«Ұлтының ертеңін ойлайтындар Отанын ешқашан ұмытпайды»

Еліміз шикізат қоры жөнінен көптеген мемлекеттерден көш ілгері тұр. Бірақ, сол шикізатты кәдеге жаратып, өзімізде өндіруге келгенде ұяттымыз. Менделеев таблицасынан табылатын құндылықтарымызды шикізат күйінде арзанға сатып, одан өндірілетін дайын өнімді он, тіпті жүз есе қымбатқа қайта сатып алатынымыз жасырын емес. Бұған қарап қолымыздан сатудан басқа түк келмейді екен ғой десек тағы қателесеміз. Сенесіз бе, біздің елдің жігіттері өндірген өнімдерді мақтағанда сөз таппай қиналатын импорттық тауарларды шаң қаптырып кететін кездері де болады. Дәлел керек дейсіз бе, айтайық!
Иә, бәрі де ойламаған жерден басталған. Келес ауданына қарасты Талғат Бигелдинов атындағы орта мектепті 2000 жылы үздік бітірген Мұхит Асанов өз қалауымен Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға қабылданады. Спортқа құмар баланың сабақ үлгерімі де жаман емес болатын. Әсіресе, спорт медицинасына қатысты сабақ уақыт өткен сайын мұның қызығушылығын оятып, иіріміне еріксіз тартып бара жатты. Сабақтан тыс уақытта зертханалардан табылып, түрлі дәрі-дәрмектердің қалай жасалатынын қызықтап, өзі сияқты ғылыммен «ауыратын» адамдардан достар тапты. Дос демекші, бірде Сәбит Сексенбекұлы есімді профессор мұны қасына шақырып алып, өзінің ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген тақырыбының жетістігімен таныстырды. Докторлық диссертациясы «Ауаның, Нұра өзенінің сынаппен, ауыр металдармен улануы» деп аталады. Жалпы, әр кәсіп иесінің өзіне тән «ауруы» болады. Бір жаңалық үшін ғалымдар ұзақ жыл ізденіп, тер төгіп жатады. Одан нәтиже шыққан кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу қиын. Нәтиже араға біраз жыл салып барып жемісін беруі де мүмкін. Аталған тақырып аясында қорғалған жұмыс кейіннен өз жемісін бере бастағанда мұның көз алдына профессор Сексенбекұлының балаша мәз болғаны елестеп еді. Әр кәсіп иелерінің өзіне ғана тән аурулары болады дегенді естіген бұл оның алдын алуға, дертінен барынша айықтыруға өзінің үлесін қосқысы келген. Бірақ, ғылыммен айналысуға арнайы білімі болмаған соң кедергілер де аз кездеспеді. Осы сәт тағы да Сәбит ағасының «арнайы дипломың болмаса бұл салада жарытып жұмыс істеуің қиын, сен қалайда оқуың керек» дегені есіне түсті. Оның үстіне түрлі өндіріс орындарына барып жүріп байқағаны, ғылыми жобалардың барлығына дерлік сырттан келген ғалымдар жетекшілік етеді екен. Сонда біздің бұл саладағы тағдырымыз тікелей солардың қолында болғаны ғой. «Кісідегінің кілті аспанда» дейді, қашанға дейін біз біреуге кіріптар боламыз? Осы ой оны білімін жетілдіруге жетеледі. Алғашқыда аспирантураны таңдап еді, бірақ сол жылдары ол жабылып, есесіне магистратураға қабылданды. Бұрын байқай бермеген екен, ғылым дегеніңіз нағыз қайнаған өмір болып шықты. Тереңіне үңілген сайын тұңғиығына қарай тарта берді. Мұнда медицина саласының жілігін шағып, майын ішкен ғалымдармен тең дәрежеде сөз таластырып, өзінің де білімнен құралақан емес екенін байқатып жүрді. Білім көкжиегі кеңейген сайын өзіміздің елдегі білікті мамандарды айтпағанда өркениетті елдердің ғалымдарымен де тәжірибе алмасуды ұйғарады. Қазақтың қағылез баласын қағаз кеміріп отырған шетел ғалымдары ә дегеннен-ақ мойындайды. Бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, ауылдан шыққан Мұхит Асанов отызға толмай жатып-ақ мұхит асып, АҚШ-тың әйгілі зауыттарында жұмыс істейді. Тек бір елмен шектеліп қалмай, басқа мемлекеттерде де болып, көргендерін көңіліне түйіп, білгенін ой елегінен өткізеді.
Жас ғалым егер тек өз жағдайын ғана ойласа вундерки́нд жастарды жоғары бағалайтын шетелде жүре берер ме еді?! Мұхит Қабылбек-ұлының бар ойы білімі мен бай тәжірибесін өз елінің игілігіне жұмсау болды. 2012 жылы «Asem Pharm» зауытының негізін қалап, алғашқыда біраз қиыншылықтарды бастан кешеді. Зауыт жұмысын жандандыру үшін ғылымға басымдық беруді ойластырады. Өз ойын толыққанды жүзеге асыру мақсатында 2016 жылы «Ордабасы» индустриалдық аймағынан орын алып, «Әсем» ғылыми-өндірістік орталығын ашады. «Орталық ашудағы негізгі мақсат – теорияны практикамен ұштастыруымыз керек болды» дейді орталық директоры Мұхит Асанов.
Әрі қарай әңгімеміз сұрақ-жауап түрінде жалғасты.
– Бірақ, сенесіз бе, алғашқыда қажетті мамандар, осы саланы терең зерттеп жүрген ғалымдар таппай қиналдық. Басқа амалымыз болмаған соң шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық, – деген ол әңгімесін одан әрі сабақтады. – Мәскеулік мамандар өз жобасына тым қымбат сұрады, 750 миллион теңге дегеніңіз жұмысын жаңа бастаған біздің орталық үшін оңай ақша емес еді. Содан өзбек-стандық ғалымдармен сөйлестік, олардың да жауабы қанағаттандырмады. Маған бір ой келді. Әлемдегі ең мықты делінетін антисептикті алып, оның құрамын зерттеп, соны өзіміз жасап көретін болдық. Ненің пайдалы, ненің зиян, ненің әсерлі, ненің әлсіз екенін маман ретінде біршама білемін ғой. Сол тәжірибеге сүйеніп біраз еңбектендік. Тәжірибеде қолданып көріп едік, біз жасаған антисептик жаман болмаған сияқты. Енді оны тиісті зертханадан өткізуіміз керек. Бірақ, ең өкініштісі, бізде оның бағасын дәлме-дәл қойып беретін құрылғы жоқ болып шықты. Амал жоқ, тағы да шетелдің зертханаларына жүгіндік. Айтпақшы, әлгінде өзіміз зерттеп көрген әлемдегі №1-ші антисептиктің сыртқы этикеткасын алып, оған №1 деген белгі соқтық. Өзіміз жасаған антисептиктерге ерекшелігіне қарай №2, №3, №4 деген белгі соғып, зертханаға жөнелттік. Сенесіз бе, біз пәленбай миллионға жасалу рецептін сатып ала алмай жүрген №1 залалсыздандырғыш сапасы жағынан ең соңғы орынға жайғасыпты да, біздің «самопалдар» реттік санымен алға шыққан. Қарапайым тұтынушы болғанымда мұншалықты қуанбайтын шығармын, бірақ, мені ғалым ретінде өзімнің жасап шығарған жобам ерекше шаттандырды. Демек, біз де әлемде №1-ші болатын дүниелерді жасап шығара алады екенбіз ғой деген сенім пайда болды.
– Керемет, мына дүниеңіз үлкен жетістік екен! Шетелдік зертхананың қателесуі мүмкін емес. Өйткені, экспортқа шығатын тауарларға талап күшті. Сонша талап үдесінен шығып отырған тауарды біздің қарапайым ғалымдар ойлап тапқан өнім басып озып жатса, неге қуанбасқа?!
– Біз көбіне дұрыс ойламайды екенбіз. Яғни импорттық өнім мінсіз болуы керек деген қатып қалған көзқарас бар. Шын мәнінде олай емес екеніне өзіміз тірлікке араласқан соң көз жеткізе бастадық. Ең өкініштісі, бізде шетелден келген заттардың сапасына сай бағасын беретін зертхана жоқ. Біздікілер олардың бүкіл құжаттарын сұратумен ғана шектеледі. Құжатта қанттай болса, қалғанына күмән келтірмейді. Бірақ, сол құжаттарды да адамдар жасайтын болғандықтан олардың да қателесуі мүмкін ғой.
Мен сізге мынаны айтайын. 2011 жылы Францияның үлкен компаниясымен жұмыс істеп жүрген кезімде олар өздерінде 180 түрлі дәріні сатуға тыйым салған еді. Бізде ол дәрілер тендердің тізіміне еніп, сатылып жатты. Өз мемлекетінде сатуға тыйым салынған дәрілер экспортқа шығарылып жатса, бізде оны тексеріп алатын жөні түзу зертханамыз болмаса, сонда біздің тәжірибе жасау үшін жаралған мақұлықтан қай жеріміз артық болып тұр? Оларға өкпелей алмайсың, өйткені жаңағы дәрілерінің бір шетінде «тек экспорт үшін» деген белгі бар. Соны көріп, біліп отырып сатып алып жатсақ, кімге өкпелейміз?
– Пандемияның кезінде сіздердің тауарларыңызға сұраныс жоғары болған екен. Соны тарқатып айтып беріңізші...
– Жасыратыны жоқ, біз көп нәрсенің қадірін түсіне бермейміз. Байқайсыз ба, дәрігерлер көбіне қолын жиі жуып, тиісті залалсыздандырғыштарды көп қолданады. Өйткені, олар түрлі микробтардың зиянын біледі. Біз кешегі пандемияның кезінде осыған біршама дағдыландық. Мұның өзі тазалық сақтау мәдениетінің бір көрінісі болып саналады.
Біздің тауарлардың нарыққа шыққанына он жылға жуықтап қалды. Тұрақты тұтынушыларымызды қалыптастырдық. Осы жылдар ішінде біздің тауардың сапасына қатысты ешқандай өкпе-реніш айтылған емес. Пандемияның кезінде Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Көкшетау, Қызылорда, тағы басқа да облыстар мен ірі қалалардағы тұтынушыларымыз антисептиктік тауарларға көптеп тапсырыс бере бастады. Адамдар не істерін, кімнен көмек боларын білмей қалған қиын кезең еді ғой, мені сол кезде маман ретінде елге қандай көмегім тиеді деген сауал көп мазалады. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының басшыларына бізден қандай көмек керек деген тұрғыда хат жазып жібердік. Сол күні қала әкімі Мұрат Әйтенов телефон арқылы байланысқа шықты да, мән-жайды түсінген соң ертеңіне зауытқа келді. Алыстан іздеп жүрген зауыты іргесінде тұрғанына қуанып, жұмысты жандандыру үшін бізге қосымша еріктілер қосып берді. Жұмысты
үш ауысымға ұлғайтып, өнім көлемін де екі есе арттырдық.
– Сұраныс артқан сайын тауардың бағасы да көтерілетіні белгілі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы қиын болған жоқ па?
– Шикізатты Бельгиядан алдыратын болғандықтан таусылып қала ма деп алаңдағанымыз рас. Өйткені, сол кездері шекаралар жабылып, барыс-келіс біршама саябырсып қалды ғой. Біз бар мүмкіндікті пайдаланып, басқа өнім шығаруды азайтып, антисептикті көптеп шығаруға күш салдық. Ал, бағасына келетін болсақ,
біз әу баста елге қандай көмек бере аламыз деген ниетпен әрекет еттік емес пе, қолдағы шикізат қорымызды түгел тауысқанша бұрынғы қолжетімді бағамен шығара бердік. Яғни 1 литрі бұрынғыша 4 800 теңгеден сатылды. Елімізде осы бағытта жұмыс істейтін бізден басқа
бес зауыт бар. Олардың қойған бағалары
8000 теңгеден басталып 16 000 теңгеге дейін жетті, себебі спирттің бағасы қымбаттап кеткен-тұғын.
– Мұхит Қабылбекұлы, көріп отырмыз, елдегі дәрі-дәрмектің қымбаттығы адамдарды қажытып жіберді. Әсіресе, қарт кісілер зейнетақысы дәрісіне жетпейтінін айтып, жиі шағымданып жатады...
– Бұл мәселе мені де алаңдатады. «Кісідегінің кілті аспанда» дегенді көреген қазақ осындайдан айтқан болса керек. Өзің өндірмеген соң, қымбатқа сатып алуға мәжбүрсің. Дәрі-дәрмек шығарсақ деген ойымыз да болды. Бірақ, бұл күрделі сала, мүмкін алдағы уақытта ойлана жатармыз. Ал, қазір медицина саласына өте қажет залалсыздандырғыш заттар шығарып жатырмыз. Негізі бізде бірнәрсе шығарғаннан гөрі, оны сатып алып пайдаланған тиімді. Біздегі зауыттардың 99 пайызының технологтары шетелден келіп жұмыс істейді. Яғни қай сала болмасын, әйтеуір біреуге тәуелдіміз. Ал, олардың көпшілігінің маңдытып жұмыс істемейтіні тағы белгілі. Содан шығар, қазір біздің ішкі өнім 5-ақ пайыз, ал, сыртқы өнім ше? Бүкіл әлеммен салыстырғанда біздің экспорттағы үлесіміз 0,3 пайыз ғана... Бір пайызға да жетпейді! Сонда бізде ешкім жұмыс істемейтін болғаны ма? Францияның бір ғана саласы, мысалға айтсақ, парфюмериясынан түсетін табыс біздің мемлекеттің бүкіл табысынан артық болып тұр. Кореяның косметика саласынан түсетін табысы Қазақстанның бюджетінен артық. Сонда біз не істеп жүрміз деген ой келеді.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Шетелде жұмыс істедіңіз, кетіп қалуды ойлап жүрген жоқсыз ба?
– Бұл сөзді сіз жастардың шетелге көптеп кетіп жатқанына байланысты айтып отырған шығарсыз? Жастық қызығушылықпен белгілі бір мерзімге кетіп жатқан болса, уақыт өте олар қайта оралады. Ұлтының ертеңін ойлайтындары Отанын ешқашан ұмытпайды. Өзім де көптеген елде болдым, жұмыс істедім. Енді өз еліме қызмет еткім келеді. Рас, Жапонияда өмір сүру ізденіс үстінде жүрген адамдар үшін өте керемет. Бірақ, маған ол ел қайырлы болса, сол жерде туылуым керек емес пе?! Мен Қазақстанда дүниеге келдім, демек, өз еліме қызмет етуім керек. Өз елім деп отырғаным, ағайын-тумаларым, аға-інілерім, апа-қарындастарым. Қазір Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ елді мекені жағынан жер алып, зауыт салып жатырмыз. Соны уақыт өткізбей пайдалануға берсек, оның өзі еліміз үшін жасалған бір игілікті іс емес пе?!
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Г. Қапал
Керемет. Мұхит мырза нағыз қазақтың жанашыры
Alicia Nida
Hire The Best Cryptocurrency Recovery Service / Lost Recovery Masters. Lost Recovery Masters offers tailored assistance to simplify and enhance the recovery process for victims who have fallen victim to Bitcoin theft. Understanding how reliable recovered funds are to their clients, Lost Recovery Masters has emerged with extremely effective and professional Bitcoin recovery services. Lost Recovery Masters has a team of investigators from across the globe that are well prepared to help clients from wherever they may be which means that help will always be within reach. Contact info. Website ( https://lostrecoverymasters.com/ ) Email ( Support@lostrecoverymasters.com ) Whatsapp +44(7537)-105921