Ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егіледі

Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов брифингте мәлімдеді.

Әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдардың егіс көлемі 7,8 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2,6 мың гектарға артса, сәйкесінше мақта дақылы 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға, майлы дақылдар 6,4 мың гектарға қысқартылып, 75,5 мың гектарға егіледі. 
Күздік егіс 201,7 мың гектарға егілген, егістің жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізілуде. Жаздық дақылдар 29 мың гектарға егілді. Оның ішінде қырыққабат 6 мың гектарға, жоңышқа 12 мың гектарға, бақша 7 мың гектарға, масақты дақылдар 4 мың гектарға егілді.
Жер айдау жұмыстары – 95, сор шаю жұмыстары 92 пайызға орындалды.
Биыл облыс аумағындағы ірі су қоймаларында су көлемі толық жиналып, көктемгі егіс үшін сұранысқа сәйкес су босатылуда. Атап айтқанда, «Бөген» су қоймасында 363,3 млн. текше метр (98,2%) су бар. Босатылып жатқан су көлемі секундына 50 текше метр. «Қосқорған» су қоймасында 36,3 млн. текше метр су (97,4%) бар. Босатылып жатқан су көлемі секундына 22 текше метрді құрайды. Сонымен қатар, «Шардара» су қоймасында 4,8 млрд. текше метр (92%) су бар. Босатылып жатқан су көлемі секундына 630 текше метр. Сондай-ақ, «Достық» магистральды каналы арқылы 50 текше метр/сек ағын су келіп, ол Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы шаруаларға босатылуда. 
«Қазгидромет» мекемесінің болжамына сәйкес, биыл суармалы маусымда ағын су нормадан аз келеді. Осыған орай, биыл ағын су жылдағыдан ерте босатылды. Қазіргі толассыз жауған жаңбыр суларын ұстап қалып, көктемгі ылғалдандыру жұмыстарына мейлінше тиімді пайдалану қажет. Әрі қарай еріген қар суы арқылы су қоймаларын қайта толтырып, суару маусымын оңтайлы өткізу керек.
Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 10,4 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 5,2 мың тонна мақта шиті және 0,9 мың тонна жоңышқа тұқымы бар, 0,9 мың тонна жүгері, 32,0 мың тонна картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынып жатыр. 1,9 мың тонна мақта шитін алу жөнінде трейдерлік компаниялар мен мақта зауыттары Өзбекстан мемлекетімен келісімге келді.
Тауар өндірушілерді минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 7 млрд.теңге қаржы қаралды. 82,3 мың тонна тыңайтқыштың ақшасы төленеді. Сонымен қатар, биыл алғаш рет аванстық төлем жүйесі ендірілді. Яғни отандық тыңайтқыш өндірушілерден сатып алынған тыңайтыштар құнының 60%-ы субсидияланады. Бұл отандық тыңайтқыш өндірушілерді қолдаумен қатар, облыс агроқұрылымдарына минералды тыңайтқыштарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум түзілді. Меморандум негізінде облысқа жалпы көлемі 72 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу келісілуде. Дәл қазіргі таңда қоймада 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы («ҚазАзот» АҚ Сарыағаш ауданы базасында).
Жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жайлы айтар болсақ, Энергетика министрлігімен бекітілген кестеге сәйкес, ақпанға – 9 мың тонна, наурызға – 5,3 мың тонна, сәуірге – 1,6 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Ол агроқұрылымдарға литріне 247-249 теңгеден немесе нарықтық бағадан 15% төмен босатылуда (Бүгінгі күнге, таратушы операторлар тарапынан 10,4 мың тонна жанар-жағармай құны төленген, тауар өндірушілерге 1,5 мың тонна босатылды).
Жалпы, дала жұмыстарына қолда бар техникалардың 95%-ы дайын. Атап айтқанда, 11,5 мың трактор, 1,3 мың дән сепкіш, 554 соқа, 1,2 мың қопсытқыш науқандық жұмыстарға сақадай сай тұр. Жыл сайын техникаларды жаңалау үлесі 5-6%-ды құрайды. Ағымдағы жылы 1449 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 161 трактор, 6 комбайн, 13 құрал-жабдық сатып алынды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз