Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды

Созақ ауданындағы Созақ ауылының тұрғыны, «Болыс-Ата» шаруа қожалығының төрағасы Шәріпжан Рысметов «ҚазАгроҚаржы» акцонерлік қоғамы арқылы «Беларус МТЗ-892-2»  доңғалақты тракторын 12 млн. теңгеге 7 жылға лизингке алды. Оның 2 млн. 700 мың теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланып отыр.

Шәріпжан Рысметов аталған шаруа қожалығын 2015 жылы ұйымдастырды. Сол уақыттан бері аудан тұрғындарын жоңышқа, жүгері, қауын мен қарбыз, қызанақ пен картоп өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, еліміздің ірі қалалары Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шымкентке экологиялық жағынан таза қауын-қарбыз жөнелтіп, қала тұрғындарының ризашылығын алып отыр.

2019 жылы Санкт-Петербург қаласына 200 тоннадан астам қарбыз жөнелтсе, 2020 жылы карантиндік тосқауылға қарамастан Башқұртстан мемлекетінің Октябрьск қаласына 100 тоннадан астам қарбыз жеткізді.

– Шәріпжан тынымсыз еңбегінің арқасында 70 тоннадан астам жоңышқа, 20 тоннадан астам жүгері жинаса, 1 гектардан 80-90 тонна қарбыз өндірді. Алдағы уақытта ол шаруа қожалығының гектар көлемін ұлғайтып, өнімдерін арттырмақ, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы Созақ аудандық филиалының директоры Арман Анарбаев.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Созақ ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз