Көктемнің алғашқы өнімдері әне-міне базарға шығарылады

Мақтаарал ауданында 545 гектар алқапқа қырыққабат, 1219 гектарға бақша өнімдері, 414 гектарға жоңышқа егілген. Жақын күндері қырыққабат пісіп, нарыққа шығарылады. Бүгінде мақта дақылын егу үшін сор шаю жұмыстары түгелдей аяқталып, жерді тырмалау, гизельдеу жұмыстары жүргізілуде.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Иіржар ауылдық округінде болып, көктемгі дала жұмыстарымен танысты.
– Биыл мақта дақылын егу үшін 954 ауыл шаруашылығы тракторы, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникасы дайын. Аудан аумағындағы тұқым шаруашылықтары мақта шитін дайындап, алыс-жақын шет мемлекеттерден, оның ішінде Түркия, Өзбекстан, Қытайдан қосымша мақта тұқымдары келіп жатыр, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл.
Аудан әкімі мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармай мен басқа да көмектер мәселесін уақтылы ұйымдастыру керектігін ескертті. 
Айта кету керек, Мақтаарал ауданының егістік алқаптарына Өзбекстан Республикасындағы «Сырдария» аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі «Достық» магистральды каналы арқылы ағын су жеткізіледі. Аудан басшысы сала мамандарына аталған каналдан кіші каналдарға құяр басындағы тоспалар мен шлюздердің жай-күйін бақылап, су тасқынының алдын алу жұмыстарын да пысықтап қоюды тапсырды.
Пікір қалдырыңыз