Қарабұлақта еңбекқор халық тұрады

Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары бүгінде еңбекқорлығымен бүкіл елге мәшһүр болып келеді. Мәселен, Қазақстан бойынша ең үлкен малбазар осы Қарабұлақта орналасқан. Сондай-ақ, 60 мыңға жуық тұрғыны бар кішкене ғана елді мекенде еліміз бойынша жүк көліктеріне арналған тіркеме құрастырылады.

Қарабұлақ – шағын ғана ауыл болғанымен халқы өте еңбекқор. Мұнда нәпақасын Жер-Анадан терген диқандар мен төрт түлікті көбейтіп, әрі семіртіп сататын нағыз шаруалар тұрады. Содан болар, бірі таңертең ерте кетпен-күрегін қолына алып, бақша ішінде жүрсе, енді бірі жинаған көкөністерін қолтықтап қалаға алып кетеді. Сондай-ақ, әр сәрсенбі сайын ауылдағы мал базарда сауда қызады. Төрт түлігін жетектеп еліміздің әр аймағынан, тіпті Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетіндер көп.
Тағы бір айта кетер мәселе, ауылдағы әрбір үйдің ауласындағы жер бос жатпайды. Бірі қызанақ ексе, енді бірі қиярдан мол өнім алып отыр. Тіпті, кішкене ғана жерге жылыжай салып, бір алқаптан екі-үш рет өнім алып жатқандар да бар.
Сондай-ақ, ауылдағы көшелерден жүк көліктерін көп кездестіруге болады. Олардың бір бөлігі – жергілікті тұрғындардың өсірген жеміс-жидегін алыс-жақын қалаларға тасуға келгендер болса, енді бір бөлігі – көлігінің тіркемесін жөндету үшін арнайы ат басын бұрғандар. Себебі, Қазақстандағы жалғыз жүк көліктерінің тіркемесін құрастыратын, әрі қайта жаңғыртатын кәсіпорын Қарабұлақта орналасқан.
Kuzov Karabulak өндіріс орнының жұмыс істеп жатқанына 7 жылдың жүзі болды. Алғашқыда екі-үш үйдің ауласын біріктіріп, кәсіп бастаған жігіттер бүгінде ондаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізінен мұнда жүк көліктерінің тіркемесі жаңадан құрастырылады. Одан бөлек, тіркемені жаңарту, көлемін ұлғайту, кішірейту, созу секілді қызмет түрлері көрсетіледі.
«Біз бұл кәсіпті 2017 жылы бастадық. Қазір өзімізге қажетті қосалқы бөлшектерді Қарағандыдан және Ресейден алдырып жатырмыз. Тіпті Кореядан, Тайваньнан да тапсырыс беріп алдыратын кездеріміз болады. Ең бастысы, біз өз өнімдерімізге кепілдік бере аламыз» дейді серіктестік директоры Рыстай Рысқұлов.
Кәсіпорын жылына 500 тіркеме шығаруға қауқарлы. Бұл бағытта арнайы лицензия да алған. Дегенмен, күнделікті тоқтаусыз жұмыс істеуге күн райы көп кедергі келтіреді. Әсіресе, күннің суығында жұмыс істеу қиын. Сондықтан, қысқы мезгілде жұмыс саябырсиды. Жалпы, бір тіркемені жасау мен қайта жаңғырту жұмыстарының бағасы 300 000 теңгемен 8 млн. теңгенің аралығында. Егер тапсырыс берсеңіз талғамыңызға сай, сапасын көтеріп, сәнін келтіріп құрастырып береді.
«Біреулер тоңазытқыш қойып бер деп келеді. Ал, біреу тіркемесін создырмақшы болады. Жалпы сұраныс көп. Ел аумағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, тіпті Ресейден келетіндер бар. Ешқандай жарнама бермейміз. Барлық тұтынушыларымыз бір-бірінен естіп, хабарласып жатады. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы, «Дала-Транс» серіктестігі секілді үлкен фирмалармен де жұмыс істейміз. Оларда жүк көліктері көп. Сондықтан, жөндеуге, қажетті тіркемені жасатуға көп тапсырыс береді» деді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде өндіріс орны 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның 30-ы – дәнекерлеуші болса, қалғандары – әрлеп, бояушылар мен кеңсе қызметкерлері. Кәсіпорынға жаңадан келген жас мамандарды тәжірибелі қызметкерлер қасына алып, жұмыстың қыр-сырын үйретеді.
– Кәсіпорын 2 гектар аумаққа орналасқан. Болашақта жаңа ғимаратқа көшеміз деп жоспарлап отырмыз. 8 гектар жерге жаңа кәсіпорын салып жатырмыз. Онда 9 мыңға жуық адам еңбек ететін болады, – деді Рыстай Рысқұлов.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
Пікір қалдырыңыз