Астана мен Братислава

KAZINFORM. Қазақ-словак бизнес форумы екі елдің өзара ықпалдастығын одан ары дамытуға жол ашады. Бұл туралы Словакия премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Ең алдымен Словакия премьер-министрі Роберт Фицо мырзаға және барша делегация мүшелеріне елімізге қош келдіңіздер деймін. Словакия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі жақты қарым-қатынасымыздың тарихы маңызды оқиғаларға толы. Қазіргі таңдағы екі елдің өзара байланыстары достық және сыйластық рухында нығайып жатыр. Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыс жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шарттық-құқықтық негіз қалыптасқан. Екі елдің алыс-берісі де ұлғайып келеді.
– Қазақстанда 30-дан астам словак компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Елімізге Словакияның ірі кәсіпкерлері де келді. Соған байланысты Роберт Фицо мырзаға алғысымды айтамын. Бүгін бизнес-форум өтеді. Бұл жиын өзара ықпалдастығымызды одан ары нығайтуға жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия премьер-министрі Роберт Фицомен шағын құрамда келіссөз жүргізген  еді.
Ал, кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Словакия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті.
Пікір қалдырыңыз