Боао Азия форумы – жаһандық дамудың символы

Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтті.

Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы алдағы жылдары жаһандық өсім мен дамуды ынталандыру ісін жалғастыру үшін Азия өңірінің мол әлеуеті бар екенін жеткізді.
– Осы ретте Боао форумы жалпыға ортақ экономикалық прогреске қол жеткізу жолындағы Азиялық инновациялық тәсілдің іске асқанын анық көрсетеді. Сондай-ақ, бұл жиын Қытайдың жаһандық дамуға деген ұстанымының айқын символы ретінде танылды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек.
Бұдан бөлек, Президент әлемдік қаржы жүйесіне де жаңа тәсілдер қолдану керек деп санайды. Мемлекет басшысы қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, халықаралық қоғамдастықты орнықты қаржыландыру саласында барынша пәрменді шаралар қабылдауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың да стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Пікір қалдырыңыз