Тіл білгенге әлемнің есігі ашық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін әр жылдары бітірген түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Елімізде ғана емес, шетелдерде де алған білімдерін одан әрі жалғастырып жүрген шәкірттеріміз аз емес. Бүгінде Ұлыбритания мен Бельгияда, Швеция мен Канадада, Түркия, АҚШ, Германия, Ресей мемлекеттерінде білімдерін көтеріп жүрген студенттерімізді мақтан тұтамыз.    

Жалпы, тіл – әр ұлттың ең қастерлі де баға жетпес мұрасы болып саналады. Кез келген елдің ана тілі – сол мемлекеттің мәдениеті мен салт-дәстүрінің мәйегі. Түрлі ұлттарды біріктіретін де, ерекшелейтін де өзінің ана тілі. Атам қазақ «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп бекер айтпаған. Сондықтан да қанша тіл білсек, сонша ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүріне дендеп ене аламыз. Тарихқа үңілсек, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп атамыз араб және парсы тілдерін жетік білсе, түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай әлемнің жеті тілінде еркін сөйлеп, жаза білген. Отыз жасында жасындай жарқ еткен Шоқан Уәлиханов та ағылшын, француз, неміс, орыс және түрік тілдерін жетік меңгерген. Хәкім Абайдың өз заманында «Орыстың тілі – дүниенің кілті. Орыс тілін оқыңыздар. Ол сіздердің көздеріңізді ашады» дегенін бәріміз білеміз. Әрине, құптарлық жайт, қалай болғанда да тіл білген артықтық етпейді, қайта әлемнің есігін сеніммен аша аласың. 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті шетел тілдері кафедрасының білікті кадрларды, білімді жастарды тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар. Оқу орны еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін барлық педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша алдыңғы орыннан көрініп жүр. Сонымен қатар, шетел тілдері кафедрасының заманауи материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде қалыптасқан.  Барлық жағдайы жасалған жатақхананың болуы да жастардың алаңсыз білім алуына жол ашады. Жоғары ғылыми көрсеткіш,  мықты профессор-оқытушылар құрамы да студенттердің шет тілін білуге құлшыныстарын оятады. Кез келген шәкірт әлемнің үздік елдерінде академиялық ұтқырлық аясында білім алу үшін  шет тілін жетік меңгеру қажеттігін мойындайды. Сондықтан да біздің кафедра ағылшын тілін тереңдетіп оқыту әдісін түрлі формада бағдарламаларға бөліп, студенттің ой-өрісін дамытуға жағдай жасап отыр. Мәселен, шетел тілдері кафедрасы ұстаздары «English club» ашып,  әр білім алушының ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеріп, оларды еркін сөйлеуге үйретеді.  
Шетел тілдері кафедрасының профессор-оқытушы құрамы Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Түркия, Ресейдің басқа да көптеген шетелдердің жетекші университеттерінде ғылыми тағлымдамадан өтіп тұрады. Оған қоса, университетімізге шетелдік оқу орындарынан академиялық ұтқырлық аясында ғалымдар шақырылып, студенттерге дәріс оқып тұрады.  
Сонымен қатар, шетел тілдері кафедрасының оқытушылары үнемі өз білімдерін жетілдіру мақсатында әртүрлі шетелдік оқу бағдарламаларына қатысып, халықаралық сынақ тапсырады. Оқу-әдістемелік құралдарын, электронды оқулықтар әзірлейді. Мұнда білім алушылар лингафон кабинеттеріне, университет кітапханасындағы заманауи кітаптар мен мерзімді басылымдарға және интернет ресурстарына шектеусіз қол жеткізе алады. Осының барлығы студенттерге білім сапасын үнемі жақсартып отыруға көмектеседі.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті студенттер, магистранттар мен мектеп мұғалімдерін оқу материалдарымен қамтамасыз ете отырып, олардың ғылыми бағытта жұмыс істеулеріне жағдай жасауда. Тапқыр да зерек, тілді жетік меңгерген студент лингвистикалық клубта,  студенттердің ғылыми-практикалық конференция отырыстарында зерттеу тәжірибелерімен бөлісіп, оны түрлі басылымдарда жариялайды. Ең дарынды студенттер «ТМД-ның үздік студенті» халықаралық ғылыми жобасына қатысады. 

Анар ДІЛДӘБЕКОВА, 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті шетел 
тілдері кафедрасының меңгерушісі. 
Фазила АРТЫҚБАЕВА, 
аға оқытушы. 
Майра ТАЙТЕЛИЕВА,
 аға оқытушы.

Пікір қалдырыңыз