Тазалық та Түркістаннан басталады

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Көктем келіп, жердің тоңы жібіп, жасыл желекке айналатын шақта Табиғат-анаға жанашырлық танытып, тазалық жұмыстарын қолға алудың маңызы зор. Өйткені, жан-жағың жаңарып, ағаш атаулы бүр жара бастаған тұста өткен жылдан қалған ескі-құсқылар көзге қораш көрініп, тазалық жұмыстарын жүргізуді керек етіп тұрады. Осы ретте өңір басшысы Дархан Сатыбалдының бастамасымен облыс көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Оған жергілікті әкімшілікте, мемлекеттік мекемелерде, кәсіпкерлік ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлер мен еріктілер қатысты.


Елді мекендердің аумағын қоқыс қалдықтарынан тазарту, су айдындарының арналарын ашу, көше бойларын және арық-атыздарды қалпына келтіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 20 мыңға жуық тұрғын қатысып, 279 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде жалпы көлемі 

1 010 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. 1 152 көшенің бойлары, 265 шақырым аяқжолдар тазаланды. Сонымен қатар 271 саябақ, 55 сквер, 269 балалар алаңшасы мен 268 спорт алаңы, 14 аялдама әктеліп, сырланды. Одан бөлек 897 көпқабатты үйлердің аумақтары мен кіреберістері, 318 үйіргелік аула ретке келтірілсе, 131 шақырымды құрайтын ирригация жүйелері қоқыстан тазартылды. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы сенбілікте 62 827 көшет отырғызылып, 633 үйдің қасбеттері әктеліп, сырланды.

Жастар жарқыратып жіберді

Түркістан облыстық  қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Наурызнама онкүндігі аясында «Сенбілік – тазалық айнасы» атты акцияға облыстың екі жүзге жуық белсенді жастары қатысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.

 Тарихи Сауран бір серпілді

Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бүкілаудандық сенбілікке бес жүзден астам адам, он жеті техника жұмылдырылып, жалпы жиырма мыңға жуық көшет отырғызылды. 

Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расында да, атадан балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес. Жыл сайын жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары көктем мезгілінде басталып, қара күзге дейін жалғасады. 

Сенбілікке қатысқан аудан әкімдігінің аппараты, дербес бөлімдері, жастар мен еріктілер, мекеме қызметкерлері, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар ағаш отырғызу іс-шарасына белсене қатысты. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бас болып, ауданның тазалығына мән беріп, оны бүкіл тұрғындар болып жалғастырып жатыр. 

Қазіргі таңда өңірдегі барлық елді мекендер басқарма тарапынан тегін үлестірілген көшеттерді уақытында алып, бекітілген тиісті орындарға егу жұмыстарын жүргізіп жатқанын да айта кетейік.  

Осылайша Түркістан қаласынан бастау алған тазалық жұмыстары басқа аудан-қалаларда да жалғасын тауып жатыр. Мұндай қоғамдық жұмыстар жастарды тек тазалық жұмыстарына жұмылдырып қана қоймай, оларды ұйымшылдыққа үндейді. Ендеше, еліміздің көрікті де көркем, таза да тартымды болуына баршамыз атсалысып, тек бір-екі күндік сенбілікпен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да мұндай жұмыстарды жалғастыра берсек, нұр үстіне нұр. 

Пікір қалдырыңыз