Шаруалар қой өсіруге құмбыл

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Түлкібас ауданында мал шаруашылығы саласы бойынша қолға алынған жұмыс көп. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама ілгерілеушілік байқалып, мал бағуға ынталы шаруалардың саны көбейген. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана ауданда 10-15 басқа арналған 76 шағын мал бордақылау алаңдары ашылды. Сонымен қатар, 24 отбасылық сүт фермасы құрылды. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша жоспар артығымен орындалған. Яғни үш жүзден астам ірі қара, екі жүзге жуық жылқы, екі мыңға жетеғабыл уақ мал сатып алынып, ауданда мал басы көбейді. Әсіресе, қой өсіруге құмбыл шаруалардың көбейгені қуантады. Үкіметтен берілетін субсидия да мал өсірушілерге кәдімгідей көмек. Шаруалардың айтуынша, жаз маусымында қысқа дайындықты тыңғылықты жүргізген. Қысқы жем-шөпті жеткілікті жинап, күн суығанда қосымша мал азығын сатып алғандықтан, түлкібастық шаруалар әзірге қиындық көріп отырған жоқ.

Түлкібас ауданындағы «Адал-3000» мал бордақылау алаңында қызу тіршілік жүріп жатыр. Сондай-ақ, басқа ауылдарда да жұмыс біршама жандана түскен. Айталық, соңғы бірер жылдың өзінде «Азаттық» ауылында үш мал бордақылау алаңы мен бір мал сою бекеті іске қосылды. Ал, «Келтемашатта» 600 құс өсіретін («Ақбиік Агро» ШӨК) ферма ашылды.

Соңғы уақытта аудан тұрғындары мемлекеттің арнайы бағдарламаларының арқасында атакәсіппен айналысуға ден қоя бастады.

 

 

Пікір қалдырыңыз