Келес түгел газ жағады

Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аудандағы 83 елді мекенінің 59-ы «көгілдір отынға» қосылған. Қалған 24 елді мекенге табиғи газ тарту мәселесі де көп күттірмейді.
Қазіргі уақытта 4 елді мекенде, атап айтқанда, Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас, Қошқарата округіндегі Ұшқын елді мекені мен Бірлік округіндегі Бірлік елді мекенінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар 9 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, оның сараптамалық оң қорытындысы алынған. Бұл елді мекендер қатарына Бірлік ауылдық округіндегі Жаңатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, сондай-ақ Ошақты ауылдық округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі ауылдары кіреді.
Аудан орталығы – Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Дегенмен, кейбір көшелер мен тұрғын үйлерде жіңішке диаметрлі газ құбырларын ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты жаңа жобалар әзірлеу мақсатында сәулет-жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.
Г.Нышанханқызы.