Қойда береке бар

Түлкібас ауданында қой бағып, ата кәсіптен береке тауып отырған жандар аз емес. Сондай кәсібінен нәсіп тапқан жандардың бірі – Ақбиік ауылының тұрғыны Балқыбек Донбаев. Әу баста Балқыбек ағамыз «Қуаныш» шаруа қожалығын ұйымдастырып, 12 гектар жерге арпа, бидай, жоңышқа, мақсары екті. Осылай бірінші кезекте жем-шөбін сайлап алды.

Балқыбек Донбаев – қорасынан мал кетпеген бейнеткеш жан. Жас күнінен-ақ мал басын көбейткенді жақсы көретін. Төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұлы Қуанышының (суретте) да малға бейімділігі қуантатын. Малды кім жек көрсін, қызығу бір басқа, оны өсіріп, бабын жасау мүлде басқа дүние ғой. Қуаныш шаруаға жараған кезден-ақ малға шөп салып, суарып, қора тазалап, әкесінің бір жағында жүретін. Әсіресе, қой қоздағандағы қарбаласта уақытымен ас ішуді ұмытатын. Төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұлы Қуаныштың икемін байқаған әке теміржолшы мамандығын меңгерген ұлын басқа салаға жібергісі келмеді.

«Саған өз аулаңдағы жұмыс та жетеді. Мен болсам шау тартып келемін» деп әке өз кесімін айтты. Содан Қуаныш бәрін жиып қойып, қой бордақылаумен айналысты. Базардан орын алып, алты жыл ет сатты. Шаруалары бірте-бірте өрге басып, олар ауқатты отбасылардың қатарында жүрді. Әкесі екеуі ойласа келе қораны кеңейтті. Содан соң «Түлкібас» несие серіктестігінен 17 млн. 500 мың теңге несие алып, оған 350 қошқар, 150 тоқты сатып алып, мал басын көбейтті.

Бүгінгі таңда Донбаевтар қойдың қисары, еділбай, қазақы түрлерін бордақылап, етке өткізеді. Осы күнге дейін 350-ден астам бордақыланған қой сатты. Шаруашылықтың 1000 басқа есептелген қорасы, сыйымдылығы 250 тонна жем сақтайтын қоймасы бар. Қожалықта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қажетті жем-шөпті те өздері дайындайды.

«Көзімізді ашқалы малдың бейнетін де, берекетін де көріп келе жатырмыз. Қазір аптасына екі рет қой етін Шымкенттің базарында көтерме бағада сатамыз. Қой етіне деген сұраныс, әсіресе, елімізде атышулы індет белең алған кезде жоғарылады. Енді биылдан бастап асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытсақ деп жоспарлап отырмыз» дейді кәсіпкер.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз