Жаңа инновациялар бәсекеге қабілеттілікті арттырады

Халықаралық стандартқа сай жұмыс істеу үшін заманның көш-керуенінен қалмай, жаңа технологияларды дер кезінде игере білу керек. Осы мақсатты көздеген Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі бүгінде өзі деңгейлес оқу орындарының тәжірибе алмасатын орталығына айналған десек, асыра айтқандық емес. 

Шетелдік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен академиялық ұтқырлық негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстар білім алушылардың толыққанды маман болып қалыптасуына жол ашып қана қоймай, педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлерінің тағлымдамадан өтуіне және ғылыми іс-шараларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Үш жыл бұрын Өзбекстан Республикасы ең алғаш «UzbekistanSkills» чемпионатын өткізген кезде колледж әкімшілігі Ташкент қаласында болып, семинарлар мен шеберлік-сыныптар арқылы тәжірибе алмасу мақсатында әріптестік меморандумға қол қойған болатын. Сол жылдың 3-4 маусым күндері Өзбекстан құрылыс министрлігінің ұйымдастыруымен Ташкент құрылыс және қолөнер колледжінің базасында халықаралық семинар өтіп, оған Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында білім беру ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, халықаралық ынтымақтастықтың дамуына үлес қосу, құрылыс саласындағы білім сапасын арттыру сияқты мәселелер сөз болды. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Ташкент сәулет-құрылыс университетіне қарасты Алмалық сәулет-құрылыс колледжімен екі жақты меморандумға қол қойып, алдағы уақытта болатын іс-шаралар жоспарымен бөлісіп қайттық. Содан көп ұзамай, яғни 19 наурыз күні «Білім беру процесіне «WorldSkills» стандарттарын енгізу: демонстрациялық емтихан форматында қорытынды аттестаттау» тақырыбындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорының оқу-өндірістік орынбасарлары, арнайы пән оқытушылары,  өндірістік оқыту шеберлеріне арналған халықаралық семинар-практикум өткіздік. Семинарға Түркістан облыстық білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ «Техникалық және кәсіптік білім беру» кафедрасының әдіскері Орынбасар Сұлтанбеков, Өзбекстан Республикасындағы Алмалық сәулет-құрылыс техникумы басшысының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Алишер Баратов пен аталған техникум басшысының қаржы-экономикалық істер жөніндегі орынбасары Тохир Маматқұлов, «DALA-CONSTRUCTION.KZ» cенімгерлік компаниясының атқарушы директоры Қайрат Айтбаев және «Құрылыс» саласы бойынша облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорының оқу-өндірістік орынбасарлары, арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері қатысты. Семинар барысында Өзбекстан Республикасы Алмалық сәулет-құрылыс техникумы басшысының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Алишер Баратов, «DALA-CONSTRUCTION.KZ» cенімгерлік компаниясының атқарушы директоры Қайрат Айтбаев сөз алып, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мәселелер, екі мемлекеттегі мамандар даярлаудағы жаңа инновациялар және «WorldSkills» стандарттары бойынша студенттердің практикалық дағдыларын сапалы және кешенді бағалауға бағытталған демонстрациялық емтиханды ұйымдастырудың жолдарын талқылады.
Директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Г.Байназарова өзінің презентациялық баяндамасында кәсіптік білім беруді жаңғыртудың өзекті мәселелерінің бірі ретінде тәуелсіз бағалау сипатын іске қосу керек екенін атап өтті. Иә, демонстрациялық емтиханды ұйымдастыру және өткізу үшін емтихан өткізу алаңдарын жабдықтап, талап етілетін қажетті материалдар мен емтихан құжаттарын алдын-ала дайындау барысында бірқатар жұмыстар атқарылғанын да айта кетейік. Студент орындаған тапсырманы тәуелсіз сарапшылар, атап айтсақ, «DALA-CONSTRUCTION.KZ», «DALA-TRANS» ЖШС-нің мамандары және басқа да әлеуметтік серіктестіктер өкілдері, арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері тарапы бағалайды. Нәтижесінде, демонстрациялық емтихандарды сәтті тапсырған бітіруші түлектер және жоғары нәтиже көрсеткен студенттерді жұмыс берушілер және әлеуметтік серіктестер сұранысқа ие құзыреттер бойынша жұмысқа шақырып, орналастырып жатады. Атап айтқанда, «DALA-CONSTRUCTION.KZ» сенімгерлік компаниясында «Автомобиль кранының машинисі» мамандығы бойынша Хасан Рахматиллаев, «Стропальші» мамандығы бойынша Владимир Шагеев, «Мұнаралы кран машинисі» мамандығы бойынша Самандар Кұрбантаев жұмысқа шақырылып, бүгінде еңбек етіп жүр. Ал, «Дизайнер» мамандығы бойынша бітірген түлектер «Ветрова» жарнама бюросында Виктория Овсепян, «Колор» орталығында Лунира Сейдуалиева, «Кульчиева» дизайнерлік фирмасында Оксана Руфь, Александра Судникова, Карина Зинатуллина, Милана Ромашкина емтихан кезінде көзге түсіп, жұмысқа шақырылды. Қатысушылар толыққанды мәліметтермен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, арнайы пән оқытушысы Е.Лунина, өндірістік оқыту шеберлері Е.Шереметьева, Е.Табакованың ұйымдастыруымен «Әрлеу және декоративті жұмыстар» құзыреттілігі бойынша демонстрациялық емтихан» диалог алаңы өткізілді. Колледждің өндірістік оқыту шебері А.Саттарханов «Ағаш шебері» құзыреттілігі бойынша «Бір тумбалы компьютер үстелін дайындау» тақырыбында, «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы А.Аяпбергенова «Жасанды интеллект», «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы     Б.Абибуллаев, «Электр жабдықтарын ағымдағы жөндеу, реттеу жұмыстарын орындау», «Тігін өндірісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Л.Абдукаримова «Арнайы жұмыс киімдерін тігу» тақырыбында шеберлік- сыныптарын өткізді. 
Семинарға қатысушылар «DALA-CONSTRUCTION.KZ» өндірістік базасында болып, «Құрылыс» саласындағы ең озық технологиялармен танысты. Сенімгерлік компанияның өндірістік базасында колледждің өндірістік оқыту шебері А.Ахмедов, арнайы пән оқытушысы Е.Тұрнияз «Автокран машинисі» біліктілігі бойынша демонстрациялық емтихан көрсетілімін, «DALA-TRANS» ЖШС базасында өндірістік оқыту шебері А.Левенчук «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша «Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету жұмыстары» тақырыбында өндірістік оқыту көрсетілімін ұйымдастырып, жұмыстарын ортаға салды.  
Семинар-практикум аясында колледж студенттерінің жұмыстарынан көрме, «Наурыз – тіршіліктің бастауы» тақырыбында суреттер конкурсы өткізілді. Сонымен қатар Түркістан облыстық білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен колледж базасында «Құрылыс» саласы «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша облыстық кәсіби сайыс өткізілді. Сайысқа Түркістан облысы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің білікті арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Кәсіби сайыс қорытындысы бойынша І орынды 758 балл жинаған Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің өндірістік оқыту шебері Базарбай Төлебаев иеленсе, ІІ орын 742 балл жинаған А.Исмайлов атындағы кәсіптік колледжінің арнайы пән оқытушысы Исматулла Рүстемов пен №8 колледждің арнайы пән оқытушысы Азамат Молдабековке бұйырды. Ал, жүлделі ІІІ орынды 735 балмен Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің арнайы пән оқытушысы Мәди Жүсіпбеков иеленді. 
Семинар соңында барлық қатысушылар колледж түлегi үшiн қорытынды аттестаттауды демонстрациялық емтихан форматында тапсырудың берері зор екеніне тоқталды. Бұл ретте колледж өзiнiң білім бағдарламалары мен материалдық-техникалық базасының сапасын әдiлдiкпен бағалай алатындығын, «WorldSkills» талаптары бойынша демонстрациялық емтихан үздік әлемдік практикаларды пайдалану екенін де айта кетейік. 

Қанат ИБРАИМҚҰЛОВ,
Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің директоры. 
Пікір қалдырыңыз