Ұйымшылдығымен ұтысқа ие болды

Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет елді мекенінде жаңа спорт алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл, әсіресе, жазғы каникулда жүрген балақайлар үшін керемет қуаныш болғанын айта кетейік. Бүгінде балалар бос уақыттарын осы алаңда өткізіп жүр.
Жаңа спорт инфрақұрылымына ауыл тұрғындарының ерекше қуанатын жөні бар: бұл – олардың ауызбіршілігі, ұйымшылдығы және айналасына үлгілі болғаны үшін берілген сый. Иә, иә, Мәдениет елді мекенінің тұрғындары бұл спорт алаңшасын шын мәнінде ұтып алды! Өткен жылы өңірде өткен «Үлгілі ауыл» байқауында ауыл жүлделі ІІ орынды жеңіп алған болатын. Аймақтарды көгалдандыру, абаттандыру, ауылды дамытудың басым бағыттары сараланған байқауда үздіктер қатарынан көрінгендерге облыстық бюджет есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынатыны айтылған-ды. Нәтижесі көп күттірген жоқ, нысан жылға жетпей пайдалануға берілді.
Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
– Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған алаңша спортты сүйетін қалың жұртшылықтың, әсіресе, жастардың қымбатты ордасына айналсын! Жастайынан денесі шымыр болып өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Келешекте бұл ауылдан ел намысын қорғайтын Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары шықсын! Бұл тек нысан ғана емес, бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция. Балаларымыздың дені сау болсын, ал, ауылымыз көркейе берсін, – деді аудан әкімі.
Ауыл тұрғындары да уәде еткен нысанды жылға жеткізбей салып берген облыс басшылығына алғыс білдірді. Олар заманауи жабдықтар орнатылған, қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келетін спорт алаңшасы салауатты өмір салтын ұстануға және белсенді демалысты ұйымдастыруға мол мүмкіндік беретінін айтады. Ұйымшылдығымен үлгі болған ауыл жұртшылығы енді бұқаралық спорт саласында да көш басынан көрінеміз деп отыр.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.