Студенттердің стипендиясы өседі
Ашық нормативтік-құқықтық актілердің жобалары порталында студент, магистрант және докторанттардың стипендиясын көбейтуді көздейтін Үкімет қаулысының жобасы жарияланды. Онда шәкіртақы осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап өсетіні, 2025 жылы 1 қыркүйектен бастап тағы да көбейе түсетіні көрсетілген. Бұл туралы «Kazinform» ақпарат агенттігі хабарлады.
Осылайша, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің спидендиясы («Денсаулық сақтау» бағытындағы педагогикалық дайындық бағыттары бойынша оқитын студенттерді қоспағанда) – 47 135 теңге болады. Ал, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары бойынша және «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 75 600 теңге стипендия алады.
Жаңа өзгеріс бойынша интерндер – 85 376 теңге, ҚР Жоғарғы Сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары – 107 061 теңге, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттар – 200 000 теңге стипендия алады. «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша докторанттардың стипендиясы 240 000 теңгеге жетеді. Ал, «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттар 123 122 теңге алмақ.
Жұмыс біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің бағдарламаларын іске асыратын студенттер – 43 574 теңге, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын студенттер 41 896 теңге стипендия алады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары – 40 065 теңге стипендия алады деп жоспарланып отыр.
«Оңтүстік»-ақпарат.