Мерекелі жылы берекелі өнім алынды

Несібесін жерден айырып, ала жаздай үй бетін көрмеген шаруалар қараша түсе еңбегінің жемісін көріп, табысын таразылап жатады. Қамбасы астыққа толып, көңілі жайланған олар әдеттегідей «Алтын күз» мерекесін тойлаудың қам-қарекетін бастап та жіберді.
Жалпы, биылғы жыл шаруалар үшін қандай болды? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биылғы қуаңшылыққа байланысты көптеген қиыншылықтар орын алғанымен, агроөнекәсіп кешенінің даму тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары ойдағыдай жүзеге асқан. Біз бүгін газет оқырмандарына басқарма басшысының жыл жетістіктеріне жасаған шолуын ықшамдап ұсынғанды жөн деп таптық. 

Экономика бөлімі. 



Иә, әр жылдың өзіне сай несібесі болады. Биылғы қуаңшылыққа байланысты біраз қиыншылықтар орын алып, ауыл шаруашылығына қолайсыз болғандығына қарамастан облыста агроөнеркәсіп кешенінің даму тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Нақты дәлелдермен айтар болсақ, биылғы жылдың он айының қорытындысына сәйкес жалпы өнім көлемі 805,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 128,7 млрд. теңгеге артып отыр.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 47,1 млрд. теңге тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Тамақ өнеркәсібіне 6,2 млрд. теңге инвестиция тартылып 1,6 есе артты. Қайта өңделген өнім көлемі 73,0 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 5,7 пайызға артса, ет 42,9 пайызға, жеміс-көкөніс 24,5 пайызға, өсімдік майы 45,1 пайызға, сүт 2,1 пайызға артқан.   
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға орналастырылды. Әртараптандыру аясында мал азықтық дақылдардың көлемі 2,6 мың гектарға, бақша дақылдары 8,9 мың гектарға артса, мақта 16,2 мың гектарға кеміп, 109,7 мың гектарға егілді. Ал, дәнді дақылдар 300 мың гектарға,  майлы дақылдар 85,64 мың гектарға, көкөніс 42,7 мың гектарға, картоп 15,3 мың гектарға егілді. 
Биыл 237,9 мың гектарға астық егіліп, оның түсімділігі орта есеппен гектарына 10,2 центнерді құрады, 241,2 мың тонна дән қамбаға құйылды.  
Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 20 центнерге өсіп, өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артты, 3,3 млн. тонна өнім жиналды. 
Биыл 281 мың тонна мақта жиналды. 18 зауыт 206 мақта қабылдау бекеті арқылы 1 тонна шитті мақтаны 320 мың теңгеден қабылдады. Баға өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. 
Мал азықтық қорды қамтамасыз ету – биылғы ең өзекті проблемалардың бірі болды. Жағдай тұрақты бақылауға алынып, бүгінгі таңда 4,2 млн. тонна жем-шөп дайындалды. Бұл облыстағы мал басына қажеттіліктің 109 пайызын қамтамасыз етеді. 
Жылыжайлар 105,3 гектарға салынып, жалпы көлемі  1 437 гектарды құрады. Одан 145,1 мың тонна өнім алынды. 
Өңірде еңбек өнімділігін арттыру мақсатында үш бағытқа, атап айтсақ, агроқұрылымдарды кооперативтерге біріктіре отырып, озық технологияларды ендіруге, бір жерден екі рет өнім алуға, тамшылатып суаруға басымдық берілді. Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендірілді. 
Ауыспалы егістің де ауқымы кеңейіп келеді. «Түркістан Агро ХХІ» серіктестігі 1 113 гектарға бірінші өнімге жоңышқа, жүгері, күздік бидай, екінші өнімге сүрлемдік жүгері егіп алды. Жалпы азық-түлік белдеуі аясында құны 70,7 млрд. теңгені құрайтын бес серпінді инвестициялық жоба жүзеге аспақ. «TURKISTAN FRUIT» серіктестігі 400 гектарға қара өрік отырғызу жобасын қолға алды.  Сондай-ақ, «Түркістан Агро ХХІ» серіктестігі 1 200 ірі қараға арналған заманауи тауарлы-сүт фермасын құруды, «Turkistan Fruit» 922 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, мал азықтық дақылдардар өсіруді, «Органик Агрофуд» елу гектар заманауи жылыжай кешенін салу мен жүз елу гектарға өрік егуді жүзеге асырмақ.
Екінші бағыт бойынша ағымдағы жылы 8,9 мың гектарға 2878 жоба жүзеге асырылды. Үйіргелік жерлерді тиімді пайдалануды көздейтін үшінші бағыт бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Бұл бойынша ағымдағы жылы 525 жоба жүзеге асырылса, оның ішінде мемлекеттік грант есебінен 162 жобаға қолдау көрсетілді.
Үкіметтік деңгейде қабылданған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында Түркістан өңірінде ірі су нысандарының құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұрын ағын су 43 пайызға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 43 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн. текше метр су үнемделіп, 1,5 шақырым канал бойы абаттандырылды. Жоба толық іске асқанда 60 млн. текше метр су үнемделмек. Осы жоба аясында 5,6 млрд. теңгеге «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу қолға алынып, қазіргі таңда биіктігі 26 метрге дейін көтерілетін үлкен дамбының 80 пайызы бетонмен қапталды. Көктем мезгіліндегі тасқын сулардың ысырабына жол берілмей, 5 млн. текше метр су жиналды. Ал, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аясында 2,3 млрд. теңгеге 34 шақырым бөгет жасалса, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қоймасын салу және Кентау қаласындағы «Қосқорған» су қоймасын толықтыру жобалары қолға алынды. Аталған жобалар іске асса 252 млн. текше метр су жеткізіліп, Түркістан өңірі кепілді ағын сумен толық қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлініп, 302 шақырым су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің қолдауымен Жетісай ауданына басымдық беріліп, коммуналдық меншіктегі барлық 241 шақырымды құрайтын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысы мал шаруашылығының дамуы бойынша елімізде жетекші орынға шыққанын ерекше айта кеткен жөн. Ірі қара аналықтың 52,8 пайызы асыл тұқымды бұқамен, ұсақ малдың  58,5 пайызы асыл тұқымды қошқарлармен түрлендірілді. Нәтижесінде мал басы мен өнімділік көлемі 4-5 пайызға өсті. 
Статистикаға сүйенсек, 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста 1082,9 ірі қара, 4754,9 мың уақ мал, 366,7 мың жылқы, 37,3 мың түйе, 2148,5 мың құс бар. Ет өндіру 4,5 пайызға артып, 190,9 мың тоннаға, сүт 2,6 пайызға артып, 669,3 мың тоннаға жетсе, жұмыртқа 4,6 пайызға артып, 193,6 млн. дана өндірілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге тапсырма берген болатын. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет тарапынан ветеринария жүйесін реформалау қолға алынды. Бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылы аудан, қалалардағы ветеринариялық ұйымдар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының құзырына өтіп, жағдай бір орталықтан бақыланатын болды. Мал дәрігерлері жыл бойына тұрақты жұмыспен қамтылып, еңбекақылары 1,5 есе көбейді. Нәтижесінде ветеринариялық шаралардың сапасы артып, соңғы жылдары төрт түлік арасында аса қауіпті аурулар тіркелмеді. 
Биылғы жылға ветеринариялық іс-шаралардың сапасын арттыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 16 арнайы жабдықталған «УАЗ» фермер автокөлігі, 16 био-препараттарды сақтауға арналған камералық тоңазытқыш, 178 витриналық тоңазытқыш,  814 термочемодан, 366 ит ұстауға арналған ілмек және 390  компьютер жиынтығы алынды. 
Бұдан бөлек, аудан, қалалардағы 16 ветеринариялық ұйым біріктіріліп, облыстық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды.  Бұл тәжірибе елімізде алғаш рет біздің облыста қолға алынып отыр. 
Төрт түліктің аса қауіпті 15 түрлі ауруына қарсы 31,5 млн. доза вакцина егу жұмыстары жүргізілді. Сарып ауруына қарсы – 836,7 мың ірі қарадан және 3288,8 мың уақ малдан қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханаларда тексерілді. 
Құтыру ауруының алдын алу үшін 48,8 мың қаңғыбас ит-мысықтар ауланып, жойылды. Сондай-ақ, энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында 2,7 млн. ірі  қара мал бүркіліп, 9,1 млн. уақ мал тоғытылып, 96,2 млн. шаршы метр қоражайлар мен буферлік аумақтар залалсыздандырылды.
Міне, осылайша облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізілді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі отыз жылда біздегі жалпы өнім көлемі жүз есеге артып, 850 млрд. теңгеге жеткен екен. Көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 89 мың гектарға артып, 113,3 мың гектарға жетті. Сәйкесінше өнім көлемі 2,7 млн. тоннаға артып, 3 млн. тоннаны құрады.
Ірі қара мал басы 2,5 есе, жылқы 4,2 есе, түйе екі есе көбейіп, өндірілген ет, сүт өнімдері де екі есеге ұлғайған. Қайта өңдеу саласының экспортқа бәсекеге қабілеттілігі артып, аграрлық салада индустриалды-инновациялық даму қарқын алып келеді. Осылайша Түркістан облысы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына толағай табыстармен келіп отыр. 

Нұрбек БАДЫРАҚОВ, 
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Пікір қалдырыңыз