«Бәріне қолымды бір сілтеп, ауылға келдім...»

Иә, түлкібастық Данияр Байтілеуов осылай дейді. Ата-анасы қалада тұратын еді. Өзі атасының баласы болып ауылда өсті. ҚазҰУ-да оқып, экономист мамандығын алған соң оңтүстік астанада әжептәуір белді қызмет атқарды. Үйленді, балалы-шағалы болды.

«Атам соғыс ардагері болатын. Табанды, бірбеткей кісі еді. Бау-бақша баптағанды ұнататын. Балалық шағым Жаңаталап ауылында өтті. Маған ауылдың бүкіл тіршілігі таныс, жаныма жақын. 20 жылдай Алматыда тұрдым. Баспанамыз да, жұмысымыз да болды. Бірақ, үлкен қаланың қым-қуыт тіршілігі, қызықтары менің жанымды баурап әкете алмады. Ауылымды аңсадым да тұрдым. Түлкібасымның саф ауасы, таза суы, мөлдір бұлақтары, тамаша табиғаты мені өзіне магнитше тарта берді. Бақша егіп, ат байлаған ауыл тіршілігін сағындым. Талай жерді араласам да біздің өңірдей жайлы жер жоқ екенін іштей сезіндім. Ауылым түсіме жиі кіріп жүрді. Жер аударғандағы топырақтың, шабдалының иісі мұрныма келіп, әсерленіп оянатынмын. Енді бірде бала кезден армансыз шомылған Арыстың жағасында жүремін. Шіркін, туған жердің құдіреті-ай! Сонымен келіншегімді көндіріп (ол қаланың қызы), 2014 жылы қаладағы пәтерімізді сатып, ауылға көшіп келдік. Ауылға келгенде айналысатын жұмыстарымды да жоспарлап қойған едім. Ауылыма оралғаныма қуаныштымын. Әрекет етіп, ел қатарлы тіршілік жасап жатырмыз» дейді Данияр.

Қазір Даниярдың да, келіншегі Меруерттің де тұрақты жұмыстары бар. «Бұл бір айлыққа қарап отыратын заман ба?» деген оймен ауласынан шағын дүкен ашты. 50 қой сатып алып, оны таудағы малшыларға қосып қойды. Сондай-ақ, тауыққора соғып жіберіп, 30 тауық асырауда. Дүкенінде тауықтарының жұмыртқасын, қойының етін сатады. Сонымен бірге нан пісіреді. Тапсырыс берушілерге чикен де әкеп береді. Ал, күн жылыған соң балақайларды құйылмалы балмұздақ, сусындарымен қуантпақ. Ауыл тұрғындары оның әрекетіне сүйсіністерін жасырмайды. Әсіресе, Даниярдың алкогольді ішімдік, темекі, насыбай сияқты жағымсыз нәрселерді мүлдем сатпайтындығы олардың іштерін жылытады. «Онсыз да нәпақамыз жетеді. Берекесіз нәрседен нан таппауды жөн көремін» дейді кәсіп иесі.

Даниярдың салған үйіне, ауласына қарап, сүйсінесің. Тап-таза, бәрі орнында. Жеміс ағаштарымен қатар, шырша, қарағай секілді көпжылдық ағаштары да жайқалып тұр. «Жұмыстағы адамсыздар, сонымен қатар үйдегі кәсіптеріңізге, мұнша тірлікке қалай үлгересіздер?» дедім сүйсінгенімді әрі таңданысымды жасыра алмай. «Бәріне уақыт табуға болады. Екі ұлымыз – басты көмекшілеріміз. Жеке көлікпен зырылдап жүріп, біраз жұмысымызды тындырып аламыз. Нанды түнде ашытып қойып, келіншегім екеуміз таңалагеуімде пісіріп аламыз. Мал сою, жіліктеуді жас күнімде-ақ үйреніп алғанмын. Үлгермей жатсам, ақысын төлеп, таныстарымды көмекке шақырамын. Уақытымызды бос өткізбейміз. Жұмыс кестемізді жасап қойғанбыз» дейді езу тартып.

Данияр ауылдағы мұқтаж жандарға да көмектесіп, қайырымдылық жасап тұрады. Оның әрекетін өздеріне үлгі тұтып, қаладан ауылға оралуды ойлап жүрген жастар да бар екен.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз