Құрылыс қарқынды жүруде

Өңірдегі мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал және Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, салынып жатқан әлеуметтік нысандардағы жұмыс барысымен танысты. Мердігер мекемелердің басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Е.Дауылбаев алдымен Мақтаарал ауданында болып, Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орынды жаңа білім ордасының құрылыс жұмыстарын тексерді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Төрт гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген, жол салынып, интернет желісі тартылған. Қазір ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуы, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Аппарат басшысы сондай-ақ Бірлік ауылдық округіне қарасты Еркін-абад елді мекеніндегі 200 орынды №113 мектептің және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол елді мекеніндегі 200 орынды «Нұрлы жол» мектебінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл мектептер шалғай елді мекендердегі оқушылардың білімге қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында 
5 білім ошағы салынады деп жоспарланған. Бүгінде 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр, олар биыл пайдалануға беріледі. Қалған 
3 мектеп осы жылы облыстық білім басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы іске асырылады.
Одан кейін Жетісай ауданына барған Е.Дауылбаев ондағы 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысанның қазығы 2019 жылы қағылғанымен, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жұмыс тоқтап қалған болатын. Енді қайта қаржыландырылып, жұмыстарды толық аяқтауды «Turan Energo group» ЖШС қолына алған. Жыл соңына дейін 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үй және 5 қабатты 20 пәтерлі бір тұрғын үй ел игілігіне берілмек.
Іссапар барысында аппарат басшысы 1500 орынды «Келешек мектеп» пен жаңа буынды дамыту орталығының (Оқушылар сарайының) құрылыс алаңдарында, сондай-ақ Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан дәрігерлік амбулаторияда болды. Денсаулық сақтау нысаны биыл қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Ол заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады. 
Жұмыс сапарын Шардара және Келес аудандарында жалғастырған Е.Дауылбаев мұнда да бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысып, мердігерлермен кездесті. Аппарат басшысы алдымен Шардара ауданында болды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жағажайға баратын жол құрылысымен таныстырды. Қазіргі уақытта мұнда жолды тегістеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, асфальт төселіп, жағажай аумағына электр желісі тартылады.
Одан кейін Шардара қаласының «Өтеғұл» шағынауданында салынып жатқан 300 орынды «Жайлы мектептің» құрылыс барысы таныстырылды. Сонымен қатар ол әлеуметтік жағдайлары төмен жандарға арнап салынып жатқан Ж.Қолдасов көшесіндегі 10 тұрғын үйді аралап көрді. Одан бөлек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан №2 шағынаудандағы бұрынғы бей-берекет қоқыс орны болған жерді абаттандыру жұмыстарымен танысып, ұсыныстарды тыңдады. 
Е.Дауылбаев сонымен қатар «Болашақ» шағынауданындағы жеке инвестиция есебінен салынып жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. Инвесторлармен және сала мамандарымен кездесіп, нысанның сапасы мен инженерлік жүйелермен толық қамтылуын пысықтады. 
Осы күні аппарат басшысы Келес ауданына барып, бірқатар нысанды аралады. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, құрылыс барысымен таныстырды.
Ауданға қарасты Абай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды білім ордасы, спорт кешені және екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Ал, Біртілек ауылында 300 орынды мектеп бой көтеруде. Одан бөлек, Жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысандарды аралау барысында Еркебұлан Дауылбаев мердігерлерге ескертулер айтып, жұмысты ширатуды, сапаға мән беруді тапсырды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз