Жалпыға бірдей декларация: ұтарымыз қайсы?

Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2021 жылдан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілді. Сол жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілгендер, сондай-ақ олардың жұбайлары, 2023 жылдан бастап мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады. Биылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады. Келесі жылдан бастап барлық қазақстандықтар табыстарын декларациялай бастайды. 

Әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді механизмін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету сияқты үш пункттен тұратын жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтарға жеке тұлғаның шетелдік активтерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін көрсететін активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00 форма) ұсынудан тұрады. Атап айтар болсақ, шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктегі 3,5 млн. теңгеден жоғары ақша, шетелдік компанияға қатысу үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т.б.), үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлес), инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған несие шарттары, құны 3,5 миллион теңгеден асатын басқа мүлік. Бағалау 31 желтоқсандағы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін (2024 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей) жүргізілуі тиіс.
Кейіннен жыл сайын күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, мүлікті Қазақстанда да, одан тысқары жерлерде де сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ, оларды сатып алу жөніндегі шығыстарды жабу көздері көрсетілетін кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 форма) толтырылады.
Кірістер мен мүлік туралы декларацияда кірістер, салық шегерімдері, мүлікті, оның ішінде өтеусіз алынған мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару, қымбат мүлікті сатып алу көздері, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарты, инвестициялық алтын, жеке тұлғалардың нотариалды куәландырылған несие шарттары, шетелдік компанияға қатысу үлесі, шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетел банкіндегі 7,3 мың АҚШ долларынан (1000 АЕК) жоғары ақша көрсетіледі.
Кіріс туралы декларацияның стандартты нысанымен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында «Жалпы декларация» бөлімінен, салық төлеушінің кабинетінен, оның ішінде «Бланкілер журналының» формасындағы «Салық есептілігінің нысандары» бөлімі арқылы танысуға, ал, қағаз түріндегі декларацияны жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе мемлекеттік кірістер департаментінен алуға болады. 
Декларацияларды салық төлеушінің кабинеті арқылы, eGov электрондық үкімет порталы арқылы немесе eSalyq Azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Түсінікті болу үшін декларация формаларына нақтырақ тоқталайық. Бірінші жылы кәсіпкер 250 формадағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынады, басқаша түрде «кіру декларациясы» деп аталады. Ол декларациялау кезінде барлық жинақталған мүлік пен ақшаны көрсетеді.
Одан кейінгі жылдары кәсіпкер табыстары мен мүлкі туралы декларацияны, 270 форманы тапсырады. Ол тапсырушының жыл ішінде не тапқаны мен алғанын көрсетеді. Бұл тапсырушының бастапқы декларация толтырған кезде не көрсеткенін  және кейінірек не пайда болғанын көру үшін жасалады.
Бақылау 2025 жылы басталады, ол кезде жалпыға бірдей декларация халықтың барлық санаттарын қамтиды.
Декларацияны ұсынбағаны немесе толық емес немесе дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет салық органдары декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, ал, толық емес ақпаратты көрсеткені үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салады.
Егер кәсіпкер табысын жасырса, оған салық сомасының 200 пайызы, қайталап бұзса 300 пайызы айыппұл ретінде салынады. Бұл айыппұлға салықты қосып төлейді.
Жалпыға бірдей декларация бір реттік емес, жыл сайын толтырылып отырады. Түсінікті болу үшін: жүйеге кіру деп аталатын бірінші декларацияны тапсырған кезде активтер мен міндеттемелер туралы есеп (250 форма) толтырылады. Мұны тек бір рет жасау керек. Бұл ретте активтер  мен міндеттемелердің қалай пайда болғаны сұралмайды. Барлық келесі жылдарда табыс пен мүлік туралы басқа декларацияны (270 форма) толтыру қажет.
Ең маңыздысы,  250 форманың қалай толтырылғанына және онда нақты не көрсетілгеніне сүйене отырып, салық органдары 270 форманың декларацияларында байлықтың қалай өскенін бақылайды. Нақтырақ айтқанда, қалтаңызда қаржыңыз жоқ бола тұрып, келесі жылы қымбат зат алсаңыз, оның қалай пайда болғанын, заңды ма, жоқ па, соны түсіндіруіңіз керек.

Қуатбек ҚАЛЫҚҰЛОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент. 
Пікір қалдырыңыз