«Болгария – Қазақстанның Еуропадағы ірі әрі өте маңызды серіктесі»

АСТАНА. Болгария мен Қазақстан арасында іскерлік кеңесі құрылады. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария президенті Румен Радевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

– Қазақстан Болгариямен өзара тиімді серіктестікті ілгерілетуге бейілді екенін растағымыз келеді. Сіздің еліңізді Қазақстанның Еуропадағы ірі әрі өте маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Өз тарапымыздан қазір ғана талқыға салынған бірқатар саладағы қарым-қатынасымызды тереңдету, нығайту үшін барлық мүмкіндікті ұстанамыз. Біз үлкен маңызға ие әрі ерекше назар аударуды талап ететін белгілі бір салаларды талқыға салдық. Болашақта ынтымақтастығымызды ілгерілетуде үлкен нәтижелерге қол жеткізетіндігімізге сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы екі ел де ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, цифрландыру сынды салаларды қоса алғанда сауда-саттық қарым-қатынасын нығайтуға мүдделі екенін баса айтты. 
– Қазақстан экономикалық қатынастарды одан әрі нығайтуға, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға ұмтылады. Сауда-экономикалық қатынас жөніндегі үкіметаралық комиссия бұл жұмыстың алдыңғы қатарында боларына сенімдімін. Сондай-ақ, Болгария мен Қазақстан арасында іскерлік кеңес құруға ниеттіміз және таяу болашақта ол іскерлік қарым-қатынасымызы нығайтудағы келесі қадам болмақ. Бүгінгі бизнес форум мен сауда палаталарымыз арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою ынтымақтастығымызға үлес қосарына сенімдіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Болгария БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар аясында жемісті ынтымақтастықты жолға қойғанын, әлемдік аренада ортақ мақсаттары бар екенін атап өтті.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария президенті Румен Радев кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мүмкіндік мол екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал, былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.
– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды.
Өз кезегінде Румен Радев қонақжайлылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен Қазақстанның сан қырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.
– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді Румен Радев.
Пікір қалдырыңыз