Cылдырап аққан жыр бұлақ

Самсаған зәулім сарайлар, биік-биік шыңдармен бой таластыратын алып- алып үйлер, көзіңді ашып-жұмғанша қалаған жеріңе жеткізетін қымбат-қымбат көліктер де адамның рухани қажеттілігін өтеуге қауқарсыз. Еліміз тәуелсіздік алып, оңымыз бен солымызды ажырата алмай, қайда бағыт түзерімізді білмей дағдарып тұрған беймаза шақта елдің көпшілігі екі топқа бөлінді. Алғашқы топ қайткенде де қатарынан қалмай дүние тауып, тұрмысын түзеп алу үшін күнкөріс қамымен жолға шықты. Ал, екінші топ не де болса Құдайдың басқа салғанын көрерміз деп көппен көрген ұлы тойға қарай қадам басты. Ал, бүгін сол бір аласапыран кезеңдегі аласұра жүгіру баяулап, дүниені қуған топ белгілі бір деңгейде дүние-мүлкін түгендеп, басқа салғанын көріп, барымен базар болып жүрген топ тұрлаусыз дүниеде тұрлаулы бір құндылықтың бар екендігіне көз жеткізгендей. Адамзаттың Абайы «Пендеде бір іс бар жалығу деген... Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпай-тұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да көңіл аз ба, көп пе жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі» деп тұрлаусыз тірліктегі қызыл да жасыл баянсыз дүниелердің ара- жігін ажыратып көрсетіп берген болатын. Содан бері қанша дәуір өтіп, дүние дидары қалай өзгерсе де, Абай айтқан осы бір мінез, адамзатқа тән қасиет аса өзгере қойған жоқ. Айнымайтын, өзгермейтін, жалықтырмайтын жалғыз құндылық ол – рухани құндылық, рухани байлық. Жалғанның жалғандығынан жанымыз жабырқап, көңіліміз құлазыған сәтте қажетімізді көркем әдебиеттен, көркем өлеңнен табамыз. Бойға қуат, ойға қайрат жинап қанаттанамыз. 
Ақ көңіл, адал жандар, жүрегі кең жігіттер,
Сендерге қонақасы беруге мен де үміткер.
Келіңдер қонақ болып, жайраңдап жазда маған,
Сонда мен сыр шертемін ешкімге қозғамаған, – деп 1972 жылы жарыққа шыққан «Қанат қақты» деп аталатын алғашқы жыр жинағының өзінде-ақ көңіл сарайын көпке айқара ашып, ешкімге айтпаған сырын ашуға асығады. Бұл жыр жолдарының авторы – мұқым елге мәлім, алты Алашқа әйгілі ақын, аты мен даңқы қатар айтылатын «хан қызындай Ханбибі» атанған – Ханбибі Есенқарақызы. Мектеп қабырғасында жүрген сәттен-ақ ақ параққа сыр шертіп, қағаз бен қаламды жанына серік еткен ақын қыз бүгінгі күні айтулы ақынға, елдің анасына, халықтың керегін өтеуге жараған қайраткер тұлғаға айналды. Әдебиет теориясының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов: «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ мал баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан»  деп топшылайды. Шындығында, қазақ халқы сөзге тоқтаған, сөзге ерекше мән берген шешен халық, болмысынан білгір, тумысынан ақын халық. Ханбибі апамыз сондай халықтың арасынан жарып шыққан тума талант деп айтуға толық негіз бар. 
Сөз өнерінің ұңғыл-шұңғылын қопара зерттеген ғалым Зейнолла Қабдолов «Өлең – еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі... Өлеңдегі әр сөз адамның жан жүйесімен, көңіл күйімен, сезім толқындарымен өзекті байланыста» деп байыптайды. Ханапамыздың бір жыр жинағы «Мен-дағы табиғаттың бөпесімін» деп аталады. Ақынның табиғаты мен туған елдің табиғаты бір-бірімен үндес, ұқсас сияқты болып көрінеді. Ханбибі ақын өлеңдеріндегі табиғат көріністерінің қайсыбірін алсаңыз да тілдік көркемдігін паш етіп тұрған кестелі сөзді, суретті сөзді аңғарасыз. Ақын «Рауан шақты» былайша суреттейді:
Елең-алаң. Жылымық,
Ұйқыда еді тау батыр.
Көк теңізге жымиып,
Шалқасынан ай жатыр. 

Рауан шақ – тың ырғақ,
Жаныма мұң емізбе!
Қараңғылық шымырлап, 
Сіңіп кетті теңізге!
Сөзбен салынған сурет деп осындай сұлу, осындай көркем жыр жолдарын айтсақ керек. 
Беу тіршілік, бер маған толғағыңды, 
Қалдырмаған марғаулық жолда кімді?
Көздеріме найзағай жарқылын бер,
Жұмыс тауып, босатпа қолдарымды! – деп жырлаған қайсар ақын, қайраткер ақын Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық өмір жолына үңіле қарасаңыз, оның бір сәт те бос отырмағанын, қара бастың қамын күйттемегенін аңғарасыз. Бұған ақынның қырыққа тарта кітаптары, қоғамдағы ешкімге ұқсамайтын кісілік тұлғасы, атқарған қызметтері дәлел бола алады. Тағдырдың тартуымен Қазақстанның батысынан табиғаты ыстық, адамдары да жылы жүзді оңтүстік өлкесіне қоныс аударған Есенқараның есті қызы өзінің ешкімге ұқсамайтын өршіл үнімен, адуынды мінезімен оңтүстік пен солтүстікке де, батыс пен шығысқа да ортақ перзентке айналды. Белгілі бір өлкенің, өңірдің емес, тұтас елдің тұлғасы болып бой түзеді. Есенқарақызының ерекшелігі – қоғамдағы өзекті мәселелердің қай-қайсысына да бей-жай қарамайды, үлкен  мәселе, ұсақ мәселе деп бөліп-жармайды. Сексенінші жылдардың өзінде отбасы құндылықтарының қадір-қасиетін зерделей отырып жазған «Өз отыңды өшірме» деп аталатын өлеңдер циклін тап осы ХХІ ғасырда, бүгін жазған шығарма деп ойлайсың. Өйткені, кешегі күннен де бүгінгі күні бұл мәселе ушығып-ушығып, ақыры «Отбасы туралы» заңның қабылдануымен қорытындыланып тұр. Бір-бірін түсінуден қалған төрт жұптың, сегіз келіншек пен сегіз жігіттің сергелдеңге түсіп, ажырасуына себеп болған жағдайларды ақын жырмен кестелейді. Соңында мынадай байлам жасайды:
Еркелеймін десең де, күлемін де, 
Жатқан жоқ па дарқандық 
жүрегінде.
Бағалай білсең егер 
бақытым деп,
Ер адам – тағдырың да, 
тірегің де!

Келіншектер! Жігіттер! 
Ойланайық!
Біз іс жасап жүрміз бе 
бойға лайық.
Жіңішкерсе тағдыр – 
жіп жалғанайық,
Өрімталдай өмірді қолға алайық!
Жолынан жаңылған жас отбасыларға қайраткер ақын осылай үндеу тастайды, бөлінуге емес, бірігуге бағыт сілтейді. Жаңылыспасам, Ханапамыздың «Ән» деген өлеңі мүшәйрада топ жарып, бас бәйгені иеленді. 
Кіршіксіз ән, кідірме, жасырынба,
Сен арқылы жеткенбіз ғашық ұлға.
Бақыттымыз жастық шақ орай келген,
Қалдаяқов Шәмшінің ғасырында!

Құп алайын, жас толқын, әнші дейін,
Қиқаламай әніңді салшы дейін.
Махаббаттар баянды болу үшін,
Талант керек тағы бір Шәмшідейін!
Өлең жеке тұлғаға, дара талантқа арналғанымен, бұл өлеңде де үлкен мәселе бар. Мән-мағынасыз, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған әндерге деген қарсылығын ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың талантын асқақтата отырып, жас толқынға әдемі ескерту жасайды. Қалың ел «хан қызындай Ханбибі» деп еркелетсе, үзеңгілес досы, сырласы болған сатира саңлағы Көпен Әмірбеков «Қазақтың Ханбибісі, Әнбибісі» деп әспеттейді. Олай деуінің де жөні бар. Ханапамыздың есімі мен «Алтынай», «Нұрикамал» әндері егіз ұғымға айналып кеткелі қашан. Биылғы жылы ақынның мерейлі тойының қарсаңында еліміздің біраз өңірлерінде «Нұрикамал» әні пьеса арқауына айналып, сахналанды, көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 
Ақынның абырой-беделі, қоғамдағы орны оның тек шығармаларымен ғана таразыланбайды, жүріп өткен жолымен, атқарған қызметімен, елге сіңірген еңбегімен де сараланады. Бұл тұрғыдан алғанда Ханбибі Есенқарақызы атқарған қызмет шаш-етектен. Бұрынғы Шымкент педагогикалық институтын тәмамдаған  (бүгінгі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ) Ханапамыз еңбекке ерте араласады. Алғаш Сарыағаш ауданында қызмет жолын бастап, бертін келе облыс орталығы болған Шымкентке қоныс аударады. Журналистика саласында өнімді еңбек етіп, қоғамдық істерде де алдыңғы лектен көрінеді. Ұлтжанды ақын ана тіліміздің қайта бой түзеуіне, өзінің елінде еңсесін көтеруіне есепсіз еңбек сіңірген тұлға.
Ғасырдың жасы болып тамшыладым,
Озам деп шабанымды қамшыладым.
Өз тілімде сөйлеуге біреулердің,
Алдына кеп иіліп зал сұрадым. 
Осы бір шумақ өлеңді ойсыз, мұңсыз сыдыртып оқып шықсаң кәдімгі ана тілімізге арналған өлең деп ойлайсың. Ал, тереңіне бойлай оқысаң өз еліңде отырып, өз тіліңде сөйлеу үшін өзгелердің алдында иіліп  рұқсат сұрайтын не деген иілгіш елміз, не деген момын халықпыз деп жігеріңді жанисың, көнгіштігіңе налисың. 
Ханбибі Есенқарақызы шығармаларының жанрлық ерекшелігі де сан қырлы. Поэзиялық шығармаларында өлең, поэма, баллада сынды жанрларды жарқырата көрсеткен ақын, бүгінгі күні проза жанрында да олжа салған қарымды қаламгерге айналды. Қара сөздің хас шеберлерінің басым көпшілігі әдебиет әлеміне апыл-тапыл қадам басқанда қара өлеңнен бастап, қара сөзге ойысқандығы туралы мысалдарды көптеп келтіруімізге болады. Басқа қаламгерлерді айтпағанның өзінде, Әбіш Кекілбаев ағамыздың өзінің ең алғаш өлең жазғандығы жөнінде көп естідік. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев: «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» десе, Ханапамыз шығармашылық сапарын жалынды жырмен бастап, парасат пайымы тереңдеп, тұлғалық қасиеті биіктеген тұста проза жанрына еркін бетбұрыс жасады, олжа салды. 2004 жылы жарыққа шыққан «Күн шығады бозарып» деп аталатын кітабында да естеліктері, публицистикалық шығармалары, сұхбат-диалогтары жарияланған болатын. Қаламгердің «Эсселерін» оқыған Әбіш Кекілбаев жүрекжарды пікірін кітаптың алғысөзінде жайып салған болатын. «Оның естеліктерінен ақындығын ғана емес, қара сөзді қатар алып жүретін прозашы екенін байқадым» деп қара өлеңнің көшін алға жылжытқан ақын қыздың қара сөздің көшінде де көштің көркін кіргізетін қабілетін Толыбай сыншыдай тап басып айтты. 
Теорияны зерттеуші ғалымдар «Проза жанрының поэзиядан басты ерекшелігі адам баласының бойындағы қасиеттер жан-жақты сипатталып, жан-жақты көрініс береді... Ел арасындағы саяси оқиғалар мен тұрмыс-тіршіліктің  барлығы да осы проза жанрында көрініс тауып, әр заманға өзіндік баға береді» деп түйіндейді. Қаламгердің 2018 жылы жарыққа шыққан «Жібек» повесі мен әңгімелері, эсселері Ханбибі Есенқарақызының қара өлеңнің ғана емес, қара сөздің де хас шеберіне айналып бара жатқанын аңғартады. Бұл кітаптың алғысөзін баршамызға қымбатты Мархабат Байғұт ағамыз жазып, қаламдас дос-қарындасқа деген ыстық лебізін, ағалық ақ ниетін білдірген болатын. «Әгәрәки, Ханбибі қарасөзге шындап ден қойып, жазу үстелінде шаншылып ұзақ отыруға шыдамы жетсе бар ғой, ә, талай-талай жазбагеріңізді жолда қалдырайын деп тұр». Теңіздің суын тамшысынан танитын сөзұстар Мархабат ағамыз ақын қарындасының прозада да алысқа сілтейтін қарым-қабілетін ерте бастан-ақ тани білді. «Жібек» повесінде кеңестік кезеңдегі дәулетті қазақтардың малын талан-таражға салып, тартып алып, кәмпескелеп, тарыдай шашыратып жіберген тарихтағы ақтаңдақ беттерді Жібек ананың өмірі арқылы суреттейді. Салтына сақ, антына адал, қайсар қазақ әйелінің қилы тағдыры шығарманың алтын арқауына айналған. Бүгінгі театр өнерінің майталмандарына айтар құлаққағысымыз – қаламгердің осы «Жібек» повесі сахналауға сұранып тұрған сырлы дүние. Жуырда ғана Шымкент қаласындағы Әл-Фараби кітапханасы, Жасөспірімдер кітапханасы, Арнайы кітапхананың ұйымдастыруымен өткен ақынның шығармашылық кешінде осы шығарманың шағын ғана үзіндісінен көрініс қойылды. Көрермендер де, автордың өзі де тебірене тамашалады. 
Ханбибі Есенқарақызының ақындық қабілеті, шығармашылық тұлғасы турасында алдыңғы лектегі қаламгер ағалардың, қатарлас, қаламдастардың, замандастардың, әдебиеттанушы ғалымдардың, өлеңін оқыған оқырмандардың ыстық лебіздері, пікірлері өте көп. Нар тұлғалы Нармахан Бегалиев ағамыздың демеушілігімен 2003 жылы жарыққа шыққан, 224 беттен тұратын «Хан қызындай Ханбибі» кітабында осындай пікірлер, зерттеу мақалалар арнайы кітап болып топтастырылған. Бұл – келешекте Ханапамыздың шығармашылық мұрасын зерттегісі келетін ізденушілерге жол сілтейтін, бағдаршам бола алатын құнды еңбек. 
Ақынның қайраткерлік тұлғасын жарқырата көрсеткен қисапсыз еңбегі – жазықсыз асылып, атылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолындағы жанкешті тірліктері. Он бес жылдан астам уақыт Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін» басқарған тұста Ташкент, Мәскеу, Алматы қалаларындағы архивтерді ақтарады. Сайда саны, құмда ізі жоғалып бара жатқан жазықсыз жапа шеккен жандардың ұрпақтарын іздеп, халқымен қайта қауышуларына сүбелі үлес қосады. Басқа еңбектерін айтпағанның өзінде, «Шолпан» журналының барлық нөмірлерін түгендеп, 25 томдық «Ақ жолды» жарыққа шығару – бүтін бір зерттеу институтының көтеретін жүгі, атқаратын жұмысы деп айтуымызға әбден болады. Дәл осы музейді басқарған тұста музей директорына осындай дүниелерді жарыққа шығар деп ешкімнің тапсырма бермегендігі анық. Бұл еңбек – ұлтын шексіз сүйген жанкешті жанның ғана қолынан келетін ерлік іс. «Алаш арыстары» деген сөздің мағынасына бойлай білмейтін кейбір замандастарымыз олардың қандай қызмет жасағанын, сол дәуірде қандай мәселелерді қозғағанын, не себептен бастарын бәйгеге тіккендіктерін осы еңбектерден біле алады. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі осы қайсар мінезді Ханбибі Есенқарақызына да қатысты айтылған сөз деп түсінеміз.
Ең алғаш өлең өлкесіне имене қадам басқан қиялшыл қыздың жыр дәптеріне өз қолтаңбасын қалдырған Төлеген Айбергенов жүрекжарды тілегін өлеңмен жеткізген екен. 
Ұшуға қанат қомдаған,
Аққудай көкке самғаған.
Құралай көзді ақын қыз,
Ақұштап ізін жалғаған.

Сен шықпақ биік жоғары,
Сен шыққан биік жоқ әлі.
Қайралмай жатқан жас талант,
Қиып түссем деп соғады.

Ашылған гүлді таптаса,
Тұтанған отты жақпаса.
Болғанмен шыңдар не пайда,
Сылдырап бұлақ ақпаса. 
Жасындай жарқ еткен Айбергенов балаң ақынның болашақтағы шығар шыңының, алар асуының асқақ боларын оқушы кездегі балғын жырларынан-ақ байқаған екен-ау деп топшылаймыз. Шынында да, халық арасында хан қызындай Ханбибі атанған Ханбибі Есенқарақызы өлең айдынында аққудай көкке самғады, жасындай жарқырады, ақиқатқа келгенде қылыштай қиып түсті. Сылдырап аққан жыр бұлағы толқыны қатты теңізге, арнасы тасыған өзенге айналды. Саналы ғұмырын ұлттың рухани байлығын түгендеуге бағыштаған Ханбибі Есенқарақызы апамызды 75 жылдық мерейлі жасымен құттықтап, ең бірінші мықты денсаулық тілейміз. Жұртым деп соққан жүрегіңіз жүзге дейін жүрісінен жаңылмасын, қадірлі Ханапа, аяулы Әнапа! 

Анар Жаппарқұлова,
Әл-Фараби атындағы 
Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана 
басшысы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты.

1 пікір

  • Ақбөпе Сағынтайқызы
    Ақбөпе Сағынтайқызы

    Керемет мақала! Ханапамыз аман болсын! Алла мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін! Халыққа берері таусылмасын!

Пікір қалдырыңыз