Тері мен жүнді тереңірек өңдемей, қой шаруашылығын жолға қою қиын

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысы мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірге жатады. Ауыл шаруашылығы департаменті берген соңғы мәлімет бойынша, өңірімізде төрт миллионға жуық уақ мал бар. Бірақ, осынау уақ малдың ішінде ең азы жіңішке талшықты меринос қойы екен, бар болғаны 32 мың ғана. Оның өзі таза асыл тұқымды емес. Ал, асыл тұқымдысының саны бұл цифрдың жартысына да жетпейді.

Егер келер ұрпақ меринос қойын тек «Қызыл кітаптан» ғана көрсін демесек, оның гендік қорын сақтап қалуымыз керек. Бұл қойдың жүнінен жасалған жіңішке жіп беріктігімен, тез тұтанбайтындығымен ерекшеленеді. Ғарышты игергенде, әскери техникалар жасап шығарарда кеңестік билік меринос қойының жүнін кәдеге жаратқан.

Иә, мал тұқымын асылдандырмай оның өнімділігін көтеру мүмкін емес. Осы орайда Оңтүстік - Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары біршама нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Шаруашылықтағы мал басының өсуі, табысты болуы нәсілдік қасиеті жоғары қошқарларға тікелей байланысты. Жүйелі жұмыс зоотехник-селекционерлерге жауапты міндеттер жүктейді. Олар асыл тұқымды әр малға жеке карточка ашып, оның сапасына, одан алынатын өнімге бақылау-есеп жүргізіп, қадағалап, талдап отырады. Сонда байқағанымыз, меринос қойын өсірудегі ең негізгі проблема – бағаның тұрақсыздығы. Биыл 1 келі түбіт жүн 600 теңгеден сатылды. Оның өзін алыпсатарлар сан құбылтып отырды. Егер мемлекет тарапынан ынталандыру болмаса, меринос қой тұқымын жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Ондай қауіп бар. Өндірілген дайын өнімді сату немесе қайта өңдеу сияқты жұмыстар бір орталықтан ұйымдастырылса, фермерлердің жұмыстары жеңілдеп, қызығушылықтары артып, мал басы тұрақты дамитын еді.

Қойдың терісі мен жүнінен бөлек, еті де өте бағалы. Құнарлылығы жағынан қой етіне жететіні жоқ. Сол себепті де қазақтар қойдың етін ежелден қорғасынға теңейді. Міне, осындай көл-көсір пайда табуға болатын кәсіпті тереңірек өңдей алмай жүргендіктен көп жағдайда ұтылып жатырмыз. Мысалы, арзымайтын бағаға сатылған ет, жүн, тері шетелдерде тереңірек өңделіп, өзімізге он есе қымбат бағамен келеді. Осыны тереңірек өңдеу жұмыстарын әлі де жолға қоя алмай келеміз. Мәселен, қой еті өндірісін ұлғайтып, сапасын жақсарту үшін етті бағыттағы қой тұқымдарын көбейтумен қатар, оларды дұрыс пайдалана білу маңызды. Егер әлемдік тәжірибеге жүгінсек, Еуропа мен көптеген Батыс елдерінде етті бағыттағы қойлар жалпы қой өндірісі жүйесінде елеулі орын алып отыр. Шаруашылықтарда ет өндірісіне қажетті төл алу үшін оларды басқа тұқымдарымен будандастырады. Бұл ретте биязы жүнді етті бағыттағы, төлдерінің жетілгіштік қасиеттері жақсы қошқарларды Қазақстанның оңтүстік аймағында өсірілетін оңтүстік қазақ мериносы қой тұқымының саулықтарымен будандастырудың перспективасы зор. Өйткені, жас қой етіне деген сұраныс өз ішімізде де, елден тысқары жерлерде де жоғары. Демек, қазіргі нарықтық экономика жағдайында қойлардың ет өнімділігін арттыру өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде ғылымның жаңа жетістіктерін шаруашылыққа енгізбей, ауыл шаруашылығы саласын нәтижелі дамыту мүмкін емес.

Атақ-даңқы облысымызға ғана емес, республикаға белгілі биязы жүнді оңтүстік қазақ мериносы қой тұқымын өсірумен айналысатын «Шарбұлақ» өндірістік кооперативі (төрағасы – Е.Әшір) ғылым мен өндірісті ұштастырып, меринос қойын дамытуда ерекше еңбек етіп келеді. Олар Ресей Федерациясынан етті-жүнді бағыттағы «Волгоград» меринос қойын сатып әкелді. Бұл сұрыпты қойлардың жергілікті малдарға қарағанда салмағы ауыр.

Тағы бір жаңалық, қой шаруашылығы жақсы дамыған Австралия мемлекетінен әкелінген, дүние жүзіне танымал, асыл тұқымды Доне мерино қошқары мен жергілікті қой тұқымдарын «Шарбұлақ» кооперативінде будандастыру жұмыстары жүргізіле бастады. Қошқарларының орташа тірілей салмақтары 120-130 келі, саулықтары 75-80 келі тартады. 2,5 айлық қозыларының салмақтары – 50 келі. Аталған сұрыптағы қойлардың әрқайсысы орта есеппен 4-5 келі жүн береді, жүндерінің ұзындығы – 10 см-ден артық. Доне мерино тұқымының генотипін пайдаланып, қойдың өнімділігін арттыруға қол жеткізіледі, яғни тірілей салмағы жоғарылап, сапалы жүн қырқылады, қой мен қозы етін өндіру айтарлықтай артады. Осылайша биязы жүнді қойларды Доне мерино қойымен будандастыру ет өнімділігі мен жүн сапасының жақсаруына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүннің технологиялық қасиеттерін жақсартып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сатылу бағасына да оң әсерін тигізіп, шаруашылықтың абыройын арттыруға септігін тигізері анық.

Жалпы, малды алыстағы мемлекеттерден тасымалдау бізге тиімсіз. Өйткені, біріншіден, жол шығыны бар, екіншіден, жерсіндіру өз алдына проблема. Сол үшін климаты өзімізге ұқсас елдерден алып келіп, будандастыру арқылы басын көбейту керек. Алдағы уақытта импорттық қошқарлардан алынған малдардың таралу аймағын кеңейтіп, өзіміздің табиғаты сәйкес келетін таулы және жазықты жерлерге бөліп, жерсіндірген жөн. Бағалы, жоғары өнімді будан қойлар оңтүстік өңірде жіңішке талшықты таза биязы меринос жүнін өндіретін, экологиялық таза қозы және қой етін беретін етті-жүнді бағыттағы қой шаруашылығын құру мақсатындағы жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарына құнды селекциялық материал бола алады. Бір сөзбен айтқанда, қой шаруашылығын да заман талабына сай жетілдіріп отыруымыз керек. Сондай-ақ, бұл саладағы ең негізгі мәселе – қой шаруашылығынан алынатын өнімдерді шикізат күйінде шетелдерге асыра бермей, өзімізде тереңірек өңдеуді қолға алуымыз керек.

Құралбай ӘБДІРАМАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

 

 

1 пікір

  • Садыров  Дуйсехан
    Садыров Дуйсехан

    Мал шаруашылығы шикізатын өңдейтін саланы мемлекеттік қолдау арқылы қайта құрмасақ, қой шаруашылығының болашағы бұлыңғыр.

Пікір қалдырыңыз