Жалғызқұдықтағы «Жетіген»

Ажар Бермұханова,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазығұрт ауданындағы «Жетіген» шаруа қожалығының жетекшісі Маралбек Тасболатов жұмысын Зеңгі баба тұқымын өсіруден бастады. Мұнан соң қой өсірумен айналысты. Бүгінде отарында алты жүзге жуық қой бар. М.Тасболатов көктемгі мал төлдету науқанын да табысты өткізуде. 

Маралбектің әкесі Сейілбек те, атасы Тасболат та мыңғырған мал баққан шаруа адамдары болыпты. Кеңестік кезеңде Сейілбек Тасболатов Карл Маркс атындағы ұжымшардың (қазіргі Сарапхана)  атақты шопаны атанған. Ұжымшар тараған соң, 1996 жылы ағайындар бірігіп, Жалғызқұдық деген жерден қора салып, «Жетіген» шаруа қожалығын құрады. Маралбек жастайынан шаруаға бейім өскен. Әкесі дүние салған соң шаруашылықтың жұмысын өзі қолға алды.
– Бүгінде қойдың  «Қашар» деген түрін сатып алып, тұқымын асылдандыруға  ден қойып отырмыз. «Мал баққанға бітеді» дегендей, қиындығы жетерлік шаруаның берекесі де мол. Олай дейтінім, Майлыошақтағы мектепті бітіргеннен бері тек төрт түлікті көбейтумен айналысып келемін. Көп жылғы тәжірибемнен түйгенім, кімде-кім өз жұмысын жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен атқарса ғана табысқа қол жеткізеді. Қазір балаларымның барлығы есейіп қалды. Көмекшілерім солар. Біздегі ең өзекті мәселе – шопанға көмекші болуға жастар құлық таныта бермейді. Жұмыссыз жастар қалаға кетуге құмбыл. Сондықтан барлық тірлікті бала-шағаммен өзім атқарамын, – дейді фермер.
Ауылда мал ұстауға бүгінде жайылымдық жер тар. Шаруашылық қарамағындағы отыз гектар жерге егіс салады. Яғни бидай, арпа егіп, төрт түліктің жем-шөбін өздері дайындайды. Сондай-ақ, мемлекеттен субсидия алып, лизингке 14,5  миллион теңгеге жаңа «DF 904 E»  маркалы трактор сатып алған. Оны өзі жүргізіп, жер жыртады. «Жазда жайлауға шыға алмаймыз. Орып алған егістіктің орнына қой жаямыз. Ендігі мақсат – сапасына басымдық беріп, мал тұқымын асылдандыру» деп Маралбек әңгімесін түйіндеді.
 Ата кәсіпті ардақтап, әке жолын жалғаған Маралбектің келіншегі өмірден ерте озған. Қазір алты баласын өзі жетілдіріп, оларға әкелік мейірімін барынша  төгіп келеді.  Тұңғышы Ақбөпе Шымкенттегі медицина колледжінде оқиды. Қалған бес баласы мектепте. 
Іскер азамат ауылдағы қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, балаларына мектеп формаларын әперіп, жетім-жесірлерге көмек қолын созып, басқа да ізгілікті істерге демеушілік жасайды. Осылайша Жалғызқұдықтағы «Жетігеннің» елге жәрдемі мол болып тұр.

Қазығұрт ауданы.                                           
Пікір қалдырыңыз