Жайқалған жасыл елге айналсақ...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында республика елді мекендеріне 15 миллион көшет егуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 1,5 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егілмек. 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірдің елді мекендерін көгалдандыруға  2022 жылы – 251 685 түп, ал, 2023 жылы 1 088 944 түп әртүрлі көшет босатылған. Биыл көктем айларында 522 935 түп, күз айларында 515 935 түп, барлығы 1 038 870 түп әртүрлі көшет отырғызылмақ. 
Таза ауа – тіршілік көзі. Адамзат баласының Табиғат-анадан алар ең басты сыйы – таза ауа. Десек те, ауа атмосферасының жай-күйі бүгінде бүкіл әлем елдерін алаңдатып отыр. Тұрмыстық қалдықтарға толы қоршаған орта, көліктер мен зауыт-фабрикалардан тарайтын түтін табиғаттың ластануына әкеп соғуда. Экологтар бұл проблеманы шешудің ең тиімді тәсілі – ағаш егу деп есептейді. Өйткені, бір гектар орман күніне ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын жұтып, 180-200 келі оттегі шығарады екен. Яғни бір ағаш 3 адамның тыныс алуына жеткілікті оттегін шығарады. Демек, ағаш егуге науқан деп емес, өзіміздің күнделікті таза ауамен тыныстауымызға қосқан үлесіміз деп қарау маңызды. Сондықтан мемлекеттік деңгейде назарға алынып, ерекше мән беріліп отырған көшет егу жұмыстары өңіріміздің экологиясын жақсартумен қатар, тұрғындардың денсаулығын түзеу бағытында да үлкен маңызға ие. Қоршаған ортаны таза ұстау, көгалдандыру жұмыстары аталған басқарманың күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселелерінің бірі. 
Осы жәйтке орай жуырда Қазығұрт ауданында жергілікті әкімдіктердің, басқарма мамандары мен ғалымдардың, орман шаруашылығы қызметкерлерінің қатысуымен үлкен семинар-кеңес өтті. Іс-шара барысында көшеттерді қазу, тасымалдау, егу және күтіп-баптау мәселелері талқыланып, жан-жақты түсіндірілді. Осындай іс-шара алдағы уақытта Түлкібас ауданы, Машат ауылдық округінде де ұйымдастырылмақ. Семинар-кеңестің басты мақсаты – елді мекендерді көгалдандыру, көшеттерді егетін жерді дұрыс таңдау, егу, күтіп-баптау шараларын тұрғындарға түсіндіру. Сонымен қатар, ауыл-аймақты жасыл желекке айналдыра отырып, жас ұрпаққа Табиғат-ананы аялауда үлгі-өнеге көрсету. 
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өзге елдердің тәжірибелерін пайдалана отырып, облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашуға тапсырма берген болатын. Өңір басшысының тапсырмасына орай, орман шаруашылығы мекемелерінде қосымша заманауи тұқымбақ бұрыштары ашылмақ. Ал, ең үлкен тұқымбақ «Жасыл аймақ» КММ-нің базасында ашылады. 
– Біздің өңірде ағаш өсіретін тұқымбақтардың санын көбейтуге және көгалдандыруға қатысты жұмыстарды күшейту үшін аудан, қала әкімдіктеріне міндеттемелер жүктелді. Былтыр аудан, қала әкімдіктерінің ауласына жалпы 1 миллион түптен аса көшет, оның ішінде 101 573 түп гүлді ағаш егілді. Ал, биыл көктем айларында 522 935 көшет, оның ішінде 5500 түп гүлді ағаш көшеті әзірленді, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев.
Былтыр облыста өткен «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқан Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкстан елдерінен келген ғалымдар Түркістан өңірін жасыл желекке айналдыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берген болатын. Бұйыртса, жақын болашақта Түркістан өңірі жасыл желекке оранған елдегі ең бір көркем аймаққа айналмақ. 

А.Жахияқызы.  

Пікір қалдырыңыз