Валентин Морозов: Нәтижеге тоқмейілсігендердің алға қойған мақсаты да болымсыз

Қазіргі пандемия жағдайында қаржы институтының жұмысты қалай жүргізіп, келушілерге қандай көмектер көрсетіп жатқаны жайлы бізге Еуразиялық банктің Басқарма төрағасы Валентин Морозов әңгімелеп берді.

Біздің сұхбатымыз дәстүрлі сұрақтардан басталды. Оның алғашқысы:

– Валентин Валентинович, әрине, 2019 жылды 2020 жылмен салыстыруға келмейді. Алайда, оның да өз қиындықтары болды. Осындай күрделі кезеңде банк қандай нәтижелерге қол жеткізді?

– Әрине, кім де кім қол жеткізген нәтижелеріне

тоқмейілситін болса, оның алдына қояр мақсаттары да азая түседі. Әйтсе де, біздің өткен жылғы нәтижелеріміз жақсы болғанын айта кеткен жөн. Тіпті, жылды рекордтық көрсеткіштермен аяқтадық десек те болады. Таратып айтсақ, банктің операциялық табысы 25%-ға, яғни 91,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Ал, біздің банкті таңдаған клиенттер саны 20%-ға артып, 4 млн. адамға жуықтады. Өзіңіз айтқандай, нарық үшін күрделі кезеңде, яғни 2020 жылдың өзіне көңіл көншітерліктей өтімділік қорымен кіріп отырмыз. Банк тілімен айтқанда, өтімділігі жоғары активтердің үлесі 31%-ды құрады және бүгінгі күнге дейін бұдан да жоғары деңгейде сақталуда. Бұл орайда Moodys агенттігінің банкке B2 рейтингін бергенін атап өткен жөн.

Бүгінгі уақыттың сыны мен тегеуріндерін еңсере отырып, Еуразиялық банк көптеген сегменттерде, айталық, бөлшек саудада, корпоративтік секторда көшбасшылық орында келеді. Банк портфелінің күйі – жақсы, ол 2019 жылы 30%-ға, 644,788 млрд. теңгеге дейін өсті. Меншікті капитал

6,012 млрд. теңгеге ұлғайып, 98,838 млрд. теңгені құрады.

Бұл жетістіктің бәрі, меніңше, ұжымның ортақ мақсат үшін ұйымшыл команда ретінде жұмыс істегенінде деп білемін. Келушілердің біз туралы пікірлерін білдіретін NPS көрсеткіші де жақсарды. Техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасын іске қостық. Сондықтан жалпы алғанда, жақсы жылжып келеміз. Бірақ, әрқашан жақсырақ әрекет етуге болады. Және бұл – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.

– Соның ішінде, әсіресе, нені жақсартуға болар еді?

– Мысалы, Smartbank мобильді банкінің тұрақтылығы. Түбегейлі сандық жүйеге көшу – қазіргі таңдағы басты фактор. Және ол тек біз үшін ғана емес, барлығына да осы бағытта жұмыс істеуді талап етеді.  Соның арқасында клиенттер үшін қашықтықтан жұмыс істейтін көптеген арналар банкпен бірлесе жұмыс жүргізуді негізгі құралға айналдыруда.

Әңгімені түбірінен қозғасақ, расында да қазіргідей ірі әрі өзекті екі «мықты» мұнайдың арзандауы мен коронавирустың «шабуылына» ешкім де дайын болмай шықты. Әйтсе де, банк қарыз алушыларға несие беруді жалғастырып отырды. Ал, корпоративтік кредит беру бағытындағы барлық жақсы өтінімдерді жасауда бізге сенім артып келгендері үшін барлық келушілерге зор алғысымызды білдіреміз. Олардың әр өтінішін мақұлдап отыру – біз үшін айнымас міндет.

Бөлшек сауда бизнесіндегі адамдар да жұмысын жалғастырып, экономиканың жандануына қарқын қоса бастады.

– Бүгінде пандемия жағдайына байланысты өзгеріске ұшырамаған бизнес кемде-кем. Сіздің банк өзіне келушілердің сенімінен шығу үшін қандай қадамдар жасады?

– Біз Президенттің тапсырмасы аясында халыққа және шағын бизнеске қолдау көрсету жөніндегі барлық міндеттемелерді толық орындадық. Кейінге қалдырылған төлемдер бойынша ешқандай комиссия алынбады. Қарыз алушы төлем мерзімін кешіктірген жағдайда есептелетін барлық айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталды. Жалпы, алғанда, банк қызметкерлерінің едәуір бөлігі, ал, кейбір кездері тіпті басым бөлігі қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілгендігіне қарамастан, жақсы жұмыс істеді. Сондай-ақ,

174 мыңнан астам төлемді кейінге қалдырдық. Осы шараның арқасында қарыздарды бөліп төлеу жөніндегі өтініштер легі арта түсті. Оларды оң шешу мақсатында банк қызметкерлері түгелдей дерлік осы мәселемен айналысты.

Айталық, сәуір айының бір күнінде 15 мың өтініш келіп түскен жағдайлар болды. Осындай қарбалас сәтте банктегі көптеген процестерді автоматтандыру және роботтандыру жүріп жатты. Дәл осы уақытта бизнес үшін Clients Bank қашықтықтан банк қызметін көрсету жүйесіне қосылу және ағымдағы шотты тегін ашу мүмкіндігін іске қостық. Мен өзім үш айға жуық уақыт бойы банкті Skype арқылы басқардым. Банк үшін қашықтықтан басқарудың не екенін елестету үшін айта кетейін, кейде тікелей қол қою қажет құжаттарды алып келетін көмекшіден басқа тірі жанды көрмейсіз. Сонда да болса, уақыт талабына сай, әлі күнге дейін, мүмкіндігінше, қашықтықтан жұмыс істеуге тырысудамыз. Меніңше, бұл тәжірибе жоғалмайды. Тіпті, кейінірек

ішінара офисте, ішінара үйде жұмыс істейтін аралас жұмыс нысаны бірге жасап қалады ма деп ойлаймын.

– Пандемияның әсері негізгі өнімдеріңізге деген сұранысқа қаншалықты өзгеріс әкелді?

– Өзіңіз де білесіз, адамдар екі ай бойы үйде отырды. Ал, корпоративтік клиенттеріміздің бір бөлігі жұмыссыз бос тұрып қалды. Қайсыбір уақытта бизнес мүлдем болмады. Ал, олар болмаса, банк белсенділігі едәуір төмендеп, тіпті, банктің жеке өзі түкке тұрмай қалуы мүмкін. Өйткені, өз салымдарымен немесе берілетін несиелермен қажеттіліктерін қанағаттандырып отыратын келушілер – банктің тірегі. Ал, қазір біздің қуанышымызға орай, осы айтылғанның көбісі қалпына келіп жатыр. Көп ұзамай індеттен арылып, бәрі өз орнына келеді деп үміттенеміз.

– Қазіргі қалыптасқан жұмыс тәртібінде өз-

өзін ақтай алмағандықтан енді қайтып оралмайтын нәрселер бар деп айта аласыз ба?

– Меніңше, жиналыс бөлмесінде бүкіл ұжыммен немесе үлкен топпен жиналып алып, әлденені талқылау тәсілі жоғалады деп ойлаймын. Осыны Skype арқылы жасау әлдеқайда ыңғайлы. Келушілердің жүзі қандай ыстық болғанымен, банк қызметкерлерінің олармен құшақтасып тұрып, қимай қайырласатын көріністер де қайта оралмайды ғой деп ойлаймын. Қашықтықтан орындалатын әдістер енгізіліп жатқанына қарамастан, адамдардың бір-бірімен бетпе-бет отырып тілдесуін ештеңе де алмастыра алмайтыны сөзсіз. Онсыз да бізге жылулық жетіспейтінін ойласақ,  келушілермен жылы жүздесудің оңтайлы жолдарын қарастырамыз.

– Қоғам арасында «қазақстандық банктер әр келуші үшін белсенді күреспейді, оларға ыңғайлы да тиімді шарттарды ұсынбайды» деген наразылықтар да жоқ емес. Осы сөз шындыққа жанаса ма?

– Жоғарыда біздің банкті таңдаушылардың саны артып келе жатқаны жайлы айтып өттім. Әрине, бұл өздігінен бола салмайды. Ол үшін қаншама күш-жігер жұмсалып жатыр. Әр келушінің сенімі үшін күресудеміз. Бұл орайда келушілерге бар ниетін ұсынуда біздің қызметкерлердің бір секундқа да босаңсып кетуіне мүмкіндік бермейтін бәсекелестерім бар. Міне, талантты да алғыр, кейбір істе бастамашыл болып келе жатқан сол әріптестеріме алғысымды білдіремін. Осындай қабілеттілердің қасында бәріміздің мықтырақ болуға тырысатынымыз сөзсіз!

Пайыздық мөлшерлемелер – бұл макроэкономиканың функциясы. Несие алушылар мөлшерлемелерге разы болмаса да есесіне салымшылар риза. Ақша беру – түк қиын емес, мәселе сол қарыздардың уақтылы төленуінде!

– Ешқандай саланы, өндірушілер мен кәсіпкерлерді бөліп-жармай, бірдей қиындыққа тап қылған 2020 жылды банк қандай нәтижелермен аяқтауы мүмкін?

– Менің кейде: «Маған биылғы жылды былтырғыдан жақсы көрсеткіштермен аяқтайтын бизнесті көрсетіңізші. Ондай ғажайып бизнеске жеке инвестициямды салайын» деп әзілдейтінім бар. Меніңше, бұл жылды барлығы дерлік алдыңғы жылдан гөрі төмен көрсеткіштермен аяқтайды. Бірақ, біз әрдайым жаңа өсу жолын іздеуге тиіспіз. Ол үшін жаңа құрылым келушілердің қажеттілігіне сай келетін, сұранысын қанағаттандыра алатын болуы тиіс. Әрине, бұл ретте, келушілердің сапасы да өзгеріп отырады.

Банктің құрылғанына биыл – 25 жыл. Жұмысын бастағалы талай күрделі кезеңдерден өтіп келеді. Яғни ешқандай құбылыс та, қиындық та жаңа емес. Ширек ғасыр бойы банк қызметкерлері, әйгілі мәтелдегідей «су астындағы әрбір тасты аяғымен басып, сүрінбей өтіп» келеді.

– Соңғы уақытта Еуразиялық банктің төңірегінде «оның сатылуы мүмкін екендігі» туралы әртүрлі қауесет сөздер таралуда.

– Қазақ достарым айтқан мақал-мәтелдердің ішінде, білесіз бе, маған ұнағаны:  «Ит үреді, керуен көшеді». Рас, кез келген бизнесмен өз бизнесін өте жақсы ақшаға сатуға дайын тұрады. Еуразиялық банктің акционерлері де бұл тұрғыдан ерекшелене қоймайды. Бүкіл әлемде банктер сатылуда және сатып алуда. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ. Бірақ, ақылға қонбайтын мәлімдемелер жасайтындар да бар. Олардың кейбірінің түрлі арналар арқылы алыпқашпа сөзді таратуға күш салып жататындары да жаңалық болудан қалған. Біз мұны банк жұмысын тұрақсыздандыруға жасалып жатқан әрекет деп қабылдаймыз. Әйтсе де, достығы мызғымас, ауызбіршілігі берік ұжым тұрғанда мұндай қауесеттердің бірде-бірі іске аспайды. Біз бұрынғыша өз жұмысымызды жалғастыра береміз. Өйткені, банкті сату – жоспарда жоқ. Бізде акционерлеріміз сенетін және өз жемісін беріп жатқан жақсы даму стратегиясы бар. 

– Сондай-ақ, жақында банк өзінің сенімді келушілеріне алаяқтардың шабуылынан сақтану туралы ескерткен еді...

– Рас, мұндай кері көріністер қылаң беруде. Мұндай алаяқтардан сенімді келушілерімізді, сондай-ақ Қазақстандағы басқа да банктердің келушілерін қорғау – бірінші міндетіміз. Келушілер – біздің құн жетпес байлығымыз! Сондықтан да олардың ақшасын ұрлаушыларға бей-жай қарай алмаймыз.

Бүкіл әлемде бұл тұтас бір индустрияға айналып үлгерген. Банктердің келушілерін алдау үшін арам ниеттілердің адамның сеніміне кіруінен көрініс табатын әлеуметтік инженерия қолданылады. Мұндай кері істермен келушілердің қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы ғана күресуге болады. Және бұл мәселені бәріміз күш біріктіргенде ғана шеше аламыз.

– Еуразиялық банкті басқарғаныңызға тура бір жыл болыпты. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы банк нарығы және бәсекелестік деңгейі туралы ойыңыз қалай? Не өзгерді деп ойлайсыз?

– Мені қазақстандық нарықтағы бәсекелестік деңгейінің Ресей нарығындағы жағдайдан жоғары тұрғаны таң қалдырды. Айталық, Ресейде аса мықты ойыншы деп бірнешеуін атауға болады, ал, қалғандарының жағдайы өте қиын. Ал, мұнда келсек, нарықтық бәсекенің жолы әлдеқайда ашық, бәріне де кеңістік жетеді. Әрине, банк жұмыс істеуі үшін – бұл жақсы әрі тосын сый.

Дегенмен, мұнда кепілді кредиторлардың құқықтары, біз қалағандай, мықты емес. Борышкер төлем жасауды доғарған сәттен бастап, бұл борышкерден гөрі банк үшін проблемаға айналып сала береді. Және, өкінішке қарай, кейбір адамдар осыны пайдаланады. Бұл мәселенің ұлттық заңнама деңгейінде бірнеше мәрте көтерілгенін де білемін.

– Сіздің ойыңызша, таяу жылдарда банк нарығының дамуын қандай трендтер айқындайтын болады?

– Уберизация. Бүгінде банкирлердің көкейінде болашақта, яғни 5-10 жылдан кейін адамдар физикалық активтерді (машиналар, пәтерлер, телефондар) сатып алуды таңдай ма, әлде оларды жалға алатын бола ма деген негізгі сұрақ жүр. Клиентке уақыттың 80%-ында аулада тұратын, қызмет көрсету мен сақтандыруды талап ететін машинаның қажеті қанша? Бірлесіп тұтыну алдағы уақытта болмай қоймайтын тенденция деп ойлаймын. Бұл автокредит беру, ипотека қарқыны бұрынғыға қарағанда баяу өседі деген сөз. Клиенттеріміздің жүріс-тұрысының өзгеруі портфельдеріміздің құрылымының өзгеруіне алып келетіндігі сөзсіз. Біз – өз клиенттеріміздің туындысымыз. Адамдар қандай өмірді таңдаса, бизнес мүмкіндіктерді қайдан іздесе, банктер де сонда барады. Жеке өзіміз ешкімге керек емеспіз, біз тек қана адамдардың жоспарлары мен армандарын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеміз.

Forbes.kz материалдары бойынша.

 

ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген

2020 жылғы 3 ақпандағы № 1.2.68/242/40 лицензиясы.

 

 

Пікір қалдырыңыз