«Жанасылда» жұмыс жанданғалы тұр
Мақтаарал ауданында жылына 80 мың тонна мақта талшығын өндіретін «Жанасыл» зауыты іске қосылды.
Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тәулігіне 600 тонна мақта өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, аудан тұрғындарын өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.
«Ауданымыздың даму стратегиясында инвестициялық жобаларға басымдық беріп отырмыз. 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 млрд. теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде мақта-тоқыма кластерін дамытуда жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 млрд. 862 млн. теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда. Бүгінгі ашылып отырған зауыт – сол жобаларымыздың бірі. Ендеше, жаңа өндіріс орнының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Халқымыз бай және бақуатты бола берсін!» деді Бақыт Насырханұлы.
Бүгінде зауыттың Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы 13 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Жиын-терім науқаны басталғалы 41 мың тонна «ақ алтын» жиналған. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда.
Айта кетейік, аталған зауыт жанынан тамшылатып суару таспасын шығаратын және мақта тұқымын өндіретін екі өндіріс орнының құрылысы да жүріп жатыр.
Тамшылатып суару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын болады. Құны 1,5 млрд. теңгелік мақта тұқымын өңдеу зауыты да 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Екі кәсіпорын да 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.