Еліміз несие саясатында нені ескеруі керек?

Бүгінде еліміздің шикі мұнай мен мұнай конденсатына тәуелділігі жоғары болып тұрғаны белгілі. Олардың экспортынан түсетін кіріс шетелге сатылған барлық тауарлардан түсетін кірістердің 53 пайызын, мемлекеттік бюджет кірісінің шамамен үштен бірін құрайды екен. Сондықтан елде инфляцияның жоғары деңгейі сақталып тұр.

Өткен жылғы сәуірдегі инфляция деңгейі 16,8 пайызды құраса, биылғы сәуірде ол 8,7 пайызды құраған. Азық-түлік бағасының инфляциясы да 6,3 пайызға дейін төмендеген. «Fitch» (беделді рейтингтік агенттіктердің бірі) болжамы бойынша инфляция 2024 жылы орта есеппен 8,6 пайыз, 2025 жылы 7,5 пайыз болады деп күтілуде. Бұл Ұлттық банктің 5 пайыздық орта мерзімді мақсатынан және ағымдағы медианалық (5,9%) мәннен жоғары. 

Орта мерзімді перспективада инфляцияның 5 пайыздық нысанасына қол жеткізу ұзақ уақыт бойы қалыпты қатаң ақша-несие саясатын сақтауды талап етеді. Инфляцияның тұрақты бөлігінің бәсеңдеуі базалық мөлшерлеменің одан әрі сақтықпен төмендеуіне мүмкіндік береді. Ағымдағы ақша-несие шарттары инфляциялық процестерді бәсеңдетудегі қолда бар ілгерілеуді бекітуге арналған және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған. Елдегі ақша-несие саясатының маңызды құралы базалық пайыздық мөлшерлемені өзгерту болып табылады.

Пайыздық мөлшерлемені реттеу – Ұлттық банктің экономикаға әсер етуінің негізгі әдісі. 

Базалық пайыздық мөлшерлеменің көтерілуі ақша-несие саясатын қатаңдату, ал, төмендеуін жұмсарту деп атайды. Қазақстанда бұл жеңілдету процесі алты ай бойы жалғасуда. Базалық мөлшерлеме экономикадағы ақшаның құнын анықтайды.

Қазақстан Ұлттық банкі 31 мамырда базалық мөлшерлемеге қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

Банк базалық мөлшерлемені 14,5 пайызға жеткізу туралы шешім қабылдады. Бұл нені білдіреді және оның өсуі қарапайым қазақстандықтарға қалай әсер етеді? 

Базалық мөлшерлеме деңгейін реттей отырып, Ұлттық банк қазақстандықтардың және кәсіпорындардың үнемдеу немесе жұмсау жағдайларына ықпал ете алады.

Инфляция жоғары болған кезде көптеген елдердің орталық банктері базалық мөлшерлемелерді көтереді. Мұны жақында он бір жыл бойы пайыздық мөлшерлемені өзгертпеген Еуропа орталық банкі жасады. Бұған дейін оны ұлғайту туралы шешімді АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі қабылдаған. Қазақстанның Ұлттық банкі де базалық мөлшерлемені 14,5 пайыз деңгейінде ұстау туралы шешім қабылдады. Осының салдарынан қазақстандықтардың ақша-несие қатынастарында не өзгеретінін айтып берейін.

Базалық мөлшерлеме Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің негізгі қаржы құралы болып табылады, оның көмегімен елдегі ақша-несие қатынастарын басқара алады. Оны белгілі бір деңгейде белгілей отырып, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер үшін алған несиелеріне төлейтін пайыздық мөлшерлемені анықтайды. Басқаша айтқанда, базалық мөлшерлеме қарапайым азаматтардың банктерден ала алатын несиелері мен депозиттері бойынша сыйақы мөлшеріне әсер етеді. Ол инфляция қарқынына да әсер етуі мүмкін, атап айтқанда, базалық мөлшерлемені 14,5 пайыз деңгейінде белгілеудің негізгі мақсаты оның қарқынын бәсеңдету болып табылады.

Базалық мөлшерлеме жоғарыласа, несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне әкеледі. Яғни халыққа берілетін несие қымбаттап, депозиттер тиімді болады. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұдан кейін қазақстандықтар несиені сирек алуы керек (демек, сатып алуы да аз) және банктерде депозиттерді жиі ашуы керек (яғни ақшаны үнемдеу) болады. Бұл жағдай сатып алу белсенділігін және онымен бірге сұранысты төмендетеді. Уақыт өте келе ол бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Пайыздық мөлшерлемеден басқа Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі теңге бағамына жанама әсер етеді. Оның өсуі теңгенің ел ішіндегі позициясын нығайтады. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, жоғары базалық мөлшерлеме ұлттық валютадағы депозиттерді халық үшін тартымды етеді. Депозит ашуға шешім қабылдаған салымшы пайыздық мөлшерлемеге – ақшасын пайдаланғаны үшін банктен алатын сыйақы мөлшеріне назар аударады. Ұлттық валютадағы депозиттер бойынша мөлшерлемелер тиімдірек, ал, базалық мөлшерлеменің өсуімен олар одан да тартымды болады. Тиісінше, қазақстандықтар ақшаны теңгемен жиі сақтай бастайды, бұл депозиттерді долларсыздандыру үдерісін жылдамдатады. Бұл ұлттық валютаның құнына оң әсер етуі мүмкін. Ағымдағы валюта бағамын ескере отырып, базалық мөлшерлемені өзгерту туралы шешім, әсіресе өзекті болып көрінеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерді ақша-несие саясаты комитеті шешім қабылдаудың бекітілген кестесіне сәйкес жылына сегіз рет қабылдайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі ақша-несие саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 12 шілдеде Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Айта кету керек, базалық мөлшерлеме мен қайта қаржыландыру мөлшерлемесі әртүрлі құралдар болып табылады. Базалық мөлшерлеменің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінен айырмашылығы неде? Қайсысына назар аудару керек? Осыған да аз-кем тоқтала кетейік. 5,5 пайызға тең қайта қаржыландыру мөлшерлемесі фискалдық функцияны орындайды, зиянды өтеу үшін өсімпұлдарды есептеу және жоғалған пайданы есептеу кезінде қолданылады. Қазіргі уақытта қайта қаржыландыру мөлшерлемесі ақша-несие саясаты операциялары үшін пайдаланылмайды.

Енді елдегі экономикалық өсімге келер болсақ, сарапшылар ЖІӨ өсімі биыл 3,8 пайызға (2023 жылы 5,1%) баяулайды деп болжайды. Бұл инвестиция, құрылыс және несиелендіру өсімінің баяулауымен, сондай-ақ елдің солтүстігі мен солтүстік-батысында болған қатты су тасқыны салдарынан аздап баяулауымен байланысты. Дегенмен, 2025 жылы мұнай өндіру есебінен ЖІӨ өсімі 5 пайыз болады деп күтілуде. 

Сонымен, Ұлттық банктің ақша-несие саясатының бағытын көрсететін нақты экономикалық көрсеткіш ретінде базалық мөлшерлеменің маңызы үлкен. 

Десе де, Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша шешімдері нәтиже беруі үшін Үкімет пен Ұлттық банктің саясаты бір-бірімен толық келісілуі керек.


Қуатбек ҚАЛЫҚҰЛОВ,

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.


Пікір қалдырыңыз