Субсидиялау саласына талдау жүргізіледі

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді талдау жұмыстары басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен құрылатын арнайы топтар бұл бағыттағы жұмысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асыратын болады.

Мұндағы мақсат – субсидияларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою.

Талдау барысында барлық нормативтік құжаттар, өңірлерде субсидиялар берудің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шағымдары мен өтініштері тексеріледі. Одан бөлек, арнайы топтар өңірлерге іссапар жасап, тұрғындармен кездеспек. Ал, азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын қабылдау үшін taldau@antikor.gov.kz электрондық поштасы және +7 778 668 99 20 WhatsApp нөмірі іске қосылады. Сонымен қатар, арнайы топ өкілдеріне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдары мен еліміздің барлық өңірлеріндегі агенттік департаменттерінің Antikor-орталықтары арқылы жүгіну мүмкіндігі де қарастырылған.

Демек, барлық проблемалық мәселелер, сондай-ақ заңбұзушылықтардың нақты дәлелдері бойынша жоғарыда көрсетілген байланыс арналары арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарласуға болады. Агенттік жемқорлық фактілеріне бей-жай қарамайтын азаматтарды аталған жұмыстарға қатысуға шақырады.

 

Б.Мейірханұлы.

Пікір қалдырыңыз