«Біз сенің өміріңнің жалғасымыз...»

Менің әкем – белгілі қаламгер Төрекелді Байтасов нені болса да ой елегінен әбден өткізіп, ақылға салып, жүрекке жеткізе білетін. «Өтіріктің балынан, шындықтың уын» жақсы көретін-ді. Жүрісінің өзі ерекше, ешкімге ұқсамайтын. Жастайынан нағашы әжесінің қолында өсті. Бастауыш сыныпта жүріп-ақ ауыл қарияларына батырлар жырын жатқа оқып береді екен. Әсіресе, әкемнің балалық шағына куә болғандар оның «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр» жырларын мүдірместен, арқаланып, тебірене жатқа оқитынын әлі күнге айтады.

Атам Серікбай да жетім өсіпті. Кейін Алғабас аудандық тұтынушылар одағын басқарған, соғыс ардагері еді. Мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демей шындықты бетке айтып салатын. Өтірік сөйлейтіндерді жек көруші еді.

Апам Күләйша – он баланың анасы, Тасжан бидің ұрпағы. Пейілі кең, мінезі жайсаң жан. Апам «Төре жарық сөніп қалса да, кітапты көрпенің астына кіріп, фонарьмен оқитын» деп еске алатын.

1972 жылы бала кезгі арманымен қасиетті қара шаңырақ ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Әкем Қ.Түменбаев, Ұ.Есдәулетов, Н.Иманғалиұлы, Ж.Кәрменов, М.Ерімбетов, С.Жәнәбілов сынды бүгінгі қазақтың марғасқа азаматтарымен бірге оқыды. Жатақханада бірге тұрды. Студент шағында Ресейдің бірқатар қалаларын аралап, Шоқан Уәлихановты сан қырынан талдап, диплом жазды. Оқуды бітіріп, қызметке енді араласқан жылдары қатты ауырыпты. Алматыда 6 ай ауруханада жатқан. Жанында апам, кейде курстастары Қуандық, Мылтықбай ағаларым бірге болып, қасында түнейтін. Сонда бір өлім аузынан қалған екен.

Кішкентайымыздан өзін «папа» дегізбей, «көке» дегізді. Өтірік айтып, ерсі қылық жасасақ, аямайтын. Жазалап болған соң артынша «бала кезде таяқ көрген түбінде бір қуантады» деп желпіндіріп жіберетін. Көкемнің кітапханасы бай еді. Студент шағында тәтті тағамнан, әдемі киімнен гөрі кітап сатып алатындығын жиі айтатын. Демалыс күндері көкем, інім Темірбек үшеуміз кітаптардың шаңын сүртіп, реттейтінбіз. Соңынан сөредегі тізулі тұрған кітаптарға қарап, ерекше ләззат алатын. Мені «ер тағасына тартады» деп нағашы атасына ұқсаған Төлеш балам дейтін. Ал, Темірбекті «мінезі де, түрі де, жүрісі де құдды өзім» деп марқайып отыратын. Ал, кенже қарындасымыз Айқаракөзді «Ақалакөз» деп қатты еркелетті. Көкемнің кейде «екі жақсы қосылмайды деуші еді, екеуміз қалай қосылғанбыз, ә?» деп анам Үрліханға әзіл айтып отыратыны да есте.

Қырықтың бірі Қыдыр ғой. Үйден қонақ үзілмейтін. Әкем талай замандастарын бауырына тартты, жұмыс беріп, үйде жатқызатын. Өте еңбекқор, өзгенің ала жібін аттамайтын ол бізді де еңбекқорлыққа тәрбиеледі.

1993 жылы теңге ауысып, ақша құнсызданып жатқан тұс, елдің жағдайы онсыз да белгілі. Сонда әкемнің ақша салған банкі банкротқа ұшырағанда қатты қиналғандығымыз есімде. Інім үшеуміз үйден баспаханаға 7-8 аялдама жерге жаяу барып, жаяу қайтатынбыз. Жол-жөнекей мыс теретін едік. Бірде жолдан 10 теңге тауып алғанымызда көкем:

– Балмұздақ жейсіңдер ме, әлде автобуспен қайтамыз ба? – дегенде менің:

– Көке, онсыз да күнде жаяу жүрміз ғой. Балмұздақ жеп қайтайықшы үйге, – дегенім есімнен кетер емес. Сол кезде кішкентай Айқаракөздің: «көке, сүт ішемін» деп жылағанда әкемнің шыдай алмай жанарына жас үйірілгені есімде қалып қойыпты. «Ер жігіттің басынан бәрі өтеді» дейтін өзін жұбатқандай болып. «Адамды түсіне қарап емес, жасаған ісіне қарап таны» демекші, әкем Төрекелді Байтасовтың қазақ баспасөзіне бір бет болып түптеліп, бір қыш болып қаланғанына кәміл сенемін.

Халық дағдарып, қиналған кезең еді. Сол тұста Орта Азия көлемінде тұңғыш ашылған тәуелсіз тарихи-танымдық «Жібек жолы» журналы заманның қыспағына қарамастан көрші Қытай, Моңғолия елдеріне дейін тарап жатты. Журнал мұқабасында сол тұста өзгенің батылы бара бермейтін қазақтың би-батырлары мен зиялыларының суреттері берілді. Журнал тізгінін өзі ұстады да редакция алқасына М.Байғұт,
Ш.Орынбай, С.Нарымбетов, С.Сахабат, Б.Қалаубай, А.Смағұлова сынды қаламы қарымды, ойы ұшқыр қаламгерлер мүше болды. Олар қаржы тапшылығына байланысты кейде айлық жалақысыз да жұмыс істеді. Әкем журналды жаяу тасып жүріп өзі-ақ тарататын. 1991 жыл болса керек, Абылай ханның 300 жылдық тойында арнайы нөмір шығарып, бума-бума журналды қолының қиылып кеткенінше өзі тасып апарып, торқалы тойда сөз сөйлегенін айтатын. Кітапханада бір қоржын асық болатын, сондай үлкен тойлардан келген, жұғысты болады дейтін. «Жаяулық пен жалғыздық» деген атпен өзі жайында кітап шығарғаны да бар.

«Адам өз көлеңкесінен тәлім  алуы керек,

Күн көтерілген сайын кішірейе түседі» дейтін. Міне, менің әкем осындай болатын. Журнал ұжымы қаржы дағдарысымен барынша күресті, кейін ақыры тоқтап қалды. Әйткенмен «Жібек жолы» журналы талай қаламгерге мектеп болды. Журнал көзіқарақты оқырманның да, көкірегі ояу зиялының да жадында мәңгі қалары хақ!

Кейін «Нартәуекел» газетін жарыққа шығарды. Оңтүстік өңірінің алғашқы қарлығашы ретінде «Жібек жолы» баспасын құрды. Қазақ, орыс, өзбек тілдерінде 500-ден аса кітап басып шығарды. Ә.Ысқақ, М.Байғұт, И.Тасқұлов, Ә.Аймақ, Ш.Орынбай, С.Сахабат, тағы да басқа азаматтардың кітаптарын шығарып берді. Тіпті, кейбір кітаптарды тегін де шығарып жатты. «Әйтеуір, жақсылығым бір қайтар» дейтін. Өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қойды. Өзімдікі емес, өзгенікі болса деп тілейтін. Талай бұлақтың көзін ашып, кітабын тегін шығарып беріп, адамның разылығын, сауабын алғанды жақсы көрді. Атақ-даңқ, мансап қумады. «Өкіметтің атақ-лауазымын алмай-ақ атақты бола алсаң – нағыз атақ сол» деп жазды «Ұйқы ашқан ойларында». Намыс, ұятты әрқашан жоғары қойды. «Жігіттің құны жүз жылқы, ар-намысы мың жылқы» дегенді жиі айтатын. Қайда барса да кішкентайымыздан Темірбек екеумізді өзімен бірге алып жүрді. Отырыс, редакция, баспаханаға да. Көрсін, білсін дегені шығар...

1998 жылдан бастап бауыры ауырды. Жұмыс деп өзіне қарамайтын, күтінбеді. Баспаның жұмысы, одан ағайын-туыстың шаруасы, сөйтіп жүріп дертін асқындырып алды. Шамалы жазылып қалса, жұмыс бабымен кетіп қалатын. Баспадан діни кітаптарды шығарды: «Намаз үйренейік», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі және өсиеттері», «Иман –исламның негізі», «Жүз бір дауа», «Нұрнама», «Дертке дауа дұғалар», «Имандылық сабақтары» т.б. Темірбек екеумізді медресеге оқуға берді, «Намаз үйреніңдер, кейін маған үйретерсіңдер» дейтін. Құран үйреткізді. Дастарқан басында атама бағыштап Құран оқитынмын. Сол кезде өзіңе бағыштап Құран оқитынымды қайдан білейін, әкетай...  Барлығын білдің-ау, көкетайым. «Баспаханам бәріңді асырайды» деп жиі айтушы ең!

2004 жыл болатын. Көкем анамды ертіп, Алматыға емделуге кетті. Сызганов атындағы ауруханада жатты. Курстас жолдасы Мылтықбай Ерімбетов ағамен бір ауруханада жатыпты. Бір нәрсені сезді ме екен:

– Мылташ, балаларым жас қалып барады, – депті. Бір айдай емделді. Бәріміз:

– Жазылып келеді, – дедік. Сағындық. Күттік.

Ал, үйде апам, інім, қарындасым төртеуміз қалған едік. Біз мектепте сабақта болдық. Апам үйге бас-көз болып, тамақ дайындап отыратын. Ол кезде 8-сыныпта оқимын. Физика сабағы-тұғын. Кенет кабинет есігі ашылып, апайды біреу шақырып алды. Қайта кірді де маған қарап, «Төребек, әкең ауырып жатыр екен, үйіңе қайта бер» деді. Мен көкем кеп қалған екен ғой деп тез жиналдым да шығып кеттім. Подъезге кіре берісте, 2-сыныпта оқып жүрген қарындасым Айқаракөз алдымнан шығып, «Төлеш, көке енді жоқ» деп жылап жіберді. Апам төртеуміз бір-бірімізді құшақтап жылаумен болдық. Таң ата жылаған зарлы дауыстардан оянып кеттім. Атып тұрып, залға ұмтылдым, бір топ адам үйге кіріп келе жатыр екен, арасынан әкемді іздедім. «Көке» деп айқайлап қоямын қарлыққан даусыммен. Төрде апамның қасында анам егіліп жылап отыр. Мені көріп одан сайын зар илеп, «балапаным-ау, көкемізден айырылып қалдық қой» деп құшағына ала жылады. Мен де шыдай алмай, ызалана жылап жібердім. Кенет сыртқы есіктен оранған кілемді  бөлек бөлмеге алып кірді...

Күндер, айлар өтіп жатты. Үй іші тым-тырыс, болса да көңіл-күй жоқ. Жаңа жылды да, басқа мейрамдарды да, туған күндерді де көкемсіз қарсы алдық. Орны әрқашан білініп тұрды. Қатты іздедім. Киген киімдерін, ұстаған қара сөмкесін иіскеп, сағынышымды басқандай боламын. Естеліктерін оқып, дәптерді көзімнің жасымен былғаймын, сиясын көшіртіп. Кейде үй ішінде мені «Төлеш» деп шақырған даусын естігендей болып, селк ете қаламын. Сыныпта отырғанымда «әке» деген сөзді естігенде денем дір етіп, құлағым елең ете қалады. Әдетте, таңертең сабаққа көкем оятатын.

Апам «балам-ау, жүнжіп кетерсің, өзіңді мықты ұста, өзіңе берік бол» деп жұбатады. Бар шерімді де, мұң-қайғымды апама ақтарамын. Апам көңіліме шуақ құйып, жігерлендіріп отыратын.

Әкем «кітабым шықса» деуші еді. «Жібек жолы» журналынан бірге келе жатқан Шойбек Орынбай ағаның демеуімен «Ұйқы ашқан ойлар» деген атпен нақыл сөздері, өмірден түйгендері жеке кітап болып басылып шықты. Кейін 2005 жылы 50 жасқа толуына байланысты, студент кезінде жазған «Ақылес, оның апасы және басқалар» атты әңгіме-новеллалары «Көктөбе сағымдары» деген атпен кітап болып жарық көрді. Оны «Кітап» баспасынан Асылбек, Тағай сынды асыл азаматтар шығарып берді. Елу жылдығында Қуандық Түменбай аға баяндама жасады. Замандастары, ұрандастары естелік айтты, өлеңдерін оқыды, арнау айтып жатты. Қонаев қорының ұйымдастыруымен Төрекелді Байтасов атындағы дипломдар тапсырылды. Бірге жүрген, шарапаты тиген, көмегін алған, көзін көрген азаматтар баспасөз беттерінде естеліктер жазып жатыр. Әкем небәрі 46 жасында кетті.

Өзімді әке әруағы әрқашан қолдап жүретінін сеземін. Оқуға түсер сынақты Темірбек екеуміз тура көкемнің туған күні – 12 маусымда  тапсырып, екеуміз де жоғары балл алдық. Мен әке жолын қуып, журналистика мамандығына түстім.
Әкем «Хас тұлпардың алдыңғы басқан аяғынан, артқы басқан аяғы асып түседі» деуші еді. Солай үміт қылатын.

Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін, дейді ғой дана қазақ. Бастысы, әкемнің тілеулестері, ұрандастары аман болсын. «Біреулер дүркіреп өтеді, ал, біреулер дірілдеп өтеді» деуші еді, ал, менің әкем дүрілдеп өтті ғой. Сіз бізбен мәңгі жасайсыз, көке!

 

Төребек БАЙТАСОВ,   

журналист.

1 пікір

  • polkmn
    polkmn

    Несиені қалай алуға болатындығы туралы мәлімдемені оқыңыз. Сізге, Карен Линч, жалған несие берушіге бірнеше рет алданғаннан кейін бизнесіңізде несие алуға көмектескеніңіз үшін рахмет. Менің атым Алексдре Асылым. Мен бір күні досым мені сенімді несие компаниясымен таныстырды. Ол алдымен компаниядан несие алды, мен оған күмәндандым, бірақ мен көп ойланғаннан кейін мен тырыстым және көрдім, мен 75 000 еуро несиемді 24 сағат ішінде және өтініш бергеннен кейін алдым және мен сізге жақсы қызмет көрсету үшін келдім. сенімді несие компаниясы маған берді. Егер сіз жылдам және сенімді несиелік компанияны іздесеңіз, қосымша ақпарат алу үшін сенімді несие компаниясына хабарласыңыз: trustedloanfirm0@gmail.com. Рақмет сізге.

Пікір қалдырыңыз