Оны адалдығы ажарландырып тұрады

Пернебай Сапар, «Оңтүстік Қазақстан».


Әнсүйер қауымға есімі кеңінен таныс әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айжан Тәженова өнерге кездейсоқ келген жандардың қатарынан емес. Әнші болуды бала күнінен армандаған. Айжанның анасы Келиман Талдықорған облысы, Қаратал ауданындағы халық театрында кәсіби деңгейдегі алғашқы жеке әнші болған.

«Менің бойымдағы бұла өнерді алғаш анам байқады. Сөйтіп өнер жолындағы әр қадамыма бағыт беріп отырды. Мектепте орыс сыныбында оқыдым. Ән-күй пәнінен сабақ беретін Владимир Елисеевич Ким деген ұстазым керемет педагог болатын. Ол кісінің де үйреткені көп. Алғаш рет сегізінші сыныпта оқып жүргенде көпшіліктің алдында ән салып, сыйлық алдым. Сол кезде марқұм әкемнің қуанышында шек болмады» дейді әнші бізбен әңгімесінде.

Айжан Рахымғалиқызы мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) құжат тапсырыпты. Дегенмен, ана сүтімен дарыған киелі өнер талантты қызды өзінен алысқа ұзатпаса керек. Сол жылдары институттың атағын дүркіретіп тұрған «Алтын дән» ансамблінің құрамына қабылданады. «Тілес Қажығалиев, Владимир 

Львовский, Талғат Сарыбаев және алғаш кәсіби әнші ретінде «Алтын дәннің» құрамында Нағима Есқалиеваны кездестірдім. Кеңес Дүйсекеевтің алғашқы шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісі институттың  мәжіліс залында «Асыл ана», «Өкінбе сен», «Еркеледің сен», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел» секілді жаңа әндерін алғаш рет маған айтқызатын еді. Әрине, бұл әндерді кейін Қазақстанның белгілі әншілері халыққа кеңінен таратты. Сонымен қатар Кеңес Дүйсекеев өңдеген Мақсым Менкешовтің «Анаға хаты» менің «сонпаспорт» әнімнің бірі. Сондай-ақ, маған қамқоршы болған,  Қазақстандағы ең алғашқы продюсері Лұқпан Есенов ағамды жиі есіме аламын. Лұқпан аға мені жас әнші ретінде теледидарға түсіріп, халыққа танымал етті». 

Көп ұзамай Айжан елдің құрметіне бөленіп, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінен шақырту алды.

«Бұл ұжым ол жылдары алыс-жақын шетелдерге танылып үлгерген болатын. Мұрат Құсайынов, Бағдат Айдарханов, Сабыр Бабаев сияқты  жанашыр ағаларыммен бірге жұмыс істедім.  Олар талантын табиғаттан сыйға алған кісілер ғой. Маған ерекше қамқор болды» дейді Айжан Рахымғалиқызы.

Күміскөмей, бұлбұл үнді әнші атағы дүркіреп, ансамбльдің құрамында тіпті шетелдерге де таныла бастаған шағында ел күтпеген қадамға барды. Жұлдызы жарқырап тұрған, тыңдарманы қолтаңба алуға кезекке тұратын өнерпаз Мырзашөлдің тумасы Наурызбай ағамыздың етегінен ұстады.

«Нәкең де мен секілді көпбалалы отбасыдан шыққан азамат, бір үйдің үлкені. Бас қосқаннан соң, еліне қарай ат басын бұрды. Мен әрине, отағасының қалауын құп көрдім. Осылайша 1974 жылы Мырзашөлге табан тіредік» дейді кейіпкеріміз.

Ол өсіп-өнген, қатарластары да, қариялары да көп отбасыға келін болып түсті. Ел алдында жүрген «жұлдызбын» деген жоқ. Үлкендерге иіліп сәлем салып, ізет көрсетіп, от басы, ошақ қасының жұмысын үйіріп-ақ кетті.

 «Мен ана тәрбиесін алған қызбын. Сондықтан мектепте орыс сыныбын бітіріп, Алматы қаласында атақты кісілермен қатар жүргеніммен, ауылда – келін, отбасыда әйел екенімді ұмытқан жоқпын. Әкем ертерек қайтыс болып, анашым тоғыз баланы қатарынан кем қылмай өсірді. Ол кісі бізге  «барған жерлеріңде тастай батып, судай сіңіп кетіңдер. Менің жүзімді жерге қаратпаңдар» деп отыратын. Анамның санама сіңірген тәрбиесі мені төзімділікке үйретті.

Менің Сапаркүл, Қалимаш есімді екі енем болды. Қайын-атам шаруа адамы. Күнара теледидардан көріп жүрген әртістің өз ауласында орамал тағып, шай қайнатып жүргені ол кісілерге де қызық көрінсе керек. Дегенмен, олар көпті көрген, өмірден түйгендері мол кісілер еді. Үлкен енем «саған бір «прімер» айтайын» деп отырып-ақ қателігімді түзеп, жақсы ісімді қолдап отыратын. Мен де барынша атам мен енелерімнің көңілін табуға тырыстым. Атамыз жұмыстан келгенде дәрет суын жылытып, самаурынын қайнатып отыратынмын.

Ауылдың үлкендеріне сәлем салудан жаңылмадым. Олардың руына, ұлтына қарамайтын едім. Қалимаш енем  «сәлем салсаң баталарын береді. Жақсы тілек түбінде қабыл болады» деуші еді. Бұл сөздің де шындығына көз жеткізіп келемін» дейді Айжан Тәженова.

Кейіпкеріміз небәрі жиырмадан енді асқан шағында елге танылып үлгерген болатын. Бірақ, ата-ана тәрбиесімен бойында қалыптасқан қарапайымдылық тізгін жібермесе керек, ешқашан танымал екенмін деп тәкаппарлық танытқан жері жоқ.

«Мен үшін тыңдарманның айырмашылығы жоқ. Мейлі, Алматы секілді үлкен қалада болсын, мейлі шалғай ауданның тұрғыны болсын, бәрі – халық. Менің ең басты мақсатым – өнерге адал болу. Азды-көпті ғұмырымда осы мақсатымнан айныған емеспін. 

Елге келген соң көп ұзамай, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының  жанынан «Думан» деп аталатын ансамбль құрдық. Ол жерде Досболат Әділов, Дүйсенхан Сыздықов, Қоныс Қамбаров, Мұхит Қасқырбаев, Берік Іздібеков, Ұлбосын Әкімова секілді талантты жандармен қоян-қолтық жұмыс істедім. Ол кезде шаршауды білмейтінбіз. Үйдің жұмысын ыңғайлап алып, театрға барамыз. Концерттен шық-қан соң  ошағыма оралып, әйелдік міндетіме кірісемін. «Думан» ансамблі елге тез танылды. Халықтың ықыласы мен қошеметінен артық марапат жоқ. Бұл жақтағы әріптестерім де өнерге адал жандар еді. Сөйтіп жүріп Жетісай өңірінде он жеті жыл қызмет етіппін» дейді әнші.

Өмір кейде адамға қиын таңдау береді ғой. Айжан Рахымғалиқызы да талай рет арманға апарар жол мен отбасының бірін таңда дейтіндей жағдайларға тап болған. Турасын айтқанда, Айжан Тәженованың шоу-бизнесте бағын сынауына да мүмкіндігі болды. Тіпті, Алматы қаласындағы әріптестерінің бірнеше мәрте үлкен сахнаға шақырған кездері де болыпты. Бірақ, кейіпкеріміз отбасының береке-бірлігін басты орынға қойып, келіндік, аналық парызды сахнадан биік санапты.

«Отағасының бизнес саласында жүрген жолдас-жоралары Жетісай қаласына жиі қонаққа келетін. Олар Нәкеңнің адалдығын, қанағатшыл мінезін жақсы білетіндіктен, өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырып жүрді. Нәкең біраз ойланып жүріп, ақыры келісімін берді. Сөйтіп мамандығы скрипкашы күйеуім колледждегі кафедра меңгерушілігі қызметін тастап, кәсіпкерлікке ауысты.

Мен сол кісінің тілеуін тілеп, асымды әзірлеп, дастарқанымды жайып, балаларымды қарап, өз жұмысыммен айналыстым. Үй ішінде жайлылық болса, еркектің көпшіліктің алдында еңсесі биік, абыройы жоғары болмақ. Әйел адам қай кезде де күйеуіне қолдау білдіріп отыруы тиіс. Бұл – бақытты болудың басты қағидасы» дейді әнші. Десе де, сахна үшін жаралған жан ән айтпай тұра ма?! Кейіпкеріміз бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жұмысын жалғастырып жүр. 

Өмірі мен шығармашылығы халыққа қалтқысыз қызмет ету, сахнаға деген адалдық, көрерменге деген шексіз құрметтен тұратын әншінің еңбегі, таланты ескерусіз қалған жоқ. Ол ҚР мәдениет қайраткері. Жетісай, Шымкент қалаларындағы «Жұлдыздар аллеясында есімі жазылды.

Жарты ғасырға жуық сахнадан түспеген әнші елді әлі де әнге бөлеп келеді.


* * *

Таяуда ҚР Президентінің Жарлығымен Айжан Тәженова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы талантты әншіге шығармашылық табыстар тілейді. 

Пікір қалдырыңыз