Жоңышқаны жерді жыртпай егіңіз...

Биыл көктем кештеу шықты. Жауын-шашын дала жұмыстарын дер кезінде атқаруға мұрша бермеді. Бірақ, әлі де кеш емес, сәуірді тәуір пайдалана білсек, осы айдың алғашқы онкүндігінде біраз шаруаны еңсеріп алуға мүмкіндік бар. 

Синоптиктердің болжамынша, сәуір айының бірінші онкүндігінде ауа райы дала жұмыстарын қарқынды жүргізуге қолайлы болмақ. Негізі күздік бидайды дәл қазіргі түптену кезінде азот тыңайтқыштарымен үстеп қоректендіру өте тиімді. Бірақ, диқандар әртүрлі себептермен бұл жұмысты кешіктіріп жатады. Дегенмен, таулы аудандардағы бидайды әлі де азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіруге мүмкіндік бар. Бұған қаржылық мүмкіндігі төмен шаруалар өскін үдеткіштерді, микротыңайтқыштарды және биотыңайтқыштарды қолдануларына болады. «Шымкентагро»  метеостансасының дерегінше, биылғы ылғал жаман емес, далалық екпе дақылдарының өсіп дамуына қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Ылғал мол түскен жылдары егістік танаптарда арамшөп те қаулай өсіп, күздік бидайдың қарқынды өсуіне кедергі келтіреді. Сондықтан күздік бидайдың түптену кезінде арамшөпке қарсы гербицидтер қолдану арқылы егістіктің фитосанитарлық жағдайын бақылауда ұстаған жөн. 

Маман ретінде диқандарға төмендегідей кеңес ұсынар едім: жауынның мол түсуіне және аймақтардағы ылғал қорының жақсы болуына байланысты биыл ауыспалы егістің негізгі дақылы – жоңышқа егу тиімді. Егер жоңышқаны күздік бидайдан соң, гербицид қолданған танапқа ексеңіз, топырақты өңдемей-ақ, бірден еге беруге болады. Мұндай жағдайда жоңышқамен қатар арамшөптер де өседі. Жоңышқа шөптесін өсімдік болғандықтан бәсекелестікке қабілетті, арамшөптермен қатар өсуін жалғастыра береді. Әйтсе де, арамшөпті гүлдеп, дән байламай тұрғанда, мамыр айының соңында немесе маусым айының бас кезінде жаңа егілген жоңышқамен бірге орып алу керек. Таулы аудандарда 2-3 рет жауын жауса жоңышқа қайтадан қаулап өсе береді, ал, шөл-шөлейтті аймақтарда бірінші орымнан соң өсуін тоқтатады. 

Шаруа үшін дақылды жерді жыртпай егу түсініксіз көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, жерді өңдемей егін егу соңғы 10-15 жылдан бері тиімді әдіс болып саналады. Көпжылдық тәжірибе нәтижесінде жоңышқаны танапты өңдемей, тікелей еккен кезде далалық өнгіштігі, түп санының қалыптасуы, қарқынды өсіп-дамуы, өнімділігі жоғары болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Жоңышқаны жерді жыртпай еккенде топырақ қабатындағы ылғал жақсы сақталады. Сондай-ақ, тұқым топырақтың 0,5-1,5 сантиметр беткі қабатында орналасады. Соның нәтижесінде өнім мол болады. 

Жоңышқаны әр танаптың алғы (осының алдында егілген) дақылына, тегіс өңделуіне байланысты топырақтың беткі қабатын ғана жеңіл өңдеп, тегістеп барып егуге де болады. Бұл – өте тиімді агротехнологиялық шара. Яғни сіз егістік танапты арамшөптен тазартып, беткі қабатын ғана қопсыту арқылы ылғал сақтайсыз және жоңышқа тұқымының біркелкі беткі қабатта орналасуын қамтамасыз етесіз. Жоңышқа тұқымы топыраққа терең еніп кетпеу үшін дәнсепкіш дискісіне шектеуші жолақ жапсыру қажет. Сол кезде жоңышқаның ұсақ тұқымы 1-1,5 сантиметр тереңдікке егіледі. Естеріңізге сала кетейін, жоңышқа тұқымы тым терең егілсе, шықпай қалады. Себебі, тұқымның күш-қуаты өскін беруге жетпейді. 

Тағы бір мәселе, жерді көктемде жырту дұрыс емес. Біздің қазақ бұл туралы «Жер айдасаң күз айда, күз айдамасаң жүз айда» деп қысқа қайырады. Демек, күзде айдалмаған жер құнарлылығын қалыпты сақтай алмайтын болғаны ғой. Және бір ескерте кететін жайт, бірінші жылғы жоңышқа алқабына мал жаюға болмайды. Олай етсе, тамыры толық жетілмеген жоңышқаны ұсақ мал түбінен қыршып жеп, түп санының кеміп, сиреуіне  себеп болады. Бұл  жоңышқаның алдағы екі-үш жылғы өніміне кері әсер етеді.

Жоңышқа дақылын егудің мөлшері жайлы айтар болсақ, ылғал тапшы болатын  шөл-шөлейтті аймақтарда (150-250 мм жауын түсетін жерлерде) – 4 млн. өнгіш дән немесе гектарына 8 келіден егу керек. Ылғалмен жартылай қамтамасыз етілген тау бөктерлеріне орналасқан аймақтарда (350-500 мм жауын жауатын жерлерде) – 5 млн. өнгіш дән, яғни гектарына 10 келіден болғаны жөн. Ал, ылғалмен толық қамтамасыз етілген таулы аудандарда (600 мм жоғары жауын жауатын жерлерде) – 6 млн. өнгіш дән немесе әр гектарына 11 келіден болса, суармалы егіншілік танаптарына – 7-7,5 млн. өнгіш дән немесе әр гектарына 14-15 келіден болғаны абзал. Жоңышқа тұқымы толық тазартылып, карантинді у–кекіре мен сары шырмауық тұқымынан ажыратылып, магниттік қондырғыдан өткізілген болуы тиіс. 

Міне, көктемнің екінші айына да келіп жеттік. Көптеген шаруалар жаздық арпа немесе жаздық бидай егуге бола ма деп сұрап жатады. Жауынның мол түсуіне байланысты әлі де егін еге беруге болатын шығар деп жүрген шаруалар да аз емес. Бірақ, бұл – жаңсақ түсінік. Негізі масақты жаздық дақылдардың оңтайлы егу мерзімі ақпан және наурыз айы. Қазір сәуірдің бас кезінде жаздық арпа егу тиімсіз. Себебі, жоғары температуралық ортада арпа аса биік болып өспейді, ал, пісіп-жетілуі – сүттену, қамырлану, толық пісу кезеңі маусым айының ыстық кезіне тура келіп, дәні пұш болып қалуы мүмкін. 

Биыл жаздық арпаны жоңышқа дақылымен бірге аралас бүркемелі дақыл ретінде өсіру өте тиімді болатынын да ескерте кетейік. Тәлімі жерлерде жоңышқа дақылының тек өзін ғана еккен кезде жұмсалған шығын ақталмайды. Осы жағдайды ескере отырып, ылғалмен толық және жартылай қамтамасыз етілген аймақтарда жоңышқа мен жаздық арпаны аралас егуді ұсынамыз. Аралас егісте жоңышқаны егу мөлшері жоғарыдағы ұсынылған мөлшеріне сәйкес, ал, жаздық арпаның егу мөлшері 2,5-3 млн. өнгіш дән, гектарына 100-110 келі болғаны жөн. 

Тәлімі жерлерде ауыспалы егіс жүйесінде өсірілетін негізгі дақылдардың бірі – мақсары. Мақсары – қуаңшылыққа төзімді, дұрыс күтіп-баптасаңыз гектарына 12-18 центнерден өнім беретін дақыл. Соңғы кездері шөл-шөлейтті жерлерден мақсары дақылынан құрғақшылық жылдары да тұрақты өнім жинауға болатыны дәлелденіп жүр. Өкінішке қарай, шаруалар оны ауыспалы егістегі дақылдардың ең соңында (сәуір айының соңғы онкүндігі мен мамыр айының ішінде), оңтайлы мерзімінен кешіктіріп егеді. Содан ылғал орташа түскен жылдары мақсары өскін береді, ал, құрғақшылық жылдары өскін ала алмай, шаруа шығынға ұшырайды. 

Биыл мақсарыны күздік бидайдан соң топырақты ЛДГ-15, ЛДГ-10 немесе культиваторлармен жеңіл өңдеп, 8-10 см тереңдікке егуді ұсынамыз. Мақсарыны еккенде 2-4 күннен соң нөсер жауын жауып, топырақ беті қатқан жағдайда өскін шыққанға дейін тырмалау (2-3 см тереңдікте) керек. Өскіні шыққан соң да қатқақты бұзу және арамшөпті жою үшін егістікке көлденеңінен тырма бастыру өте тиімді агротехнологиялық шара болып саналады.

Биылғы ауа райы ерекшелігіне қарай мақсарыны сәуір айының бас кезінде егістік жерлерді жеңіл өңдеп барып егіңіз, сондай-ақ, арамшөптерді толығымен жою керек, ал, гербицид қолданудың қажеті жоқ.

«Көктемнің әр күні – жылға азық» деген. Ендеше, әр күнді тиімді пайдаланайық! 


Досымбек СЫДЫҚ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик,

«Оңтүстік–Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» егіншілік және өсімдік шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі.

Пікір қалдырыңыз