«...Ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым»

Қазақ халқының біртуар ұлы Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы 10 қыркүйекте Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Ақсүмбе  елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге  келген. 

Ол «Бірлік туы» газетінің редакторы,  мектеп мұғалімі, мұғалімдер институтының оқытушысы, уездік халық ағарту бөлімінің нұсқаушысы, уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары, Түркістан Орталық Атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ішкі істер халық комиссары, Халық ағарту комиссары, Егіншілік халық комиссары, Қазақ АОСР БК(б)П өлкелік комитетінің екінші хатшысы, Средазбюро үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, үгіт-насихат жөніндегі  хатшысы,  Орта Азия мақта ирригациялық политехникалық институтының директоры, Орта Азия мақта дайындау басқармасының төрағасы, БК(б)П Орталық Комитетінде «Союззатехлопок» меңгерушісінің орынбасары, орталық бақылау комиссиясының мақта жөніндегі бақылаушысы, КСРО Егіншілік халкомының Орта Азиядағы өкілі, Советтік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілінің орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарған.
Сұлтанбек Қожанов – математика пәні бойынша алғашқы қазақ оқулығының авторы. Ол бүкіл өмір жолын халқының ауыр тұрмысын жақсартуға, ел мүддесіне қызмет етуге арнады.
Голощекин Қазақстанға басшылыққа келген соң Қожановтың соңынан шам алып түсті десек те болады. Осыған байланысты Сұлтанбек Қожанов 1926 жылы Қазақ өлкелік партия комитетіне ашық хат жазып, Голощекиннің саяси айыптауынан басын арашалап, ақталуға мәжбүр болған. Осы хатта С.Қожановтың Қазақстандағы саяси қызметінің сипаты мен мазмұны туралы көп мағлұматқа қанығамыз. Сонымен бірге бұл құжаттан оның ұлтжандылық қызметіне негіз болған қоғамдық-саяси көзқарастарының өзегін танимыз.
Хатта:  «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мәселелерге белсене қатыстым: Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге; «Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына; Орта Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға; Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым» деп атап көрсетеді.
Сұлтанбек Қожанұлы 1938 жылы 10 ақпанда небәрі 43 жасында атылып кеткен. 1957 жылы ақталды. Жары Күләнда 11 жыл «халық жауының» әйелі деген атақтан бас тартпағаны үшін Алжирде (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) отырып қайтты. Ұлы Нұрлан неміс фашистерімен болған соғыста қаза тапты, қызы Зиба Алматы медицина институтын үздік бітіргенімен, Сұлтанбек Қожанұлының қызы болғаны үшін аспирантураға рекомендация ала алмай, Қызылордаға дәрігер болып кетті. Ұлы Арыстанға ҚазМУ-дің сол кездегі ректоры ІІІ курс оқып жүргенде-ақ Тәшкенге ауысуға кеңес берген. Ол университетке профессор Б.Бірімжановтың ұсынысымен қалып, математика ғылымынан кандидаттық диссертация қорғады. Арыстан 1979 жылы қайтыс болды.

Н.АБЖАНОВА,
С.Қожанов атындағы музейдің кіші ғылыми 
қызметкері.

Пікір қалдырыңыз