Балық экспортына басымдық берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін алға тартқан болатын. Оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған еді.

Бүгінде балық өсіру бойынша елімізде Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс аумағында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар. Оның 88-і балық шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланушыларға берілген. Ал, қосымша 46 су айдыны қайта конкурсқа қойылып, осы жылдың екінші жарты жылдығына дейін толығымен бекітілетін болады.

Түркістан облысы бойынша 133 кәсіпорын жылына 8 мың тоннадан астам балық өсіреді. Оның ішінде Шардара ауданындағы «Хамит» СТК, Сайрам ауданындағы «Көмеш балық» ЖШС және Түлкібас ауданындағы «First fish company» ЖШС сияқты үш ірі кәсіпорын бар.

Мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызын субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға үлкен септігін тигізуде.

Айта кету керек, өткен жылы өңірдің тауар өндірушілері жоспардағы 1 600 тоннаның орнына 2801,7 тонна балық өнімдерін өндірді. Өндірілген өнім Әзірбайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспортталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз