Бибіажардың тәттілері

Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кентау қаласының тұрғыны Бибіажар Алшынбаева торт пісірумен айналысады. Біз кәсіпкермен өз өнімдерін саудаға шығарып отырған орталық базардағы шағын дүңгіршекте кездестік. Жастайынан түрлі тоқаш, торт пісіруге қызығады екен. Әуесқой кондитер ретінде үйінде отырып іс бастаған Бибіажардың жобасы комиссия тарапынан мақұлданып, өткен жылы мемлекеттен 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. 

«...Бала күнімізде (90-жылдардың тоқырауында) анам үйден тандыр нан жауып сатып жүрді. Нан неғұрлым көбірек сатылса, үйге соғұрлым нәпақа көп келетінін кішкентай болсақ та ұғынып өстік. Анамызға қолғабыс жасайтынбыз. Тағам пісіруге деген дағды мен икемділік сол бала күннен қалыптасса керек» дейді кәсіпкер келіншек. 
Осыдан төрт-бес жыл бұрын бала күтімімен үйде отырған кезінде торт пісіруге қызығушылығы оянып, алғашқы қадамын бастайды. 
«Алдымен ниеттендім. Сосын ниетім мақсатқа айналды. Кішкентай сәбиімді көтеріп жүріп торт пісірушілердің курсынан қалмадым. Алдымен Түркістан, сосын Шымкент, ақыры Ташкент қаласына бардым. Сондағы тағам пісірушілердің  шеберлік сыныбына қатыстым. Жан-жақты ізденістің, арнайы курс оқудың арқасында торт пісіруді кәсіби меңгеріп алдым. Басында отбасыма, көрші-қолаңға арнап пісіріп жүрдім. Ақырындап тәжірибе жинақталған соң тапсырыс ала бастадым. Торт пісіру де өнер. Ташкенттен келген бір шебердің «бір ғажап торттың рецептін шығару үшін 2 жыл уақытым кетті» дегені  бар. Расында, бұл аса шеберлікті талап етеді. Ерекше рецептімен тіл үйіретін дәмді торт пісірсең, өзің де рахаттанып қаласың... Оқушы кезімде көркемсурет үйірмесіне  қатысқаным бар-ды. Сонда ұстаз «суретші болатын адам күніге бір «наброска» жасап, қойын дәптерге болсын шимайлап бір сурет салады. Салуды үзбеу керек, сол кезде қол жаттығады» дейтін. Сол секілді тортты пісіре келе, әбден жаттығып, шеберлік артады екен. Қазір өзім де талапты жастарға торт пісірудің қыр-сырын  үйретіп  жүрмін» дейді ол. 
Бүгінде Бибіажардың  тұрақты клиенттері бар. Екі қызды  көмекшілікке алып, жұмыспен қамтып отыр. 
«Осы шағын кәсібім нәсібіме айналды. Былтыр  грант ұтып алдым. Грант  қаржысына миксер, бірнеше витриналы мұздатқыш, тортты әрлейтін бұйымдар мен қораптар сатып алып, іс бастадық. Жаман емес, базардан осы дүңгіршекті жалға алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Жолдасым қарапайым құрылысшы, 3 перзентіміз бар. Демалыс кезінде  балаларым да көмектеседі. Базардан заттарымды әкеліп береді, үлкен қызым әрлеуге көмектессе, ұлым миксерді қозғауға жарап қалды. Қаладан, Хантағы, Қарнақ ауылдарынан да тұрақты клиенттерім бар. Тапсырыспен той-жиындарға да торт пісіріп береміз» дейді ол.  
...Соңғы уақытта торттың құрамына қосылатын түрлі қоспалар мен өнімге қажетті заттары қымбаттаған көрінеді. «Шымкент секілді ірі қалаларда торт пісірушілер соған қарай бағаны көтерді. Онда біздікіндей құрамдағы торттар  келісі 6500-6800 теңгеден сатылуда. Шымқалада нарық бұл бағаны көтеретін шығар, біздің шағын қала мен іргелес ауыл тұрғындары ондай бағаны көтермейді. Осында торт сататындар кеңесе келе торт келісінің бағасын 6200-6300 теңгеге көтерсек дедік. Бірақ, халық қымбатсынады екен, сонымен, бұрынғы 6000 теңгені қанағат тұттық. Ең бастысы, өтіп жатыр, бұйырған нәпақамызды тауып, ас-ауқатымызды осы кәсіптен  айырып отырмыз» деп ағынан жарылды. 
Сұхбат барысында Бибіажар грант қаржысының кәсіп бастауға демеу болғанын, өз қаржысымен кіші қажылыққа барып келгенін айтты. «Қарап отырсақ бұл қаржыны кім береді бізге? «Қимылдаған қыр асар» дегендей, шүкір, осы кәсібім бір отбасын асырап отыр» дейді ол. Бибіажар кәсіпкерлік бөлімі шақырған жәрмеңкелерге шығып, өз өнімін жарнамалап та жүр. Кәсібін одан әрі кеңейтпек ниеті бар. «Әлі де дамысақ, торттың ассортиментін көбейтіп, ғимаратты кеңейтіп, өнімді арттырсақ дейміз. Ол үшін қосымша жұмысшы күші де, қаржы да керек» дейді кәсіпкер келіншек. «Еңбек етсең – емерсің» деген. Біз де Бибіажардың кәсібіне береке тілеп, «бәрекелді» десіп,  жылы  қоштастық. 
Пікір қалдырыңыз