Тұлға тәрбиелеу үшін мұғалім білікті болуы тиіс

Бәсекеге қабілетті мамандар қай кезеңде де жоғары сұранысқа ие. 
Әсіресе, білім беру саласындағы мамандар өз тәжірибелерін заман талабына сай жетілдіріп отырмаса уақыттың көш-керуеніне ілесе алмай қалады. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның педагогикалық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін қаншалықты меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, ол соғұрлым оқушылардың жүрегінен тез орын алады. 

Иә, байқап қарасаңыздар, білуге, үйренуге құштар бала қашан да шығармашылық адамдарына еліктейді. Тіпті, олардың жүріс-тұрысы, киім киісі де балғын жастарға үлгі бола алады. Ал, ұстаз бала жүрегінен орын алғысы келсе, бір мезгіл шығармашылық жұмыстармен айналысқаны абзал. Мәселен, біреу жақсы сурет салуы мүмкін, тағы біреуі тамылжытып ән салады дегендей. Енді бірі көрген-білгенін көркем сөзбен жеткізудің шебері болуы мүмкін. Ол өзінің қызыққан сол өнерімен оқушылардың да қызығушылығын оята алады. Мұғалім күнделікті жоспарға сай сабағын бастардан бұрын сыныптағы оқушылардың назарын өзіне аударып алуы – педагогикада тиімді тәсілдердің бірі болып саналады. Ал, оқушы шығармашылық қабілетін шыңдау үшін көбірек ізденіп, көбірек оқуы керек. Күнделікті жаңалықтардан бөлек қоғамдағы өзекті мәселелерден де хабардар болып отыруы мұғалімнің еңбекқорлығын, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын білдіреді.
Рас, кейінгі кездері газет-журналдардан гөрі интернет иірімдеріне көбірек арқа сүйеп, қажетті мәліметтерді сол жерден іздейтін болдық. Әрине, заман ағымына қарай мұның қолжетімді екенін жоққа шығармаймыз, бірақ қажетті мәліметтердің нақтылығын, олардың әбден сүзгіден өтіп барып оқырманға ұсынылғанын табу үшін салалық басылымдар мен кітап-журналдардың көмегіне жүгінудің маңызы зор. 
Мұғалімнің белгілі бір педагогикалық мәселелер туралы барлық ақпаратты жинақтай алуы, оның тиімдісін таңдай білуі, нақты жағдайды шешуге байланысты оған өзіндік қолтаңба мен өзгерістер енгізе алуы, осылайша мәселені шешудің өзіндік жолын таба білуі оның талғамының қай деңгейде екенін көрсетеді. Бұл жағдайда, сонымен бірге, тапқырлық пен өнертапқыштық сияқты қасиеттерді де қатар дамытып отыру керек. Мұғалім білім мазмұнын, әр оқушының өзіндік ерекшелігін, соған сәйкес оқуды ұйымдастырудың формалары мен тактикалары жайлы ақпараттарды әрдайым есінде ұстауы қажет. Сонымен  қатар оларды дер кезінде еске түсіріп, қажетіне жарата алу оның басты құндылықтарының бірі болып табылады.
Педагогикалық шығармашылықтың орын алуына септігін тигізетін тағы бір басты мәселе – мұғалімнің көшбасшылық қасиеті. Ол аудиторияны меңгере алуы, иландыра білуі, иіріп әкетуі, шабыттандыра алуы тиіс. 
Бүгінгі заман талабы – жан-жақты дамыған, өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, сыни ақпараттарды талдауға қабілетті болуы керек. Осындай биік нәтижеге қол жеткізуді тек кәсіби біліктілігі жоғары мұғалім ғана жүзеге асыра алады. 

Жеңісбек МОМЫНОВ,
№57 «Сарыарқа» жалпы орта мектебінің директоры. 
Жетісай ауданы. 

Пікір қалдырыңыз