Ақшаны қоқыстан да жасауға болады

Альвира Пайысхан, «Оңтүстік Қазақстан».


Білесіз бе, біздің елде әр адам жылына кемінде 157 келі қоқыс шығарады екен. Ал, жалпы Қазақстанда жыл сайын 3-4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылатын көрінеді. Бұл қоқыс-қалдықтарды төгуге арналған 3200 полигон бар. Десек те, қоқыс атаулы түгел әлгі полигондарда жатқан жоқ. Арнаулы алаңға миллиардтаған келі қоқыстың жартысы ғана жеткізіледі екен. Қалған жартысы даламыз бен қаламызда бей-берекет шашылып жатыр. 

Бұл жағдай біздің облысқа да тән: былтыр «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның зерделеуінің нәтижесінде облыс бойынша 414 бей-берекет қоқыс орны анықталыпты. Олар, әрине, тазаланған. Дегенмен, одан жағдай түзеліп кетті деу қиын. Өйткені, халық саны 2 миллионнан асатын өңіріміздегі 800-ден астам елді мекеннің жартысына жетпейтін бөлігі – 43%-ы ғана қоқыс шығаратын арнайы орындармен қамтылған. Қоқыстан дер уақытында құтылу жағы, әсіресе, аудандарда төмен. 

Жалпы, облыста қоқыс шығарумен 58 мекеме айналысады. Оларда 247 дана әртүрлі техника бар. Әйткенмен, оларға тиелген қоқыс түгелімен полигондарға жеткізіліп жатыр ма жоқ па, ол жағы белгісіз. Өйткені, GPS жүйесі орнатылмаған. Экология және табиғи ресурстар министрінің тапсырмасына сәйкес, қоқыс тасымалдайтын техникаларға түгел GPS орнатылып, олардың қозғалысы бақылауда болуы тиіс. Десек те, тапсырмаға тек Түркістан, Кентау қалаларындағы мекемелер ғана тиянақты болып шықты. Ал, аудандарда бұл проблема әлі шешілмеген. Кім білсін, жоғарыда аталған 414 бей-берекет қоқыс орнында олардың да үлесі бар шығар... Әйтпесе министр тапсырмасын аяқасты етпей, неге GPS жүйесін орнатпайды?

Түркістан – тұрғындар тығыз қоныстанған өңір. Мұнда 1 шаршы шақырымға 22 адамнан келеді. Соңғы 5 жылда облыста халық саны 238 мыңға көбейген. Бұл, әрине, қуанатын жай. Халық санының өсуіне байланысты қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің артатыны да түсінікті. Бұл – табиғи заңдылық. Бірақ, оларды тастайтын полигондар талапқа толық сай болмай тұр. Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 151 полигон орны белгіленген. Оның 32-сі – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық меншігінде. 76-сы ауыл әкімдеріктеріне қарайды, 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Осы 151-дің 107-сі нормаға сәйкес келмейді. Жағдайдан облыс әкімі де хабардар. «Аудандарды аралап, халықпен кездесулер өткізген кезде ретсіз қоқыс туралы шағымды жиі естиміз. Бұл мәселені 3 жылда түбегейлі шешу керек. Облыстағы барлық қоқыс полигондары бекітілген талапқа сәйкестендірілуі тиіс. Бұл салаға инвесторлар тартылып, сенімгерлік басқаруға беру арқылы жағдайды ретке келтіріп, елді мекендердегі заңсыз күлтөкпелерді жою керек» деген өңір басшысы Д.Сатыбалды әкімдерге бұл мәселені тезірек шешу жөнінде қатаң талап қойып отыр. 

Ашығын айтқанда, қоқыспен «арпалысып» отырған жалғыз Түркістан облысы емес. Бұл мәселе қазір бүкіл ел аумағында өзекті. Қазақстан бойынша қоқысты ең көп тастайтын аймақ та анықталды. Ол Ұлытау облысы екен. Қолдағы мәліметке сенсек, онда әр тұрғын жылына 374 келі қоқыс тастайтыны жазылған. Әйтсе де, заңсыз қоқыс үйінділерінің көптігі жөнінен көш басында Ақмола облысы тұр. Елорда аумағында құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан құрылыстық қоқыстар өте көп. Қарағанды облысында да мұндай фактілер көп анықталды. Шығыс Қазақстан да қоқыс үйінділері көп облыстар қатарында. 

Заңсыз қоқыс үйінділері, талапқа сай келмейтін қоқыс полигондары Үкіметтің де назарында. Таяуда өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов: «...бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Содан оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді» деді. 

Ал, шетелдерде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Дамыған елдерде қоқыс – бизнес көзі, байлықтың өзі! Әлемде қоқысты өңдеу бойынша Швецияның алдына түсер ел жоқ. Онда тұрмыстық қалдықтың 99%-ы қайта өңдеуден өтеді. Мұнда көліктің кейбір түрлері қайта өңделген қалдықтардан алынатын биогаз көмегімен жүретінін де айтпай кету мүмкін емес. Жер көлемі өте шағын, халқы көп Жапонияда қоқыстың 60%-ы кәдеге асырылады, онда кей киімдер қоқыс қалдықтарын өңдеуден жасалған материалдардан тігіледі. Германия да жылына шығарылатын 47,7 млн. тонна қатты тұрмыстық қалдықтың 66%-ын қайта өңдеп, тұтынушыларға саудалайды. Бұл елдер қоқыс өңдеуді әлдеқашан табысты кәсіпке айналдырған. Ал, Қазақстан қалдықты өңдеп, кәдеге жарату жөнінен 179 елдің ішінде 175-орында тұр. Былайша айтқанда, соңынан санағанда 4-орындамыз. Біздің елде қатты тұрмыстық қалдықтың 23%-ы ғана қайта өңделеді. Еліміз ен далада шашылып жатқан «байлықтан» әзірге әжетхана қағазы мен пластик шығарудан аса алмай отыр...

Дегенмен, қоқыстан арылатын күн алыс емес сияқты. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі қоқысты қайта өңдеу мәселесін түбегейлі шешудің жолдары қарастырылды. Көңіл қуантатын қадам бар: елдегі ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін, қуаттылығы жылына 1,2 млн. тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауытты қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, қалдықтардан төсемтас (брусчатка), люктер, қоқыс жәшіктері, шыны ыдыстар, стрейч пленкалары мен басқа да халық тұтынатын түрлі тауарлар шығарылатын болады. Бұл үшін жеңілдікпен қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. Атап айтқанда, қоқысты қайта өңдеумен айналысамын деушілерге 3%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 3  жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге несие беріледі. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл қаржы қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін іске қосуға және қайта өңдеу құрылғысын іске қосуға сеп болмақ. Қазіргі кезде бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 232 млрд. теңгеден асатын 94 жоба іріктеліпті. Сондай-ақ, өңірлерде  қуаттылығы жылына 3 млн. тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша 21 жоба пысықталуда. 

Көп ұзамай Түркістан облысы да қоқыстардан арылып, тұрмыстық қалдықты кәдеге асыратын аймақтар қатарына қосылмақ. Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен 17 мекеме айналысады. Оның ішінде 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті металдар, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Одан бөлек, тағы 14 жоба дайын тұр. Мақұлданса, босаған бөтелкелерді, баклажкаларды, шашылған полиэтилен қалдықтарын көрмейтін боламыз. 

...Тек тезірек жүзеге асса екен!

Пікір қалдырыңыз