Салада тұрақты даму бар

Биылғы жылы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму қарқыны байқалады. Мәселен, жыл басынан бері тамшылатып суару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жетіп отыр. Ал, жылыжай көлемі 55,02 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 1 168,0 гектарды құрады. Бұл туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлім етті.

Бүгінгі күнге облысымыздағы жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілген. Оның 32 мың тоннасы қияр, 55,2 тоннасы қызанақ, 130,7 тоннасы қырыққабат, 656,8 тоннасы тәтті бұрыш.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Бұл іске 127 ауыл округіндегі 1668 агроқұрылым жұмыла кірісіп отыр. Нәтижесінде шаруалар 4,3 мың гектар егістік алқаптан екінші өнім алуға дайындалуда.

«Бір ғана Шаға ауылдық округінде 177 шаруа қожалығы 3 кооперативке біріктірілді. Нәтижесінде 886 гектарға 21 жаңбырлатып суару технологиясы орнатылды. 733 гектарға күздік бидай, 260 гектарға жоңышқа, 312 гектарға жүгері егілді. Жыл соңына дейін қосымша 1099,0 гектарға 20 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, жалпы көлемі 1985 гектарға жеткізіледі» деді Н.Бадырақов.

Осылайша Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуі қалыптасып келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысында ерте пісетін 245,4 мың тонна көкөніс, пленка астында егілген ерте пісетін 11 мың тонна бақша дақылдары, 22,3 мың тонна картоп пен 2 мың тоннаға жуық жеміс-жидек жиналған. Бұдан бөлек, 727,2 мың тонна мал азығы дайындалған.

 

 

Пікір қалдырыңыз