Экономиканы халыққа бұру қажеттігі айтылды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі бүгінгі ахуалға орай бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. 
Президент алдымен әлемде орын алып отырған пандемеяның еліміздің  экономикасына да едәуір әсер етіп отырғанына барынша назар аудартты. 
Қасым-Жомарт Тоқаев  бірінші жартыжылдықта жалпы ішкі өнім 1,8 пайызға құлдырағанын, қызмет көрсету саласы айтарлықтай зардап шеккенін, бюджет кірісінің үлкен көлемі түспей қалуынан мемлекеттік қаржы жүйесіндегі ахуал күрделі болып отырғандығын және осыған байланысты Ұлтттық қордың айтарлықтай қаражаты жұмсалғандығын атап өтті. 
Шикізат бағасы құлдырап, коронавирус індеті өршіген тұста  мемлекет халық пен бизнеске көмек көрсету шараларын жедел жүзеге асырды. Осы тұста Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар теңдессіз шараның қабылданғанын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, оның аясында 225 мың адам жұмысқа орналасуы тиістігін атап өтті. Індет кезіндегі шұғыл проблемаларды шешу үшін ҚР Үкіметінің және өңірлердің бюджеттерінен 150 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сонымен бірге, Президент бәсекеге қабілетті тауарларды сыртқы нарықтарды ілгерілету, дәрі-дәрмек өндірісін дамыту, шетелдік инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру мәселелеріне баса мән берді.
Сондай-ақ, Үкіметтің экономиканы халыққа бұруы қажеттігін айтып, қаражаттың тиімді жұмсалуы керектігіне баса назар аударды. Ол өз сөзінде «құрылымдық реформаларды қолға алатын уақыт келді», - деп атап өтті. 
Иә, Мемлекет азаматтарды аурумен бетпе бет қалдырмайды. Сол себепті, барлық шараларды қабылдап, жұмысты жалғастыра беретініне сенеміз. Әрине, қазіргі жағдай ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Алайда, талай нәубеттен аман қалған елміз ғой. Сондықтан барша халық бұл жолы да елдігімізге сызат түсірмей, жұдырықтай жұмылып әрекет етеміз деп сенемін. 

Жұман ӘБДИЕВ, 
Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыңыз