Өзінде бардың өзегі талмайды

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бұрын, бала кезімізде импорт дегенге сұмдық қызығушы едік. Ол кездері шетелден келетін тұрмыстық техникалар мен киім-кешектен бастап, азық-түлік пен түрлі сусындарға дейін өте сапалы болатын. Бір сөзбен айтқанда, бүйіріне «шетелдік» деген белгі басылып, шекара асып келетін заттардың қай-қайсысында да бір мін болмайтын. Бұрын-соңды ұстап көрмеген, танып білмеген таңсық дүниелер де импорттық тауарларға тән еді.

Бертін келе, нарықтық заман бәрін «бүлдірді», алдымен аспанасты елінен арзанқол дүниелер қаптады, арзан болған соң, алғашқыда оның сапасына ешкім мән бере қойған жоқ. Өйткені, ол кезде адамдарда импорттық тауарлар сапасыз болуы мүмкін емес деген көзқарас қалыптасып қалған еді. Ал, қазір керісінше, «шетелдік» дегенге қауіппен қарайтын болдық. Себебі түсінікті. Есесіне, отандық өнімдерге сұраныс арта бастады.

Жетісай жаққа барсаңыз азық-түлік дүкендерінде сыртында сарғыш түспен «Медет» атауы жазылған сүт өнімдерін жиі кездестіресіз. Біздегі «Сайрам сүт», «Бөрте милка» сияқты оның да тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Сатушылар да сапалы сүзбесі мен дәмі тіл үйіретін ірімшігін, құрт-майы мен тағы басқа да өнімдерінің мақтауын келтіріп жатады. Нарыққа шыққанына көп бола қоймаса да көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген фирманың жұмысымен жақынырақ танысу үшін арнайы бардық. Жетісай ауданына қарасты Қарақай ауылдық округінде орналасқан «Медет» ЖШС 2019 жылы «Шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы аясында мемлекеттен жеңілдетілген жолмен 200 миллион теңге несие алып, жобаны жүзеге асыра бастайды. Сүтті тереңірек өңдеуді көптен бері ойластырып жүрген жеке кәсіпкер Ғалым Олжабаев бұл төңіректе біраз ізденеді. Ақыры түркиялық технологияны таңдайды. Күніне орта есеппен 5 тонна шикізат өңделетін бұл жерден он жеті түрлі сүт өнімдері шығарылады екен. Өзін цех меңгерушісі деп таныстырған Қайрат Ережеповтің айтуынша, шағын цех тәулігіне 20 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. «Төрт «Дамас» көлігіміз бар, олар ауылдардан сүт жеткізіп тұрады. Біз оны арнайы зертханадан өткізіп, қабылдап аламыз. Жаңа құрылғы сүттің құрамын дәл анықтап береді. Яғни табиғи өнімнен басқа қоспа болмайды. Содан шығар, бүгінде біздің өнімге сұраныс артты» дейді ол.

Қыс мезгілінде сары май мен қаймаққа сұраныс артса, жазға қарай сүзбе, құрттың науқаны жүреді. Дайын өнімді салатын түрлі қораптар мен орамаларды үлкен қалалардан алдырып жүрген кәсіпорын алдағы уақытта оны да өздері дайындауды жоспарлап отыр.

Иә, мұнда санитарлық тазалық нормалары қатаң сақталған. Жұмысшыларға да барлық жағдай жасалған. Цех ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан Гүлсана Көшенова, Алмагүл Жұмаева, Әлия Қуановалар да ауылдан тұрақты жұмыс тапқандарына қуанышты. «Бұрын мұндай кәсіпорындар тек қалалы жерлерде немесе аудан орталықтарында ғана болатын еді. Қазір заман талабына сай ауылдардан да ашыла бастады. Мұның бір жақсы жері, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс көзі болды» дейді олар.

Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, оларға қосымша табыс көзін де ұсынып отыр. Яғни өздерінен артылған айран-сүтті нарықтағы бағамен тұрақты өткізіп тұруға мүмкіндігі бар. Тіпті, осы кәсіпорын іске қосылғалы бері қорасындағы малын көбейтіп, сүт сатып, отбасылық кәсібін өркендетіп жатқандардың да қатары көбейген. «Бұрын өзімізден артылған айран-сүтті осындағы дүкендерге өткізетін едік. Ауыл болған соң барлығы дерлік мал ұстайды, яғни үйінде сауын болған соң ағарғанға сұраныс бола бермейді. «Медет» ЖШС іске қосылғалы бері айран-сүт артылып қалады деп алаңдамайтын болдық. Сүтке сұраныс артқан соң үйдегі сауынның да санын көбейттік. Қазір күніне 20, айына 600 литр сүт өткіземіз. Әр литрін 150 теңгеден есептегенде айына 90 000 теңге табыс тауып отырмыз» дейді өзін Ербол деп таныстырған ауыл тұрғыны.

Міне, осылайша кәді-кәді сүт пісіп, өз халқын табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған жергілікті кәсіпкердің іс-әрекетіне сүйсініп қайттық. Бұл, біріншіден, қарапайым халыққа қолжетімді болса, екіншіден, нарықтық заманда әділ бәсекелестікті арттырады. Ал, бәсеке бар жерде сапа болатыны әу бастан белгілі емес пе?!

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) кәсіпорын қызметкерлері Қайрат Ережепов, Алмагүл Жұмаева, Гүлсана КӨшенова және Майра ЕЛЕУСІНОВА.

 

 

Пікір қалдырыңыз