ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Астанаға ресми сапармен келді

KAZINFORM. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Астана әуежайынан қарсы алды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
– Трапта Құрмет қарауылының ротасы сап түзеді. Мәртебелі мейманға Қазақстан мен Қытай туларын ұстаған жеткіншектер қошемет көрсетті, – делінген хабарламада.
Елорда әуежайының терминалында Төраға Си Цзиньпинге балалар қазақ және қытай тілдерінде сәлемдесіп, күтіп алды Содан соң өнерпаздар қос халықтың ұлттық билерін билеп, ерекше ілтипат білдірді.
Айта кетейік, Қытай көшбасшысы мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің ұшақтары алып жүрді.
Елордада «Орталық Азия – Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр.
* * *
ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Қадірлі қауым! Сіздерді Орталық Азия – Қытай гуманитарлық форумының ашылуымен құттықтаймын! Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Астана сапары аясында осындай алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» деген тақырыппен өтіп жатқан басқосу – елдеріміздің қарым-қатынасын нығайта түсетін тағы бір маңызды іс-шара. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тату көршілік пен мәңгі достық рухында дамып келеді. Тереңнен тамыр тартатын шынайы серіктестігіміз бүгінде стратегиялық сипат алып, мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Мәдениет – халықтар мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Екі елдің бірлігін бекемдеу жолында мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқарады. Сондықтан біз осы бағыттағы өзара ынтымақтастығымызды күшейтуге ерекше мән береміз. Бүгінгі жиында қос халықтың мызғымас құндылықтары, өмір салты мен ақпараттық қауіпсіздігі жайында толымды ой-пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға толағай табыс, бақ-береке тілеймін. Форум жұмысы жемісті болсын! – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.