Үй іргесіндегі жерден табыс тауып отыр

Келес – егін шаруашылығына қолайлы өңір. Бір кездері ағын судың тапшылығынан құнарлы жерлер игерусіз қалған болатын. Рас, кейбір ауылдардың өзінде сарқырап ағып жатқан су жоқ. Алайда, бұл мәселе бүгінде бірте-бірте оң шешімін тауып келеді. Каналдар мен тоғандар жөндеуден өтіп, арықтар тазартылып, егістік басына су келетін болды. Тіпті, кейбір шаруалар тамшылатып суару технологиясы арқылы жүздеген гектарды игеріп отыр. Олардың арасында үйіргелік жерлерді де тиімді пайдаланып, тамшылатып суару әдісін меңгеріп, бейнетінің зейнетін көріп отырғандар жетерлік.

Соның бірі – Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны Мұхаммеддамин Абдирахимов. Үйіргелік 15 сотық жеріне өткен жылы жылыжай салып, тамшылатып суару әдісімен егін екті. Ағымдағы жылдың көктемінен қолданысқа енгізген жылыжайға алғашқы өнім ретінде қызанақ егіп, кеткен шығынының төрттен бірін шығарып алған. Жалпы, жылыжайдың құрылысына 2,5 млн. теңге жұмсапты. «Жылыжайды өткен жылдың күзінде салғанбыз. Биылғы көктемнен бері пайдаланып жатырмыз. Өңіріміздің климаты жылы болғандықтан ішіне жылыту құрылғыларын орнатпадық. Дегенмен, еккен егінімізден пайда жақсы түссе жылыту құрылғыларын да орнатып, жылыжайды ұлғайту жоспарда бар.

Қызанақ пісіп-жетіліп саудаға шыққан соң жер бос жатпасын деп қияр егіп қойдық. Үйде балалар, немерелер бар, солар қарайды. Керек жерінде ақылымызды, көмегімізді беріп отырамыз» дейді зейнеткер М. Абдирахимов.

Жалпы, Қошқарата ауылдық округінде 19 мың гектардан аса жер болса, оның 5 мың гектарына диқандар суармалы егін салуда. Бүгінгі таңда ауданда жылына ашық алқапта 2-3 рет өнім алу жобасы іске асып жатса, үйіргелік жерлерге де егін егіп, отбасын асырап жатқандар бар. Бір ғана Қошқарата ауылының орталығы Бесқұбыр ауылында отызға тарта шаруа үй іргесіне егін егуде. Ауыл әкімдігінің мамандары оларға мемлекет тарапынан грант жеңу мен төмен пайызды несие алудың жолдарын, түсіндіріп, тиісті кеңестерін беріп келеді.

Г.Айходжаева. Келес ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз