«Алтын белгі» иегерлерімен кездесті

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов биылғы оқу жылында ҰБТ-дан жоғары балл жинап, «Алтын белгілерін» ақтап шыққан 70-ке жуық білімді жаспен ашық аспан аясында кездесті.

Еркін форматта ұйымдастырылған жиынды қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сұлтан Азат жүргізді.

Қала басшысы ең алдымен ұстаздарының және ата-аналарының үмітін ақтап, Кентау қаласының мерейін үстем еткен жастарды жетістіктерімен құттықтады.

– Алдағы уақытта Абай атамыз айтқандай: «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» бола білсеңіздер, жақындарыңыз бен жанашырларыңыздың мақтанышына айнала бересіздер. Енді  үлкен өмірге қанат қағып барасыздар. Қанаттарыңыз талмай, биіктерге самғай беріңіздер! Жоғары оқу орнына түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітірулеріңізге тілектеспін. Таңдаған мамандықтың мықты иесі, кәсіпкер болыңыздар, – деді қала әкімі.

Жайма шуақ жаздың керемет сәтінде өткен кездесуде жастар тарапынан қала басшысына түрлі тақырыпта еркін сауалдар жолданды, ойларымен бөлісті.

Өңіріміз бойынша ҰБТ-дан ең жоғары 138 балл жинаған А.Қожанов сөз алып, қала басшылығына, ұлағатты ұстаздарына алғысын жеткізді.

Жандос Қалмырзаұлы жүздесу барысында жастарға алдағы өмірлеріне сәттілік тілеп, «Алғыс хаттар» табыстады. Сонымен қатар ұлы ғұламалардың терең мағынаға толы кітаптарын тарту етті.

Айта кетейік, қала бойынша 2023-2024 оқу жылында 928 түлек оқуын аяқтады. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 53 оқушы «Алтын белгі», 30 оқушы «Үздік үлгідегі аттестат» иегері атанды.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз