Қайырғали балық шаруашылығын қолға алды

Заманға сай кәсіптің де түрлері көбейді. Бұрынғы ата-бабаларымыз мал шаруашылығымен айналысқан болса, төрт түліктің тілін білетін малсақ елдің бүгінгі ұрпағы су түбіндегі балықтың да бабын тауып, кәсіп көзіне айналдырып алды.

Тау бөктеріндегі Түлкібас ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде мұнда балық шаруашылығымен тұрақты айналысатын төрт қожалық бар. Олардың қатары таяуда тағы біреуге толықты. Атап айтсақ, «Дос» шаруа қожалығы биылдың өзінде бір гектар жерге жасанды көл жасап, оған 14 мың балық шабағын жіберді. Оның төрт мыңы – ақ амур, алты мыңы – сазан, қалғаны дөңмаңдай балығының (толстолоб) шабақтары.

Балық өсіруді қолға алған қожалық төрағасы Қайырғали Тойболов бұл кәсіпті одан әрі ұлғайтуды да жоспарлап отыр. «Ойымыздағы орындалып жатса, алдағы уақытта бұл аймақты демалыс орнына айналдырмақпыз. Қазірдің өзінде жасанды көлдің аумағын қоршап, абаттандыруды бастап кеттік. Жоспарымыз жүзеге асса, табиғаты тамаша бұл жерді тиімді пайдаланған болар едік» дейді ол.

Айта кетейік, бұл кәсіппен айналысатын азаматтарға балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында тиісті көмектер беріліп келеді.

Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз