МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ – ҒЫЛЫМДАҒЫ ҒАЛЫМДЫҚ ТҰЛҒАСЫ
Биыл көрнекті ғалым, тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидің туғанына – 525 жыл.
Дулат Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар (1499-1551) - әйгілі тарихшы, әдебиетші,
Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін
«Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы. Жетісу жеріндегі
ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні – Дулат Мұхаммед
Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» - өз аты, «Мұхаммед
Хұсайын» - әкесінің аты, «мырза» - текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін
атау, «дулат» - шыққан тайпасының аты.
Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкентте дүниеге келіп, 1551 жылы Кашмир
өлкесінің билеушісі болып тұрғанда оқыс оқиғадан түскен жарақаттан мезгілсіз
қайтыс болған. Аз ғұмырында ересен іс атқарып, шексіз құрметке ие болды, мемлекет
билеген хандардың орда биі, мемлекеттік кеңесшісі және әскербасы қызметін
атқарды. Мемлекет билеушілері оған шексіз билік беріп, оны «ұлы сұлтандар
ұрпағы», «төре» деген лауазымдармен атаған. Ол Орталық және Оңтүстік Азия
елдерінің барлығында дерлік болып, олар туралы айрықша құнды мәліметтер жазып
қалдырған.
Отбасында төрт қыздан кейін әкесі Мұхаммед Хұсайын мен шешесі Хұб Нигәр ханым Аллаға жалбарынып
жүріп көрген ұлы аурушаң болады. Ол үш жасқа келмей жатып шешесі Хұб Нигер
ханым Ташкентте қайтыс болды. Осыдан кейін ол ұдайы әкесінің қасында болып,
әкесіне бауыр басып өседі.
Тоғыз жасқа
толар-толмаста, 1508 жылы әкесінен де айырылып, панасыз жетім қалғанда басына
өлім қаупі төніп, өмірдің бұралаң соқпақтарымен өкшелеп қуған жауларынан қашып
құтылады.
Бұхарадан жанашыр адамдарының көмегімен қашып шығып, 1509 жылы маусым
айында Бадахшандағы Мырза ханға, ал одан кейін қараша айында Қабулдағы Бабыр
падишахқа өзінің туған бөлесіне келіп, оның қамқорлығында болады. Бабыр падишах
оның зеректігін байқап, білім мен өнерге баули бастайды, орда қызметіне де
араластырады, әскери жорықтарға да қатыстырады. Осылайша 1512 жылға дейін
Бабырдың қамқорлығы мен қарамағында болады. Құндызға, Хисарға және Самарқанға
жасалған әскери жорықтарға қатысып, алғашқы ерліктерімен көзге түседі. Самарқан
жорығынан кейін оны Андижанға келген Моғолстан билеушісі нағашы ағасы әрі туған
жездесі Саид хан арнайы адамдар жіберіп Бабыр падишахтан өзіне жіберуін
өтінеді.
Мырза Хайдардың үлкен әпкесі Хабиба Сұлтан Ханіш Убайдалла ханға тұрмысқа
шыққан болатын. Бірақ Убайдалла хан соғыс жорықтары кезінде Бұхарадан
Түркістанға кеткенде оның үйі Бабыр падишах басып алған Бұхарада қалады.
1511 жылдың қысында мемлекеттік істермен Андижаннан Самарқанға келген
Хайдардың көкесі Саид Мұхаммед мырза Хабиба Сұлтан Ханішті үлкен әпкесін өзімен
бірге алып кетіп, оны Андижанда Саид ханға әйелдікке береді. Сонымен, Саид
ханның сұрауымен Хайдар 1512 жылы қыркүйек айында Андижанға келеді. Осы
уақыттан бастап 1533 жылдың маусым айына дейін, яғни Саид ханның өмірінің
соңына дейін, ханның ажырамас серігіне айналады. Хан оны 15 жасында өзінің
қарындасына үйлендіріп, күйеу баласы етеді.
Мұхаммед Хайдардың 24 жасқа дейінгі өмірі оқу, білім үйренуге кетеді.
Таланты мен дарыны ерекше жаралған ол өнердің, білім мен мемлекет ісінің барлық
қыр сырын толық меңгеріп, 25 жасқа қараған шағында мемлекеттік маңызы бар
тапсырмаларды жеке орындау құрметі мен сеніміне ие болады.
30-ға толғанда
мемлекеттің әскерін басқарып, жауапты жорықтарды сәтті атқарып шығады. Осы кезден
бастап хан кеңесінде сөз сөйлеп, ойын айтып, оның ұсыныстарын хан да, кеңес те
қабылдайтын болады. Ханның кеңесшісі болып, оның оң қолына айналады.
Осыдан кейін хан Хайдар Дулатиға әскер мен мемлекеттің барлық ісін сеніп
тапсырып, қолына шесіз билік береді. Мемлекетте ханнан кейінгі екінші адам
санатына көтеріледі, шебер дипломат ретінде танылады.
Саид хан
дінсіздерді исламға кіргізіп, Алланың сауабын алу үшін Тибетке 1528 жылдан әскери жорықтарын бастайды. Бұл
жорықтарды бастау құрметін де хан Мырза Хайдарға тапсырады.
1532 жылы тамызда Тибетке ғазауат соғысына Саид ханның өзі бас болып
аттанады. Бірақ бұл соғысты аяқтап шығуға ханның денсаулығы көтермей, жорықты
жалғастыруды Мұхаммед Хайдарға міндеттейді. Дулати бұл жорықта тек әскербасы,
дінге шын берілген исламды таратушы ғана емес, талантты жаратылыстанушы ғалым
ретінде де танылады.
Ол тибет тауларының солтүстік шетіндегі Қашғар мен Памирден бастап,
оңтүстігі үнділік Бенгалия мен шығысы Қытайға дейінгі аймақтарды аралап шығып,
жаһантану тұрғысынан сипаттап, көптеген табиғи құбылыстарды ашып, ғылыми
тұрғыдан суреттеп жазып қалдырады.
Саид хан қайтыс болып, мемлекет басқару ісін мұралаған Рашид сұлтан азғындардың сөзіне еріп, Мырза Хайдар
мен оның жақындарына жаппай қиянат жасап, қуғынға ұшыратады. Осы себепті Мырза
Хайдар 1533 жылы қыста Бадахшанға асып, одан ары Үндіге-Бабыр падишахтың екінші
ұлы Қамран мырзаның Лахордағы ордасына келеді. Қарман мырза оны жақсы қабылдап,
орда биі және мемлекет кеңесшісі етеді. Өзі біржылдан аса соғыс жорығымен
Қандаған мен Иракқа кеткенде мемлекет басқаруды толығымен Мырза Хайдарға
қалдырып кетеді. Бабыр падишахтың мұрагері, оның үлкен ұлы Хұмайын падишахта
Мырза Хайдарды өзінің қасынан шығармай әскербасы және мемлекеттік кеңесшісі
етеді. Хұмайын падишахтың қолдауымен ол 1540 жылы қарашада Кашмирді алып, 1541
жылдан өмірінің соңына-1551 жылға дейін осы өлкенің толық және тәуелсіз
билеушісі болады.
Мұхаммед
Хайдар Дулати қазіргі Қырғызстан мен Өзбекстанды толығымен дерлік аралап өткен,
Ыстықкөл мен Шудың атырабындағы мекендерде болып, Қазақстанның оңтүстігіне де
келген. Алмалық, Мұнар, Баласағұн, Қаралақ қалалары туралы мәліметтерді тарихи
деректермен қатар өзі көрген деректермен дәлелдейді. Тараз қаласы туралы айта
келіп, осы: «Янги деп аталған жерде бірнеше қаланың орны сақталған, бірақ ескі
қалалардың қайсысының Янги деп және басқаларының қалай аталған белгісіз» деген
көне Тараз қаласы туралы да құнды мәліметтер жазып қалдырған. Ғұламаның бұл
дастаны да әлемді шарлап кеткен, оның бір ңұсқасы біздің бақытымызға қарай
Берлинде сақталыпты.
Дулати
телехикаясы
Телехикаяда Дулатидің кітап жазу
барысындағы елеулі оқиғалар сюжеттік желіде көрініс тауып отырады. XVI
ғасырдағы ұлы даланың тыныс-тіршілігі, Дулат тайпасының сол замандағы сан сырға
толы түрлі тағдырлары мен Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі суреттеледі. Қазақ
хандығының құрылған жылын дөп басып жазған әйгілі тарихшының Бабыр Сұлтанмен
бірге жүріп, ұлы далаға ат басын бұрғаны, Бабыр Сұлтанның Қасым ханның ордасына
келген сәттері де айрықша суреттеліп отырады.
Дулати кесенесі
Үндістанның Жамму мен Кашмир
штаттарындағы Сринигаре қаласында Мұхамед Хайдар Дулати жерленген кесене
жаңартылды.
Әйгілі
«Тарих-и-Рашиди» еңбегінің авторы ұлы моғолдар империясының сұлтандары жатқан
«Мазар-и-Салатин» қорымына жерленген. Кесенеде урду және ағылшын тілінде
жазылған тақтатас бар. Бұл ақпараттық тақташа 2015 жылдың қыркүйек айында
Қазақстанның Үндістандағы елшісі Болат Сәрсенбаевтың сапары кезінде орнатылған
болатын. Кесененің он алтыншы ғасырдағы
қалпына қайта келтірді деп айтуға болады. Бұл жерде Мұхаммед Хайдар Дулати және
оның туыстары жатыр.
Дулатиды ұлықтау
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати – Орталық
Азия халқының ғылымы мен мәдениеті һәм әдебиетіне зор үлес қосқан үлкен
майталман, халқымыздың тұңғыш тарихшысы, өз заманының озық ойлы, әмбебап дарын
иесі. Ғалымның 500 жылдық мүшел тойы ЮНЕСКО құзырына ілігіп, 1999 жылы оны
Қазақстан, Өзбекстан және әлемнің басқа да бірқатар елдері атап өтті.
1998 жылы
Мұхаммед Хайдар Дулатидың құрметіне ескерткіш, Тараз қаласында, Сүлейменов
көшесінде орнатылған.
1997 жылы Жамбыл университетіне Мұхаммед
Хайдар Дулатидің есімі берілді. 1998 жылы – Жамбыл университеті, Жамбыл жеңіл
және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты және Жамбыл гидромелиоративтік -
құрылыс институты бірігуі негізінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті құрылды.
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығы
1999 жылы Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап
өтілуіне орай, универсиетте 1999 жылғы 18 қаңтарда шыққан «О создании центра по
изучению творчества М.Х.Дулати» атты №10 бұйрығына байланысты құрылды.
«Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі
тарихын зерттеу орталығының» алғашқы құрылтайшысы – Тараз мемлекеттік
педагогикалық институты. 2023
жылы екі орталық бірігіп «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы
болып аталды. Орталықтың негізгі мақсаты
– ғұлама ғалым, көрнекті қоғам қайраткері және тарихшы, ақын, әрі дипломат
Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларын жан-жақты зерттеу, насихаттау болып табылады.
Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив
құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар
жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Ғылыми орталықтың бастамасымен 1999
жылдан бері ғылыми-зерттеу жинақтары және дәстүрлі «Дулати оқулары» конференция
материалдары тұрақты шығып келеді.
Дулати еңбектері
М.Х.Дулати - философиясының
халқымыздың өркениетіне қосқан үлесі зор. Тарихшының еңбектерінде қазақ
хандарының болмысы, ел басқаратын басшылардың ақыл-парасаты және даналығы жайлы
көзқарастар айтылып, адамзатқа тән ізгі қасиеттер насихатталады. XV-XVIII
ғасырлар аралығындағы Орта Азия халықтарының тарихына шолу жасап, сол дәуір
қоғамының тыныс-тіршілігіне, өмір сүру салтына және қоғам қайраткерлерінің
іс-әрекеттеріне адамгершілік тұрғысынан баға беріп, өзінің философиялық
тұжырымдарын жасады.
«Тарих-и Рашиди» - Орталық Азияның XVI ғасырдағы ересен тарихи
есткерткіші ретінде жарық көрген кезден бері ғалымдардың назарына ілігіп,
қауымда ерекше орын алған шығарма.
Жан-жақты
деректерге бай, шын мәнінде энциклопедиялық шығарманы Өзбекстан Республикасы
ғалымдары көп еңбектеніп, 1996 жылы Ташкентте толығымен орыс тіліне аударып,
кітап етіп шығарады.
Бұл кітаптың жалпы көлемі 728 бет, ол
екі кітаптан құралған. Бірінші дәптер-70 тараудан, ал екіншісі 177 тараудан
тұрады. Осы кітапты шығарған ғалымдар әр жылдары, әр жерде, әр тілдерде жарық
көрген «Тарихи Рашиди» шығармасының бес нұсқасын пайдаланған.
«Тарих-и Рашиди» шығармасында оның авторы Мұхаммед
Хайдар Дулати өзінің басынан өткізген, тікелей өзі араласқан, көзімен көрген
және сенімге ие болған беделді тарихи кітаптарда баяндалған оқиғаларды жазған.
Шығарма
Орталық Азия, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Иран, Үнді және Тибет аймақтарында
XIV-XVI ғасырларда болған тарихи оқиғаларды, осы аймақтардағы мемлекеттердің
саяси және географиялық жағдайларын, билеушілері мен халқын толық сипаттайтын
бірден-бір түпнұсқа саналатындығымен аса құнды. Осы түпнұсқа дерек көзінен
қазіргі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа көрші мемлекет халықтарының
өткенінен мағлұмат аламыз.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди»
шығармасын бірнеше жыл бойы Кашмирде жазған. Шығарма екі бөліктен - «дәптерден»
тұрады. Біріншісі, мұнда жүйелі түрде Моғолстан мен Қашғарияны билеген хандар –
Шағатай ұрпақтарының тұғлық Темір заманынан бастап ол таққа 1347-1348 жылы
отырған Әбдірашид ханға дейінгі тарихы баяндалған. «Тарих-и Рашиди» де –
авторлардың өздері қатысқан оқиғалар негізінде жазылған, бір тарихи кезеңді
қамтиды және бір оқиғалар мен тарихи тұлғаларды баяндайды, сонымен қатар бірін
- бірі толықтыра түседі. Мұхаммед Хайдар Дулати бірінші «дәптердің»
кіріспесінде өзінің бұл шығармасына неге «Тарих-и Рашиди» деп ат бергенінің үш
себебін келтіреді: біріншісі – Тұғлық темірге исламды қабылдатқан шейх
Аршададдиннің құрметіне; екіншісі – Тұғлық Темірдің өзінің халқын ақ жолмен
бастап жүруі құрметіне; үшіншісі – моғол ханы Әбдірашидке байланысты дейді.
Сонымен, Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и
Рашиди» шығармасында негізінен XIV-XVI аралындағындағы Шағатай ұлысының шығыс
бөлігін немесе Моғолстанды, ол сол кезде Сырдария, Сарысу, Балқаш, Ертіс және
орталық Тянь-Шань тауларының онтүстік беткейлері аралығындағы аумақты яғни
қазіргі Кырғызстан мен оңтүстік – шығыс Қазақстан территорияларын қамтыған
өлкені сипаттай келе оны мекендеген
халықтардың саяси өмірі және шаруашылығы туралы өте мол мағлұматтар
береді, осы аймақты мекендеген қазақтар, өзбектер, кырғыздар, қалмақтар және
басқалар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі халықтардың тарихын баяндайды.
Тибет пен Үндіге әскери экспедицияларды
басқарып барған Мұхаммед Хайдар Дулати бізге өте құнды тарихи, этнографиялық,
географиялық және басқа мағлұматтар қалдырған. «Тарихи Рашиди» осы
айтылғандардан басқа сол кезең мәдениетінің тарихы бойынша да мол материалды
қамтиды. М.Х.Дулати «Тарихи Рашиди» шығармасына арқау болған өмір
құбылыстарының тобын үшке бөліп жүйелейді
: а)автордың
ел аузынан естіген әңгімелер;
ә) автордың өз
көзімен көрген оқиғалар тобы;
б)ел аузынан
естіген, бірақ ақылға сыймайтын, жазуға қол бармайтын оқиғалар тобы. Автор
бірінші топтағы оқиғаларды қысқаша баяндайды, екінші топтағы оқиғалар жүйесін
кеңінен таратып жүйелейді, ал үшінші топтағы оқиғалар тобын мүлде пайдаланбай
назардан тыс қалдырады.
«Тарихи Рашиди» авторының шығармашылық
жетістіктерінің бірі тарихи тұлғалардың бейнесін шынайы әрі көркем сомдап,
олардың сыры мен сымбатын, мінезі мен мүсінін терең көркемдік таныммен суреттей
білуінде.
Моғолстан ханы
Сұлтан Саид хан мен қазақ ханы Қасым ханның арасындағы қатынас жайын
суреттегенде, автор осындай терең көркемдік танымымен дараланады. Екі ханның
рухани әлемін, дүниетанымының басты сипаттары мен психологиялық келбетін
бейнелеудегі шығармашылық мәнер мен машықтан осындай суреткерлік биік нысана
көзге түседі. Әсіресе, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті өлшемдері мен
үлгілерін адами жан шындығын, сезім сырларын, дүниетанымын ашудың басты желісі
ретінде пайдаланудағы көркемдік келісімнің қызметі айрықша маңызды.
Сондықтан
«Тарихи Рашиди» орта ғасыр тарихы бойынша баға жетпес тарихи дерек көзі әрі
тарихи - танымдық маңызы зор әдеби көркем шығарма болып табылады. Мұның өзі
«Тарихи Рашидидің» әдеби шығарма ретіндегі жанрлық табиғатынан туып жатқан
ерекшеліктер қатарына жатады.
Жаһаннаме еңбегі
Жаһаннаме – ортағасырлық ғұлама,
мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің философиялық дастаны. Шығарма
1533 жылы түркі тілінде жазылған. Көлемі 130 бет. Шығармада Саид хан қайтыс
болып, Моғолстандағы билік басына келген оның үлкен ұлы Абд әр-Рашид хан
тұсындағы оқиғалар қамтылған. Абд әр-Рашид хан билік еткен кезде бүкіл
әулетімен қуғынға ұшыраған Мұхаммед Хайдар Дулати Тибет жорығынан кейін
Бабырдың Лахордағы ұлы Камран мырзаның қолына кетеді.
Кейін Бадахшанға келіп тоқтаған ойшыл
философиялық толғаулар жетегіне түсіп, осы дастанына өмірдің мән-мағынасын
сиғызған. Дастанның бір нұсқасы Берлин кітапханасында сақталған. Берлин нұсқасы
әр қайсысы 4 жолдан құрылған 1328 бәйіттен тұрады. Оны алғаш Ахмет Зәки Уәлиди
Тоған Берлин кітапханасынан кездейсоқ ұшыратып, бұл туралы 1937 жылы неміс
тілінде мақала жазған. Шығыстанушы ғалым Ә. Дербісалиев Берлин кітапханасынан
Жаһаннаменің осы қолжазбасының көшірмесін түркі (шағатай) тілінен қазақ тіліне
аударған.
«Жаһаннаменің» негізгі тақырыбы адал да
таза махаббат. Онда сүйген жарға,махаббатына деген адалдық ту болып желбірейді.
Сол себепті поэманы махаббатқа арналған ән ұраны деседе болады. Онда сондай-ақ
өмірдің өткіншілігі, тағдырдың бейопалығы мен әділетсіздігі де мен мұндалайды.
Ақындық мәдениеті жоғары Мырза Мұхаммед
Хайдар дастанда нені сөз етседе, нендей жайтты суреттесе де оған азаматтық
көзбен қарап, шындық тұрғысынан келуге тырысады.
Поэма оқиғасы шымыр, динамикалы түрде
дамып отырады. Сюжеті өте тартымды.
Дулатитану әлемі
«Фараб» кітапханасы қорындағы Мұхаммед
Хайдар Дулати кітаптарының қысқаша аннотациясы
1. «Мұхаммед Хайдар Дулати» өмірі мен
шығармашылығы - Калиекова Манзураның кітабы - зерттеу ортағасырлық көрнекті
мемлекет қайраткері, тарихшы, әдебиетші, ғалым, ақын Мырза Мұхаммед Хайдар
Дулатидің өмірі мен шығармашылығы, әсіресе «Тарих-и Рашиди» іспетті классикалық
өшпес, құнды еңбегін зерделеуге арналған.
Мұнда ортаазиялық ортағасырлық және
қазіргі заманғы Үндістан мен Пәкістан, Иран мен Қытай және т.б. елдер
ғалымдарының М.Х.Дулати жайлы еңбектері ғылыми айналымға еңгізілді.
М.Х.Дулатидың өмірі мен еңбектері, Қашқар,
Тибетке жасаған жорықтары, Кашмир өлкесін жаулап алу кезеңдерімен қатар және
Дулати мырзаның атақты «Тарихи - Рашиди»
еңбегіндегі психологиялық, философиялық ой туындылары жайында баяндалып, нақты
көрсетілген.
2. «Мұхаммед Хайдар Дулати»-
Ислам Жеменейдің бұл монографиясында халқымыздың XVғасырға дейінгі рухани,
әдеби-мәдени дүниетанымы Мұхаммед Хайдар Дулат арқылы зерделей зерттелген.
Еліміздің ежелгі көрнекті тарихшы – қаламгері М.Х.Дулаттың өмірі мен
шығармашылығынан толық мағлұмат берілумен қатар оның тұтастары Атай, Сакаки,
Лүтпи сынды ақын қаламгерлердің өмір жолымен еңбектері жайлы да деректер
келтіріледі. Сондай-ақ бұл жинақтың құндылығы - ерте дәуірдегі қазақ мәдениеті
мен әдебиетінің классикалық үлгісімен оқырман қауымын кеңінен таныстырады.
Кітаптың алғашқы бөлімінде «Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі мен қызметі» деген
тарауында ол Мұхаммед Хайдар Дулатидың 1499-1551 жылдары арлығында өмір сүрген,
Жетісу жерін мекендегендігі және қай тайпадан шыққандығы жайында және атына
тіркесе берілген «мырза» тіркесінің анықтамасы, яғни, текті әулеттен
шыққандығын білдіретіндігі жайында кеңінен ақпарат берген.
Зерттеуші еңбегінің алғашқы үш тарауын
Мырза Хайдар Дулат өмірі мен шығармашылығына, тақырыптың зерттелу тарихына және
орта ғасырлардағы Моғолстан халықтарының мәдени-әлеуметтік ахуалын баяндауға
арналған.
Еңбектің IV, V,
VI тараулары «Тарихи-и-Рашидидің» әдеби мұра ретіндегі жанрлық, стильдік және
көркемдік ерекшеліктеріне арналуымен бағалы. Расында да Мырза Хайдар
шығармасында орта ғасырдағы түркі-парсы халықтарының тарихи этнографиясы,
мәдениеті мен философиялық ой-танымдарымен шектеліп қалмайды, мұнда сол
дәуірдегі түркілердің рухани әлемі, поэзия, әдебиет теориясы, өлең өлшемі,
шығармашылық әдістер, ақындық орта, сопылық ағым мен оның көрнекті өкілдері
туралы жан - жақты жинақталған.
3. «Мұхамммед Хайдар Дулати» - Байұзақ
Қожабекұлы Албанидың - кітабы 1999жылғы ЮНЕСКО дүниежүзілік деңгейде 500 жылдық
мерейтойын атап өткен, қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде жасап,
қилы-қилы заманына куә болып, оның тарихын жазып қалдырған, бүгінде қазақ жұрты
тұңғыш тарихшы бабасы тұтатын, әлемге мәшһүр Мұхаммед Хайдар Дулатидің
ғұмырына, оның шығармасы «Тарих-и Рашидиге», ататек тектемесіне зерттеу
жүргізіледі. Сонымен қатар Хайдар мырзаның атамекенінің, елінің тарихы туралы
сұхбаттары, эсселері де енгізілген.
1999 жылы
Мұхаммед Хайдар Дулати туралы мақалалары үшін авторға Қазақстан журналистер
одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығы берілді.
4. «Тарих-и Рашиди» еңбегінің әдеби әлемі - Ислам
Жеменей - еңбегін көпшілікке тиімді болу үшін оны әр салаға бөліп қарастыруды
жөн көрген. Осы мақсатта шығармада сөз болған шығыс әдебиетінің поэзиясындағы
түрлі жанрдың шығу тегі, тарихи себептері, түркі әдебиетіндегі орны және қазақ
әдебиетімен байланыстарын заман және саяси себептер негізінде зерделеген. Бұл
орайда Мұхаммед Хайдардың өмірі жолы өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің ізімен
баяндалады. Сондай-ақ мадақ, мінәжат, рубай, муфрәд сынды шығыстық өлең түрлері
түркі, парсы және қазақ поэзиясындағы рөлі айқындалады. «Тарих-и Рашиди»
шығармасының көркемдік ерекшелігі де сөз болады.
И.Жеменей еңбегі арқылы XVI ғасырда
өткен ақын бабамыздың әдеби әлемімен табысып, оның толыққанды ғажайып өмірбаяны
мен ол араласқан әдеби ортаның әсеріне де қаныға түсеміз. Бұл еңбек қалың
оқырман қауым үшін жыл құсындай ұшып келіп, әдеби әлемімізге орта ғасырдың
жанға жылы тиер жаңалықтарымен таныстыруы – автордың елеулі жетістігі деп
білмек керек.
5. Әбсаттар Дербісәлиев «Мұхаммед Хайдар Дулати»
Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық - Дарабоз ірі тұлғаның өмірі мен
шығармашылығына арналған алғаш өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалыққа ол
жайлы негізінен 1829-1999 жылдар аралығындағы жазылған қазақ, қырғыз, өзбек,
ұйғыр, түрік, парсы, орыс тілдерімен қатар ағылшын, неміс, француз тілдеріндегі
де әдебиеттер кіргізілді.
Қорыта
келсек, Мұхаммед Хайдар Дулати -
мұсылман дінін берік ұстанып, философия іліміне терең ой-тұжырымдарын қалдырған
данышпан ғалым. М.Х.Дулатидің шығармаларынан заман өзгерсе де, адамгершілік, ар, ұят, мейірімділік,
шынайылық және жан тазалығы сияқты ізгі қасиеттердің өзгермейтіндігін көреміз.
Мұхаммед Дулатидің шығармашылық мұрасы - қазақ халқының өз шаңырағын құрып
жатқан уақыттағы тарихи оқиғаларды баяндап қана қоймай, ата-бабамыздың өмір
тіршілігі, болмысы мен танымы туралы сыр шертетін аса қымбат рухани құндылық.
Түркістан
облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері Д.Сазанова,
Д.Таженова