бастаған да осы ел. Қазір Бразилия тарихындағы ең қымбат бұл жобаның үштен бірі ғана аяқталды. Шикізат қоры көлемі бойынша әлемде алдыңғы қатардан орын алатын Бразилия халқы әйтсе де кедей тұрады. Неге? Жер көлемі жағынан да, халық саны жағынан да әлем көшбасшыларының қатарынан табылатын Бразилия мемлекетінің экономикасы неліктен кері кетті? Бразилия қалай «әлемдегі ең алғаш», «әлемдегі ең алып» деген статусқа ие болатын жобаларды бастап алып, соңын аяқсыз қалдыратын мемлекетке айналды? Қашанғы бұл елдің болашаққа деп бастаған жобалары сәтсіз аяқталып, Бразилия көшелеріндегі карнавал кейінге қалдырыла бермек? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.
Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай... Әртүрлі құрлықта орын тепкен бұл елдерді не біріктіреді дейсіз ғой? 2001 жылы британиялық экономист Джим О Нилл осы төрт елді өзгелерден бөліп қарастыруды ұсынды. Себебі, бұл төрт мемлекеттің территориясы жер планетасындағы құрлықтың төрттен бірін алып жатыр. Оның үстіне әлем халқының 40 пайыздан астамы осы төрт елде тұрады. Джим О Нилл бұл елдерді БРИК елдері деп атауды ұсынды. Британиялық экономист алдағы 10 жылда осы төрт ел өзгелерге қарағанда әлдеқайда байи түседі деп болжаған екен.
Алайда, О Ниллдің болжамының жартысы ғана дәл келді. Расымен де Қытай экономикасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды. Айналдырған 20 жылдың ішінде шығыстағы көршіміздің экономикалық ахуалы 5 есе жақсарды. Үндістан да қарқынға қарқын қосып келеді. Олардың экономикасы 20 жылда 3 есе өсті. Джим О Ниллдің болжамы Ресей мен Бразилияға келгенде ғана қиыс кетті. Солтүстік көршілеріміздегі ЖІӨ көлемі осыдан 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда 1,8 есеге ғана өссе, Бразилияда жағдай тіптен қиын (2,1 пайызға ғана өсті).
Бразилия экономикасының ең бір шарықтау кезеңі каучук ағашымен байланысты. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында каучук ағашы әлемде ең көп сұранысқа ие тауар-тын. Себебі, каучуктың сөлінен резеңке жасап шығаратын. Ал, резеңкеден жасалатын тауарлардың адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті шығар.
Осыдан 200 жылдай (1822 жылы) бұрын Бразилия Португалиядан іргесін аулақ салып, өз тәуелсіздігін жариялайды. Осы уақыттан бастап Бразилияның өз қолы өз аузына жетіп, әлемнің әр түкпіріне каучук сатып, байи бастайды. 1827 жылы Бразилия 31,4 тонна каучук экспорттаса, арада 30 жыл өткен соң бұл көрсеткіш 85 есе (2673 тонна) өскен. Ал, 1880 жылы Бразилия каучук ағашын экспорттау бойынша әлем көшбасшысына айналады. Елге келуші мигранттар мен кәсіпкерлердің қатары көбейеді. Жергілікті халық байып, құл иеленушілердің де саны көбейеді. Бразилия – Оңтүстік Америка елдерінің арасында ең соңғы болып (1888 жылы) «құл иеленушілік» режимді жойған мемлекет. Оған дейін нан табу үшін Бразилияға ағылған үндістер, африкалықтар шын мәнінде каучук-барондарының құлы болып келді.
Халықтың байығаны – мемлекеттің байығаны. Соның бір көрінісі ретінде Бразилияда зәулім-зәулім ғимараттар, мәдени нысандар салына бастады. Жүз жылдан астам тарихы бар Амазонас, Белен театрларының көздің жауын алатын ғимараттары осы сөзімізге дәлел бола алады. Мұның бәрін аз десеңіз, аса жоғары сәулет өнеріне жататын Рио-Негро Мәдениет сарайының өзі неге тұрады?! Бірақ, экономикалық тұрғыдан алар болсақ, мұның барлығы әншейін жылтыраққа шашылған ақша болып шығады. Себебі, Бразилия сол кезде мәдени нысандардан басқа не зауыт, не фабрика салған жоқ. Тек каучук, кофе сатумен ғана айналысып отырды. Бастарына ресурстық экономиканың үлкен соққысы тигенде барып аспаннан жерге түсті, жай түскен жоқ, сұлап түсті. Кез келген табиғи ресурстың таусылатын не сұранысқа ие болмай қалатын кезі болады. Сол кезде сол ресурсқа тәуелді экономика құлдырайды. Бразилия бұл құлдырауды екі рет басынан өткізді.
Оның алғашқысы британиялық ботаник ғалым Генрих Уикхэмнің айлакерлігіне байланысты орын алды. Ол Бразилиядан каучук ағашының 7000 түйір дәнін алып, Британияның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы колонияларының аумағына егіп тастады. Сингапур, Шри-Ланка елдеріне барсаңыз немесе 1995 жылы түсірілген атақты «Мортал Комбат» киносындағы Кейдж бен шаянның каучук ағаштарының арасында төбелескенін көрсеңіз, біздің осы сөзімізді еске аларсыз. Каучук ағаштары бұл елдерде бұған дейін ешқашан өспеген. Оны бұл елдерге әкеліп жерсіндірген – Генрик Уикхэм.
Каучук сатуда Бразилия алдымен Малайзия мен Индонезиядан, сосын Таиландтан қалып қояды. ТОП төрттікте жүріп те жан бағуға болар еді, егер сол уақытта Еуропада өндірістік революция басталмағанда! Еуропалық химиктер мұнайдан синтетикалық каучук сөлін жасап шығарды. Осыдан кейін табиғи каучук керексіз болып қалды.
Сол Бразилия қазір қалай күн көріп жатыр деген сұрақтың тууы заңды. Бұл латынамерикалық ел әлі де сол табиғи ресурстарының арқасында жан бағып отыр. Бразилия әлемге темір рудасы, соя мен кофе экспорттайды. Есесіне ауыл шаруашылығы техникасы мен электронды техниканы және дәрі-дәрмектердің түр-түрін шетелден импорттайды. Шикізат сатудан басқа табыс көзі жоқ елде зауыттар мен фабрикалар жоқтың қасы. «Тоқтай тұрыңыз, ендеше Бразилия автокөлік шығарудан әлемде 8-орынға қалай ие болып отыр?» деп сұрақ қоюыңыз мүмкін. Оған да жауабымыз дайын. Бразилияда 217 миллионнан астам халық тұрады. Мұнда жыл сайын 2 миллионнан астам жаңа көлік сатылады. Осындай ауқымды нарық нүктесі бар жерге әлемдік автомобиль компаниялары өздерінің филиалын ашпай қарап жатушы ма еді?! Әрине, ашады.
Бразилиядағы өндіріс саласының кенже қалуын елдегі білім-ғылымға аз көңіл бөлінуімен байланыстыратындар да көп. Олармен біз де келісеміз. «Ең атақты үш бразилиялық адамды атаңызшы» дегенде ойымызға әуелі футболшылардың есімдері келетінін кімнен жасырамыз?! Футболдан мүлдем хабары жоқтар жазушы Пауло Коэльоны немесе атақты «Носа, носа» әнінің авторы Мишель Телоны айтуы мүмкін. Бірақ, осылардың арасында ғылымға үлес қосқан бразилиялық бірде-бір ғалымның есімі айтылмайды.
Осы тұста ғылымға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алғандардың тізіміне көз жүгірткенді жөн санадық. Және ол жақтан Бразилияның жасыл-сары жалауын кездестіре алмадық. Жер көлемі жағынан әлемнің бесінші, халық саны жағынан әлемнің жетінші мемлекеті өзінің 200 жылдық тарихында Нобель сыйлығын алатын бірде-бір ғалымды шығара алмауы ақылға сыймайды. Ол түгілі Оңтүстік Америкадағы Аргентина, Чили, Венесуэла секілді мемлекеттерден кемі бір ғалым аталған сыйлықты иемденген. Ал, Бразилияда – нөл. Бірақ, бұл Бразилияда өнертапқыш немесе үлкен жаңалық ашқан ғалымдар жоқ дегенді білдірмейді.
Көкте құстай қалықтаған әлемдегі бірінші адамның есімі кім? Көпшілік ағайынды Райттар деуі мүмкін. Алайда, олар емес. Ең алғаш ұшатын аппараттың көмегімен көкке көтерілген адам – бразилиялық өнертапқыш Сантос Дюмон. Ал, фотоаппаратты алғаш ойлап тапқан бразилиялық суретші Эркюль Флоранс екенін тарих ұмытқалы қашан?! Флоранстың бұл еңбегіне бразилиялық та, еуропалық та ғылыми қауымдастықтар назар аудармады. Арада біраз уақыт өткен соң сол Флоранстың әдісімен француз Луи Дагер фотоаппарат жасап шығарады да, оны өз атына патенттейді. Әлемдегі сымсыз радиобайланысты ойлап тапқан да бразилиялық ғалым болатын. Роберто Ланделл 1899 жылы алғаш 7 шақырым жердегі аумақпен сымсыз байланыс орнатады. Өнертабысын жетілдіру үшін Бразилия, АҚШ, Британия үкіметтеріне хат жазады. Бірақ, оның бұл жобасын ешкім керек етпейді. Көп ұзамай бұл істі италиялық радиотехник Гульелмо Маркони іліп әкетіп, әлемдегі сымсыз байланысты ойлап тапқан алғашқы адам ретінде Нобель сыйлығын иеленеді. Қарадай отырып Роберто Ланделге жаның ашиды.
Бразилиялық ғалымдардың еңбегі неге еш кетті? Олар неге еленбеді? Бұл сұрақтарға да жауап беру оңай. Олар өнертабысын жарыққа шығара бастаған уақыт Бразилиядағы экономикалық жұмақ кезеңімен тұспа-тұс келді. Былайша айтқанда, Бразилия ол кезде каучук, кофе және басқа да табиғи ресурстарды сатудан өзге пайда жоқ деген эйфорияның үстінде еді. Оларды «болашақтың өнімі» деген термин қызықтырмады да.
Экономикалық жұмақ дегенді бекерге айтқан жоқпыз. Егер ХІХ ғасыр мен өткен ғасырдың басында мұндай бақытты шақты Бразилия бастан өткерсе, қазір мұнай сауып отырған араб елдері шалқып өмір сүруде. Осы тұста Бразилия неге араб елдері сияқты байып кетпеді деген сұрақ туындайды. Салыстырып қараңыз, бай деген араб елдеріндегі халық саны орташа есеппен 5-10 миллион адамды құрайды. Ал, Бразилия халқының саны 200 миллионның үстіне шығып кеткен. Экономикалық жұмақ, құлдық режимнің алынуы Бразилиядағы демографияға үлкен әсер етті. Егер ХІХ ғасырдың соңында мұндағы халық саны 17 миллионның төңірегінде болса, бір ғасырдан кейін бұл көрсеткіш 10 есе өсті. Халық саны жағынан әлем көшбасшылары саналатын Үндістан мен Қытайдың өзінде мұндай демографиялық дүмпу болған емес.
Бразилиядағы ең үлкен диаспора – итальяндар. Олардың саны (34 млн.) Италиядағы халық санының (59 млн.) жартысынан көп. Ал, Бразилияны мекендейтін ливандықтардың саны (7 млн.) Ливанда тұратын адамдардан (5,5 млн.) көп. Оларға 15 млн. испанды, 12 млн. немісті, 5 млн. португалды, 5 млн. полякты қосыңыз.
Тұрғындар санының өсуі, жұмыссыздықтың көбеюі билікті қарыз алуға мәжбүрлейді. Алайда, ол да Бразилияны аяқтан тұрғыза алмайды. Мұндай жағдайда мемлекетті бір-ақ нәрсе күтіп тұр. Ол – мемлекеттік төңкеріс. Елде 1964-1985 жылдар аралығында 5 генерал президент атанады. Билік басына әскери саланың адамдары келген соң, экономика жағы тіптен құлдырайды. Кедейлік кедейлікті тудырады. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болған жерде қылмыс та көбейеді. Бразилияда күндіздің өзінде біреудің автокөлігін тартып алып, оны қалағанша мініп, керегі болмай қалғанда өртеп кете салу үйреншікті тірлікке айналып кеткен.
Бұл елдегі жалғыз «әлеуметтік лифт» – футбол. Бразилиялық футболшы жергілікті лигаларда жарқырай көрініп, сосын Еуропаға қоныс аударып жатса, оған тағдырдың мұнан артық сыйы болмайды.
Белгілі австриялық жазушы Стефан Цвейгтің соңында «Бразилия – болашақтың мемлекеті» деген кітап қалған. Бірақ, елдегі жұмыссыздық, инфляция, кедейлікке қарап олай айта алмайсыз. Франция президенті болған Шарль де Гольдің мына бір сөзі Цвейгтің сөзіне ойлана қарауға үндейтіндей: «Бразилия болашақтың мемлекеті шығар, бірақ сол болашақтың мемлекеті деген статуста мәңгіге қалады».
Бразилиямен таныс болғанда түйгеніміз мынау: үлкен жетістіктердің артында кездейсоқ жеңістер (жер астынан мұнайдың немесе басқа табиғи ресурстардың табылуы) тұрмайды екен. Оның артында жүйенің тұрақтылығы мен тынымсыз еңбек бар. Бразилияда қазір әлем мойындайтын екі ғана сала бар. Оның бірі – футбол. Мұнда жыл он екі ай футбол ойнауға жайлы климат бар. Жоғарыда атап өткен жүйенің тұрақтылығы мұнда табиғи жолмен-ақ қалыптасқан.
Екінші сала – шағын ұшақ жасау. Мұның да қалыптасуына табиғи климаттың әсері жоқ емес. Оған қазір тоқталамыз. Бразилияның шағын ұшақтарды құрастыратын «Эмбрейер» компаниясы үлкен лайнерлер жасайтын «Эйрбас», «Боинг» компанияларымен иық тірестірердей әлеуетке ие. Бразилияда автомобиль жолдарын салу өте тиімсіз. Өйткені, Бразилия жерінің 54 пайызын Амазонка ормандары мен таулар алып жатыр. Жол салуға кеткен шығын өзін-өзі ақтамайды. Бұл елдің ірі қалалары мұхит жағалауында орналасқан. Өзге қалаларға қатынайтын адамдар көп емес. Сондықтан «Эмбрейер» компаниясы шағын ұшақтарды көптеп жасап шығаруды қолға алған. Бразилиядағы әлем мойындайтын екі саланың да дамуына табиғи климаттың ықпалы бар деуіміздің мәнісі осында.
Міне, біз білетін Бразилия осы.
polkmnoipk
Несиені қалай алуға болатындығы туралы мәлімдемені оқыңыз. Сізге, Карен Линч, жалған несие берушіге бірнеше рет алданғаннан кейін бизнесіңізде несие алуға көмектескеніңіз үшін рахмет. Менің атым Алексдре Асылым. Мен бір күні досым мені сенімді несие компаниясымен таныстырды. Ол алдымен компаниядан несие алды, мен оған күмәндандым, бірақ мен көп ойланғаннан кейін мен тырыстым және көрдім, мен 75 000 еуро несиемді 24 сағат ішінде және өтініш бергеннен кейін алдым және мен сізге жақсы қызмет көрсету үшін келдім. сенімді несие компаниясы маған берді. Егер сіз жылдам және сенімді несиелік компанияны іздесеңіз, қосымша ақпарат алу үшін сенімді несие компаниясына хабарласыңыз: trustedloanfirm0@gmail.com. Рақмет сізге.