Созақта жаңа үйлер көптеп бой көтеруде

Созақ ауданының орталығында жаңа тұрғын үйлер бірінен соң бірі бой көтеріп келеді. Мәселен, бүгінде «Жеткіншек» шағынауданында жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Әр үйде 8 пәтер бар. Демек, таяу уақытта 24 отбасы жаңа қонысқа көшеді. Бұған қосымша тағы 13 тұрғын үй салынып жатыр.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы да бой көтеріп келеді. Бұл үйлерде 16 пәтер бар. Сонымен, барлығын қосқанда 66 пәтер пайдалануға берілмек.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс алаңдарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Ол жауапты мердігерлер мен мамандарға құрылыстың сапасын басты назарда ұстауды, жұмысты бекітілген өндірістік кестеге сай жүргізуді және жұмыс күшін көбейтуді ескертті.
М.Тұрысбеков жаңадан салынып жатқан аудандық кітапхана ғимараты мен 200 орынды спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. Мердігер мекеме басшыларымен және тиісті сала мамандарымен кездескен аудан әкімі нысандардың уақтылы әрі сапалы аяқталуын міндеттеді.
Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Достар» стадионының құрылыс аумағында болды. 450 көрерменге арналған стадион барлық стандарттарға сай қайта жаңғырмақ.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Созақ ауданы.