Ауыл өнертапқышы трактор құрастырды

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде қайда барсаңыз да тапшылық пен қымбатшылық өкпеден қысып тұр. Соған қарамастан ауыл адамдары ілдебайлап еңбек етіп келеді. Жұмыс істемегенде қайтеді, бала-шағаны асырау керек, тұрмысты түзеген жөн. Көштен қалатын заман емес қазір.

Шардара ауданы,  Алатау батыр ауылдық округіндегі  «Нұрадин» шаруа қожалығы да жұрт қатарлы өз арбаларын өздері сүйреп келе жатқандар қатарында.  Қожалықтың 40 гектар мақталығы, 18 гектар жоңышқасы бар. Енді ауылда тұрған соң азын-аулақ мал ұстайды. Дегенмен, жаңа техника алайын десе, құрғыр қаржысы жете бермейді. Оның үстіне олардың бағасы аспанға ұшып тұр. Не істемек ләзім? 
Қожалық төрағасы Қуаныш ұлдары Бауыржан мен Жеңіспен ақылдасып көрді. Ақырында олар тракторды қолдан құрастырып көруге бел буды. «Ізденген жетер мұратқа» деген бар. Ізденді. Талпынды. Соңында күрмеулі істің шешімі табылғандай болды. Бұл трактор дегеннің бөлшектері оңайлықпен табыла бермейді. Қайтпек керек? Ақырында олар түрлі техникалардың бөлшектерін әр-әр жерден тауып, трактор жасауға кірісті. Несін айтасыз, «КамАЗ» жүк машинасының, «К-700» және «МАЗ» тракторларының, комбайнның, басқа да техникалардың бөлшектерін қиюластырғанда басқа пішімді трактор шыға келді. Біз ілгерілетіп айтып отырмыз, әйтпесе осы тракторды құрастыруға қаншама уақыттары кетті десеңші! 
Тауып әкелген бөлшектері жаңа техникасына қонымды ма, бөлшектері бір-бірімен дәл келеді ме, осының барлығын инженерлік біліммен үйлестіре білулері қажет-ті.  Мәселен, бір техниканың бөлшегі басқасына түспейді. Олардың пішімі, көлемі, тіпті атқаратын қызметі де бір-біріне сәйкес келмейді. Бірақ, механикалық- инженерлік тұрғыдан келгенде  есебін тауып, оларды бір техниканың бойына шақтап үйлестіруге болады екен. Әрине, бұл жерде дәнекерлеуші де бола білуің керек.
Қазір Қуаныш Өтесінов ұлдары Бауыржан мен Жеңіс үшеуі құрастырған тракторы кәдеге жарап тұр. Мұнымен шөп те шабады, жүк те тасиды. Жер жыртады, қопсытады, тырмалайды, культивация жасайды, не керек,  ауыл шаруашылығына қатысты барлық шаруаны мінсіз атқарады.
Енді бүгінде Бауыржан мен Жеңіс тағы бір тракторды құрастыруға кірісіп кетіпті.  Олардың 
1 «КамАЗ»  жүк көлігі, 1 «МТЗ-80» тракторы, 1 жүк тиегіші бар. Шаруашылық көлемін ұлғайту үшін бұлар да аздық етеді. Сондықтан Өтесіновтер отбасы керек техникаларды өздері жасап алуды ұйғарып отыр.  
– Біз осы тракторымызға тиісті құжаттарды алсақ дейміз. Сосын өз атымызға  патенттеп алу да ойымызда бар. Сонда өнертапқыштық жұмысымыз заңды болар еді.  Әзірге өзіміз құрастырған трактормен ауылдағы тіршіліктерімізді атқарып жүрміз, – дейді Бауыржан Өтесінов.
Қолдан құрастырылған трактордың пішімі расында бөлектеу көрінді. Сосын оны иесімен бірге суретке түсіріп алдық.

Шардара ауданы. Суретті түсірген автор.
Пікір қалдырыңыз