МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ ҒАЛЫМДЫҚ ТҰЛҒАСЫ

Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі ақын.

 

Биыл отарлау саясатына қарсы азаттық қозғалыстың жарқын өкілі, қазақ халқының біртуар тұлғасы, ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр.

Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі ақын.                                                           

Даңқты батыр ішкі Бөкей Ордасының Бекетай құмында, қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты қазіргі Жәнібек ауданында, Нарын құмында                   1803 жылы дүниеге келген. Бала кезінен Ұлы Далаға аты мәшһүр ақындар мен жыраулардың шығармаларына қанық болып өскен. Заманына сай мұсылманша сауатын ашып, орыс тілімен қатар татар және араб тілдерін меңгеріп алды.                                 

Махамбеттің әкесі Өтеміс ықпалды билердің бірі болған. Старшина болып ел басқарды.1816 жылы сұлтан өз адамдарымен Өтемістің ауылын шапқан. Сұлтанға қарсы арызданғанымен одан еш нәтиже шықпайды, керісінше, Өтемістің өзіне қарсы айыптар тағылды. Ақыры Орынборда қамауға алынады. Ал 1817 жылдың  2 қарашасында қамауда қайтыс болған. Осылайша, Махамбет Өтемісұлы жастайынан әкесінен айрылып, анасының тәрбиесін көріп өседі.  

 1824-1828 жылдары Махамбет Өтемісұлы Орынборда оқып жатқан Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның тәрбиешісі болды. Сол қалада тұрды деген мәліметтер де бар. Алайда Махамбет Зұлқарнайынның жанында ұзақ уақыт жүрмеген. 1829ж. Махамбет Ішкі Ордаға Жайықтан жасырын өтті деген айыппен ұсталып, Калмыков бекетіндегі абақтыға 2 жылдай қамалды. 1831 жылы түрмеден қашып шықты, бірақ артынша ақталды. 1834 ж. Исатай батырмен бірігеді. Сол жылы 9 маусымда Жәңгір хан Махамбетті өз жағына тарту мақсатында старшын лауазымын ұсынды. Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатындағы                                      іс-қимылдары, сондай-ақ, Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі мен ел билігінде қайын атасы Қарауылқожаға үстемдік берген астамшылық әрекеттері бүліншіліктің туылуына себепші болды. Қарауылқожа мен Исатай-Махамбет арасындағы тартыс өршіп, наразылық үлкен қозғалысқа айналды. 

Көтерілістің алғашқы қақтығыстары 1836 жылдың 24 наурызында Қарауылқожа Бабажанов пен Исатай Тайманұлы арасындағы қақтығыстан басталды.  

1836 жылы 4 сәуірде Киелі мола деген жерде 522 адамнан тұратын отряд алып шыққан Қарауыл қожамен Исатай-Махамбеттің 200-ге жуық әскері кездеседі. Қарауыл қожа ұрыс ашуға бата алмай, кері қайтады. Алайда келіссөздер тығырыққа тіреліп, іс жүзінде іске аспай қалады. 1836 жылдың                  17 наурызында Жәңгір хан билер мен старшындарға Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын бүлікші ретінде ұстауға бұйрық береді. Ал мамырда Махамбетке Күшік Жаппаровты өлтірді деген айып тағып, үстінен Орынбор шекара комиссиясына шағымданды. Бірақ комиссия Күшік Жапаровтың өліміне Махамбеттің де, Исатайдың да қатысы жоқ деген шешімге келді.

1836жылы маусым айында Исатай мен Махамбет хан ордасына талаптарын жолдайды. Жәңгір хан Орынбор шекаралық комиссиясына хат жолдап, Исатай мен Махамбетті қамауға алуды өтінеді.

1937 жылы көтерілісшілердің саны артты. Олардың Жәңгір ханға жақтастарына ғана емес, тікелей өзіне қарсы шықты. 1837 жылдың                                     4 маусымында Балқы Құдайбергеновтің ауылын шауып, Балқының адамдарын талқандайды. Ал қыркүйекте Махамбет Өтемісұлы көтерілісшілермен бірге Қарауылқожа Бабажановтың ауылын шауып, ауылдың 550 жылқысын,                           95 түйесін алып, кедейлерге үлестіреді. Ертесінде тұтқындалған 50 адамның 30-ын босатып жібереді.  

1837жылы күзде Исатай мен Махамбет 2000-нан астам әскермен келіп, хан ордасын қоршауға алады. Сол екі арада Орынбордан подполковник Гекке бастаған казак-орыс әскері көмекке келіп жетеді. 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерде 700 қазақ-орыс, екі зеңбірек, ханның 400 сарбазы мен көтерілісшілер арасында шайқас болды. Исатай жаудың қолына түспеу үшін аз ғана жігіттерімен шегінуге мәжбүр болды.

1837-1838жылдары Жайықтың бергі жағына өтіп, Кіші жүздің арасында болады. Қол жинап, елді көтеріліске үгіттеумен айналысады.

Жәңгір ханның туыстары Шөкі Нұралиев, Тәуке Бөкейханов, Жанбөбек Бегалиевтердің ауылдары да қысым көреді. Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер сұлтандарды да қолға түсіру үшін арнайы жасақтар жібереді. Олар Глинянск форпостына барып тығылуға мәжбүр болады.  

1937 жылдың қараша айында хан ордасына шабуыл жасалады. Исатай мен Махамбет бастаған екі мыңнан астам адам хан сарайын қоршауға алады. Жәңгір оларға төтеп бере алмайтынын біледі. Содан Исатайды мәмілеге келуге шақырып, талаптарын орындауға уақыт беруін сұрайды. Көтерілісшілер болса, Балқы би мен Қарауылқожаны хан төңірегінен шеттетіп, билікті ру старшындарына беруді талап етеді.

1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ шайқасында көтерілісшілер тағы полковник Гекке бастаған әскерге қарсы шықты. Қайтадан зеңбіректерден оқ атылды. Махамбет Өтемісұлы бастаған жасақ оқты қардай боратқан патша әскерлеріне қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болды. Шегінген көтерілісшілерге сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының жасақтары күтпеген жердентап берді. Махамбеттің сарбаздарды сұлтанның жасақтарына тойтарыс берді. Осы кезде казак-орыс жүздіктері келіп, көтерілісішілерді қоршауға ала бастады. Олар тағы шегінуге мәжбүр болды. Ал азаттық қозғалыс жетекшісі Исатай Тайманұлы осы шайқаста қаза тапты.

Ақбұлақ шайқасынан кейін Махамбет Қайыпқали сұлтанмен бірге Хиуа жеріне өтіп кетеді. Сол жақта Алақұл ханмен байланыс орнатып, қазақтар орыс патшалығынан қысымшылық көрген жағдайда Хиуа жағына көшуге рұқсат алады.

1839 жылдың қазан айында Махамбет Өтемісұлы Бөкей Ордасына келеді. Жәңгір хан Әділ Бөкейханов сұлтанға батырды тауып, тұтқындауға бұйрық береді. Бірақ еш нәтиже шықпаған.

1840 жылдың желтоқсан айында Махамбет өз жақтастарымен бірге Беріш руының старшыны Ақтай Мұнаевтың 35 жылқысын барымталап, Орал арқылы Сарыкөл елді мекеніне қоныс аударады. Ал шілде айында генерал-майор Жемчужниковтың жасағына шабуыл жасайды. 1841 жылдың қаңтар айында әскери генерал-губернатор Орал жасақтарының атаманына Махамбет Өтемісұлын тұтқындауға бұйрық береді.

Наурыз айында Мұртаза Өзбекқалиев Махамбет Өтемісұлының теңіз жағалауындағы ауылдарда жасырынып жүргендігін жеткізеді. Сол кезде Голунов, Ведерников және Хохлов сынды жасақ басшылары батырды қолға түсіріп, Орынбордағы әскери-далалық сотқа тапсырады. Махамбет Өтемісұлын Орынбор түрмесіне жібереді. Ал ісі Орынбор әскери сотына тапсырылады.

1841 жылы 7 шілдеде сот «бүлікке» тағы араласса, қатаң жазалансын деген үкіммен тұтқыннан босатып, шекарадан өтпеуді қатаң ескертті.

Көтеріліс себебі

Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс патша үкіметінің отарлау саясатынан туындады. Әсіресе, жер мәселесі қатты әсер етті. 30-шы жылдары Бөкей Ордасында 80 мыңға жуық адам болса, соның 20 мыңға жуық отбасы жер тапшылығынан зардап шеккен. Себебі патша шенеуніктері мен оның жақтастары шұрайлы жерлерді алып қойды. Ал тартып алынған жерлерді қайтадан қарапайым қазақтарға жалға беріп отырды. Оған қоса, түрлі алым-салықтар жинауды әдетке айналдырды.

Бөкей Ордасындағы жер тапшылығы әсіресе қарапайым халыққа ауыр тиді. Олардың жер сатып алуға немесе жалға алуға шамалары жетпеді. Қазақтар мекен еткен жерлерді орыс ауылдары мен станицалары қоршап тұрды. Ал шекараны асып өткені үшін ақы төлеу міндеті енгізілді. Мысалы, қазақтар шекарадан өткендері үшін отбасыға он сом, әр мал басына және шөп тиелген арба үшін он сомнан төлеуге мәжбүр болған.

1845 жылы Алаша руының старшындары мен билері Махамбетті Ішкі Орда жерінен түбегейлі қуып шығу туралы қоғамдық шешім шығарады. Себебі батыр халықты үнемі көтеріліске шақырған. Шешімге он екі старшын мен билер қол қойды.Сол жылы 7 қыркүйекте шекаралық комиссия Махамбет Өтемісұлын ұстауға бұйрық береді. Оны орындауды сұлтан Баймағамбет өз мойнына алды. 1846 жылдың қазан айында Айшуақов Махамбетті ұстау үшін Ықылас Төлеев, Жанберген Боздақов, Төрежан Тұрұмов, Мұса Нұралин, Жүсіп Өтеулиев бастаған 20 адамды аттандырады.

Махамбет қоныс тепкен жерге келгенде Төрежан Тұрұмов оған сұлтанның ұрланған жылқыларды қайтару туралы бұйрығымен таныстыруға келдім деп алдайды да, үйге кіреді. Осы сәтте Ықылас Төлеев пен Мұса Нұралиндер кіріп, жылқыларды қайтаруды талап ету арқылы жағдайды қасақана ушықтырады. Махамбет өзінің кінәсіз екендігін дәлелдегісі келді. Бірақ үйге кіргендер оған жабылады.  Ал Жүсіп Өтеулин батырдың басын шауып тастайды. Осыдан кейін олар Махамбеттің 8 жылқысы мен 4 түйесін қолды етіп, батырдың басы мен інісін сұлтанға жеткізеді. Баймағамбет сұлтан істің мән-жайын шекаралық комиссияға түсіндіргенде Махамбет Өтемісұлын кінәлі етіп, қаруды өзі бірінші болып кезенгенін және Төрежан Тұрұмов бастаған адамдарды өлтіруге талпынғанын айтады. Махамбеттің өлімін анықтау мақсатында Редкин бастаған тергеу тобы құрылса да, айтарлықтай нәтиже бермеді.

1958 жылы Қажым Жұмалиев пен Тайыр Жароков Оралға іссапармен барды. Олар жергілікті газеттердің біріне Махамбеттің жерленген жерін көрсететін адамды іздестіріп жатқандарын хабарландыру арқылы жариялайды. Сол кезде Махамбетті жерлеуге қатысқан Бектұрған есімді адамның немересі Құрақ Бектұрғанов байланысқа шықты. Оның үшінші атасы Бектұрған Исатай мен Махамбеттің қарулы көтерілісіне қатысқан достары екен.

Бектұрған баласы Тәшенге, Тәшен өз ұлы Дінмұхамедке Махамбеттің бейітін көрсетіп кетіпті. Ал Дінмұхамед ақсақал баласы Құраққа: «Махамбеттей адамдар еш уақытта ұмытылмайды, ұмытылуға тиісті де емес. Күндердің күні оның жерленген жерін іздейтін адамдар табылар. Сондықтан балам, мен Махамбеттің басына тобылғы тігіп кеткелі тұрмын», - деп, өз қолындағы және баласының қолындағы қамшылардың сабын қайысынан ажыратып, тобылғысын Махамбет қабірінің бас жағы мен аяқ жағына көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескертеді. Осыны Қажым Жұмалиев пен Тайыр Жароковқа әңгімелеп берген.

Құрал ақсақал Қаройдағы ескі қабірлер арасынан Махамбеттің бейітін тауып, басындағы 1951 жылы көмілген қамшының тобылғы саптарын тауып көрсетеді. Осылайша, Махамбеттің қабірі табылды.

1966 жылы антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов келіп, қазба жұмыстарын бастайды. Қабірден бас сүйегі денесінен ажыратылған Махамбет Өтемісұлының денесін алып, батыр бабамыздың бейнесін жасап шығады.

17 жылдан кейін Махамбеттің сүйегі бұрынғы орнына қайта жерленеді.   

         19 ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы мен көтеріліс рухтандырушы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері Атырау облысының Индер ауданы, Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан. Ақынның қабірі мәдениет ескерткіші болып табылады және 1846 жылымен белгіленді, ең басында бұл жерде қабір үстіндегі шомбал құлпытасымен жабылып тұрған сегіз қырлы тас табыты болды, 1995 жылы бұл жерді толығымен қайта салып, ақынның қабірі үстінде ақ тастан салынған әдемі мазар тұрғызылған. Осы кезден бастап ақын қабірі тек киелі жер ғана болмай, сонымен қатар сәулет ескерткіші болып табылады.

Ең алғаш рет ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының жерленген жерін                           XX ғ. 50-ші жылдары Гурьев ақыны Берқайыр Аманшин зерттеді. 1980 жылы Махамбет Өтемісұлының жерленген жерін Қазақ ССР Мәдениет Министрінің Орал экспедициясы зерттеді. 1995 жылы Махамбет Өтемісұлының есімін мәңгі есте сақтау үшін оның қабірі үстінде мазар салу қажет деген шешім қабылданған. Құрылыс биіктігі – 6,4м, күмбез биіктігі 1,8м, күмбездің сыртқы диаметрі 5,2м. Жалпы биіктігі 12,2м. Кіреберістегі баспалдақ биіктігі 1м, тығыздығы 0,5м. Мазар кіреберісі алдында оюлы өрнекпен безендірілген классикалық арка қойылған. Жалпы айтқанда, бүкіл құрылыс айналадағы дала ұлы ақынның тірі дауысын ести алатын өтіп кеткен заманнан келгендей болып көрінеді.

 

Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. «Мұнар күн» жырында ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақтың баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» дейді ол отты жырларында.

Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы - Исатай Тайманұлы. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арналған өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері - хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды.

Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып түр, мазмұн, жағынан байыта, жетілдіре түсті. Лирикалық өлеңдері көбіне толғау, жыр, терме түрінде жазылды. Исатайға арналған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Оның шығармалары қазақ поэзиясының сатира, элегия, монолог, арнау жанрларының қалыптасуына, стилінің дараланып, поэтикалық тіл құралдарының артуына, философиялық тереңдіктің орнығуына үлес қосты. Халық нақылына құрылған философиялық толғаулары мен жігерге толы ерлік жырлары, жауынгер рухты биік өлеңдері оның шығармашылығын жоғары деңгейге көтерді. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті. Ақын жырлары орыс, араб, парсы сөздерінің көп кездесіп, шағатай тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Ол жыраулық поэзия дәстүрін шебер дамыта отырып, қазақ өлеңінің табиғатын жаңартты.

Махамбет ақындымен  қатар шебер күйші болды. Оның 11 күйі                           1982 жылы «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрді.

1939 жылы Қ.Жұмалиев ақын өлеңдерінің жинағын шығарды.                              2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде кең түрде аталып өтіліп, 4 томдық жинағы жарыққа шықты. Интернетте Махамбет сайты ашылды. Астана қаласындағы оқушылар сарайына ақын есімі берілді. Ресейдің «Выборг кеме жасау зауыты» ААҚ Қазақстанның тапсырысы бойынша «Махамбет» атты мұнай құю танкерін жасап шығарып, суға түсірді. Атырау облысында Махамбет атындағы аудан, ауыл, көше бар. Ақын қайтыс болған Атырау облысының Индер ауылынан                   40 шақырым жерде кесенесі тұрғызылды. Белгілі антрополог Ноэль Шаяхметов Махамбеттің бет-бейнесін жасап шығарды.

 

Махамбеттану әлемі 

«Фараб» кітапханасы қорындағы Махамбет Өтемісұлы  кітаптарының қысқаша аннотациясы

1.      «Махамбет жыр семсер» - кітабында қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлының өлеңдері жинақталған. Кітап жалынды ақынның туғанына 175 жыл толу мерекесіне орай шығарылған. Махамбет өлеңдерінің бір сыпырасы балалар мен үлкендерге ортақ мұра. Жас өспірімдер әрқашан патриоттық күш-қайрат беретін, өздерін жігерлендіре түсетін шығармалардың ішіндегі кейіпкерлерге үнемі еліктеп отырады. Мазмұны қызықты және жастарды патриоттық идеяға баулитын шығармасы оқырманның үлкен, кішілігіне қарамай бәріне қызмет етеді. Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай», «Тарланым», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», «Ерлердің ісі бітер ме?» «Қызғыш құс» деген өлеңдері жастардың ойына қозғау салатын, патриоттық рух, оң мен солын танытатын тәрбиелік күші басым шығармалар. Махамбет өзінің үлкен, кішіге бірдей қызмет ететіні және өлеңінің басты қасиеті адам-өмірі туралы дұрыс ұғым беретіндігінде. Ақын өлеңдерінің тағы бір пайдалы жағы мұнда тарихи шындық, болған іс баяндалады.

2.      «Жыр-семсер» кітабын баспаға әзірлеген, алғы сөзін жазып, библиографиясын құрастырған Берқайыр Аманшин.

3.      «Адамзатқа ортақ ақын» - кітапқа негізінен ақын-зерттеуші әрі аудармашы Мақсұт Неталиевтің көп жылғы зерттеу еңбектері еніп отыр. Ақын көп жылдан бері Исатай-Махамбетке қатысты тарихи деректерді, ресми мұрағаттық құжаттарды да зерттеумен айналысқан. Оның бұл тақырыпқа арнап жазған өлең, мақалалары республикалық мерзімді басылымдарда үзби жариялануда. Автор сондай-ақ, XIX ғасырдың отызыншы жылдарында Батыс Қазақстанда өріс алған шаруалар көтерілісінің көсемдері Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының тағдыр-тәлкегіне байланысты жазылып, жарық көрген ордалық тарихшы Никита Савичев пен орынборлық әскери офицер әрі мұрағатшы Александр Рязановтың кітаптарын аударып, жеке кітап етіп бастырды. Бұл жинаққа Махамбеттің туғанына 200 жыл толатын мерейтойына орай әр жылдары жазылған мақалалары мен аудармалары топтастырылып отыр.

4.      «Сахна желісі - Махамбет» - Махамбеттің қилы тағдырын сан қырыннан сөз еткен, еліміздің айтулы сахналарында белгілі өнер шеберлері әр жылдары табыспен қойған пьесалар мен опера либреттосы осы кітапта айтылған. Қазақ өнерпаздары ақын жанды, асқақ та әділет аңсағыш, арқылы да адуын жандарды өз шығармаларына арқау еткен. Өнер ұжымдары сол қаһармандарды ел алдына шығарып, романтикалық, эпикалық бағыттағы өршіл ерліктерді насихаттауда едәуір тәжірбие артырған. Елін - жұртын жеңіске бастаған қайсар кейіпкерлердің түрлі күрес - жорықтарындағы алмас семсердің жүзіндей өткірліктері ұлы мақсат-идеал үшін де жан алысып, жан берісу әзірліктері сахна мен экран төрінен орын алуда. 1971 жылы Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жас өспірімдер театрда ұлы ақын тақырыбын меңгеруге ниет жасап, Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» деген дүниесін сахнаға шығарды. Сол кездегі жас режиссер Есмұқан Обаев пен сүретші Дүйсен Сүлеев екеуінің қиял толқытуы нәтижесінде тәп-тәуір туынды өмірге енді. Ұлы батыр әрі шайыр ержүрек Махамбеттің сахналық кескінің ел санасына сіңіре түсудің бірден-бір жолы осы пьесалардың бір жинаққа топтастырылуы. Өнер ұжымдары өзіне керегін аталмыш еңбектен табады.

5.       «Махамбет жорық жырлары» -Махамбеттің қайғылы тағдыры да, отты жырлары да қазақ халқының рухани тіршілігіндегі үлкен құбылыс екені анық. Махамбеттің өлеңдерін, ақынның күйлерін бей-жай тыңдау мүмкін емес. Адамның жан дүниесін дүр сілкіндіріп, ойран-асыр сезімдерге баурап, көк аспанды қарс айырған жасын отындай жарқ-жұрқ етіп,бір сәтте көрмегеніңді көргендей қылып,бар дүниені көз алдыңнан өткізгендей әсер қалдыратын туынды. Азаттық идеясын Махамбеттей жырлаған ақын қазақ даласында кемде-кем. Намысшыл, тегеурінді жыр легі Махамбет талантының қайнар көзі, тың үрдіс бастауы мейлінше бөлек қозғалыс, бөлек арна. Еркін, екпінді, жігерлі, бірден жүрегіңнің түбіне жететін батыр-жырға еріксіз сүйсініп, өзіңе қанат біткендей боласың. Бұл батыр Махамбеттің, ақын Махамбеттің өзіне тән, айнымас бейнесі.

6.       Әнес Сарайдың «Исатай – Махамбет тарихы» зерттеу кітабы 1836 – 1837 жылғы патша өкіметіне қарсы қазақтар бас көтеруінің арғы – бергі тарихы мен кейінгі ұрпаққа тәлім – тәрбиесі жөнінде тереңнен толғам, жүйелі әңгімеленген бірден – бір туынды.  Еңбекте Исатай - Махамбет өмірбаяны мен көтеріліс тарихын тақырып қойып, кезең-кезеңдерге бөліп жазғанымен, жылнамалық тәсілді қатаң сақтаған. Көтеріліс тарихының кей тұстардағы әр күн,әр апта сайынғы шындықтар қаз-қатар тізіліп, Исатай-Махамбет оқиғасының толық суретін қалыптастырып жинақталған.

 Аталмыш оқиға туралы дерек, бір парасы бала кезден құлаққа сіңген әңгімелер, ел аузынан, батырдың ұрпақтарынан жазып алғандары, екінші парасы – көне кітап, ескі жазба, архив материалдары мен байырғы зерттеулер. Кітаптың оқиғасы қою, тілі жеңіл, оқырманды жайбарақат қалдырмайды.

7.       «Махамбет философиясы» - қазақтың көрнекті жазушысы, проза шебері әрі кинодраматург Дидар Амантай ел назарына ұсынып отыр. Автор туындысында Махамбет Өтемісұлының мінез-құлқын қимыл-әрекеті, пәлсапалық ойы және диалогтары арқылы жан-жақты ашып суреттеуге талпынған. Қаламгердің ойынша, әдебиет дегеніміз - сағынышқа құрылған мөлдір әңгімелер. Кітаптың тілі шұрайлы, бояуы қанық,оқиғалары қызықты. Кітапқа «Тоты құс түсті көбелек» және «Топ шеңгел» романдары, «Ібіліспен сүйісу» повесі, «Көзіңнен айналдым» әңгімесі, сонымен қатар, 40-қа тарта философиялық эсселер енді.   

8.       «Ереуіл атқа ер салмай» - батыр, ақын Махамбет Өтемісұлының бұл толық жинағы алғаш рет монғол тіліне аударылып отыр. Бұл аудармаға                       1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Исатай-Махамбет» жинағы, академик Қажым Жұмағалиев жинастырып жариялаған 1948 - 1951 жылғы жариялымдары мен соңғы кездерде жарық көрген көптеген жинақтарындағы өлеңдері қарастырылған. Шын мәнінде жалынды ақынның өлеңдерін монғол тілінде жалынды түрінде тәржімалап сөйлету-оңай іс емес. Моңғол тіліне алғаш рет назиралап аудару ісіне белгілі ақын, аудармашы Жүкел Хамай ерен еңбек сіңірді. Ол Махамбет Өтемісұлының өмірбаянына, ақындық шығармасына қатысты архивтік, тарихи т.б. көптеген деректерді және өлең жинақтарын жинастыра отырып, монғол поэзиясына тән шеберлікпен ежелгі монғол өлең дәстүрінің ырғақ,үйлесімдіктерімен назиралап толық аударып,тәмәмдады. Бұл аударманы қазақтың батыр ақындарын монғол жұртшылығына танытудағы елеулі оқиға,үлкен бір тарту деп білеміз.

9.       «Махамбет әлемі» - қазақтың жазушысы, драматург, тарихшы Әнес Сарайдың бұл кітабы ұлт азаттық қозғалысының зерттеуіне қосқан үлесі деп айтуға болады. Автор өте сирек кездесетін архивтік құжаттарға сүйене отырып, ұрпақтарының естеліктерін кітапқа енгізген. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына қатысты архивтік құжаттар келтірілген. Қазақстан тарихында бірінші рет кең көлемде ұлт-азаттық  қозғалыстың себептері мен салдары сипатталады. Исатай мен Махамбеттің іс-әрекеттерін күн, ай, жыл бойынша қатаң тәртіппен жазылған. Фактілер мен деректерге жүгінген.

Қазақ халқының біртуар тұлғасы, ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының  ғылымдағы ғалымдық тұлғасымен етене танысу үшін Махамбеттану әлеміне үңілу арқылы бойыңызға патриоттық  жігер мен тағылымды өнегелік тәрбиені сіңіре аласыз.

 

Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасының қызметкерлері - Д.Сазанова, Э.Балтабай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз